Азаттықтың алтын бесігі
Азаттықтың алтын бесігі
Алматы – еліміздің ғылым, білім, мәдени, экономикалық, қаржылық және индустриялық орталығы. Қазақстандықтар екі миллионға жуық адам тұратын мұндай орталықтың тыныс-тіршілігі мен бет-бейнесіне үнемі назар аударып жүретіні айтпаса да түсінікті.
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» тақырыбында өткен кездесуде Алматыда биыл атқарылған ауқымды жұмыстар жайын баяндаған шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев биыл әлемді дендеген індет жағымсыз салдар әкелсе де, өткен жыл қала үшін жемісті болғанын мәлімдеді. Қала әкімінің айтуынша, алдағы жылға әзірленген жоспарлы жұмыс та кең көлемді. Күн тәртібінде экономиканы тұрақтандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру, бизнес бастамаларға қолдау көрсету, баспана мен жол мәселесі сынды шұғыл шешім табуы тиіс өзекті істер көп. Қала басшысы Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндап, тілшілер сауалына да толыққанды жауап берді.
Экономикада өсім бар
Мегаполис әкімі Б.Сағынтаевтың хабарлауынша, өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салаларында экономикалық өсім сақталған. Мысалы, өнеркәсіп 4,3 пайызға, құрылыс 11,8 пайызға, пайдалануға берілетін баспана құрылыс 3,6 пайызға, байланыс қызметтері 8 пайызға өсті. Жыл қорытындысы бойынша Алматыда құны 176,2 млрд теңге болатын 90 инвестициялық жоба іске асырылған. Келесі жылы 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. «Дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау нәтижесінде қала экономикасы тұрақтандырылды. Осылайша, қала эпидемиядан кейінгі кезде тез қалпына келтіру әлеуетін сақтайды», – деп атап өтті Б.Сағынтаев. Инвесторлардың жоғары белсенділігі – Алматы инвестицияның халықаралық орталығы болып қалатынын растайды. 3 желтоқсанда онлайн форматта өткен инвестициялық форумның нәтижелері бойынша 1,5 трлн теңге сомасына 55 меморандум жасалды.Көрсеткіштер көңіл қуантады
Биыл Алматыда 77,6 мың жаңа, соның ішінде 36,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін 453 жұмыс орнын құру арқылы 17,3 млрд теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бизнесті қаржылай қолдауға 12,2 млрд теңге бөлінді. Қарыздар 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6 пайыз және 2 пайыз мөлшерлемелері бойынша 500 млн теңгеге дейінгі сомаға беріледі. Бүгінде 8,3 млрд теңгенің 84 жобасы қаржыландырылды.Тұрақтандыру қорларының қызметі бақылауда
Қала әкімі Б.Сағынтаев кездесуде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаның өсуін ұстап тұру әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Жедел шаралар пакеті дереу қабылданды. Азық-түліктік тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді Б. Сағынтаев. Сондай-ақ Тұрақтандыру қорында 8 млн дәрілік препараттан тұратын азайтылмайтын қор құрылды. Жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры жасақталған. Қалада 1 млн дана медициналық бетперделер өндірісі жолға қойылды.Алматы пандемияның жаңа толқынына дайын
Қазіргі уақытта қалада сыйымдылығы 7 011 төсек-орынға есептелген 23 ковидті стационар дайындалды. Пандемия кезінде Алматыда үш жаңа инфекциялық стационар салынды: 2 модульді клиника және РВ-90 госпиталі. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен екі клиника қайта құрылды. Өткен жылы мекемелерді медициналық жабдықтармен жарақтандыруды жаңғыртудың үш жылдық бағдарламасы қабылданды. Биыл 74 стационар мен клиника үшін 4 197 бірлік құрал-жабдық сатып алынды. Сонымен қатар осы жылда 35 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынса, 2021 жылдың басында тағы 50 көлік алынбақ. Тәулігіне жасалатын 14 мыңнан астам ПТР-зерттеулерін 22 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Қалалық стационарлар үшін тікелей қолжетімді КТ, МРТ, рентген суреттердің бірыңғай банкі де құрылған. Алматының медицина қызметкерлері «ковид жұқтырған науқастармен жұмыс істеген медицина қызметкерлері» 14 млрд. теңге үстемеақы алды.Әлеумет әлеуетін арттыру – күн тәртібінде
Оңтүстік астанадағы мектептерде оқушылардың шекті мөлшерден артық болуы – басты мәселенің бірі. Бұл түйткілді шешу үшін қала басшысы 2022 жылға дейін мектептерді жеделдетіп салу туралы арнайы бағдарлама қабылдады. 2021 жылдың соңына дейін қосымша 30 мыңнан астам оқушының білім алуына мүмкіндік жасау және орын тапшылығын 80 пайызға төмендету жоспарлануда. Балабақшалардағы орын тапшылығы да өз алдына күрмеуі қиын мәселе. Алайда бұл бағытта да кешенді шаралар қабылданып жатыр. 2022 жылға қарай балабақшалардағы кезек 70 пайызға қысқарады деп жоспарлануда. Биыл 3 мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді, мектеп жасына дейінгі 95 жеке балабақша ашылды. Бүгінгі күні қалада 823 балабақша бар. Оның 77 пайызы – жекеменшік. Ал балабақша кезегінде 3 жастан 6 жасқа дейін 21 мың бала, 1 жастан 6 жасқа дейін 45 мың бала тұр. Сонымен қатар 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен барлық мектеп стадиондарын жаңарту жоспарланып жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 12 мектеп стадионы, ал 2021 жылы алты спорттық-сауықтыру кешені салынады. Көпбалалы аналарға қолдау көрсету мақсатында өңірлік «Бақытты отбасы» орталықтарының базасында «Іскер Ана» бағдарламасы іске асырылуда. Мұнда оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік бағытта оқытады. Биыл көпбалалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алған. Сонымен қатар 406 млн теңге сомасына 203 көпбалалы ана 5 млн теңгеге дейінгі грантты иеленді. Мүгедек жандарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақсатында алғаш рет Ten Qogam әлеуметтік қолдау орталығының ашылуы да қала басшылығының әлеуметтік әлсіз топтармен белсенді жұмысының жемісі. Орталық мүгедек адамдарға және олардың отбасыларына ақпараттық, консультациялық, заңгерлік және психологиялық қолдау көрсетеді.Тұрғындар талабы толық ескерілді
Бүгінгі күні қала тұрғындарының 99 пайызы газбен қамтамасыз етілген. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандарға газ жабдықтарын алу және монтаждау жұмыстарына кеткен шығындарды 100 пайыз мөлшерінде өтеу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі. 1 қарашадағы жағдай бойынша 31 меншік иесіне 5,5 млн теңге көмек көрсетілді. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл 300 шақырымға жуық су құбырлары мен кәріз желілері тартылды. Нәтижесінде «Жаңа Алматы» ықшамаудандарының 50 мың тұрғыны сумен қамтудың орталықтандырылған жүйесіне қосылған. 2021 жылдың соңына дейін қалған Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарындағы 601 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Осылайша, Алматы қаласын 100 пайыз жарықтандыру жоспарланып отыр. Бүгінде Алматыдағы қылмыс деңгейі де едәуір төмендеген. Атап айтқанда, қылмыстар саны 47,5 пайызға азайған, ал қылмысты ашу 11,6 пайызға (29,2 пайыздан 40,8 пайызға дейін) өскен.Баспаналы болудың жаңа тетіктері іске қосылды
Баспана мәселесі – қала тұрғындарының басты проблемасы. Десек те, аталған түйіткілді мәселенің де түйіні шешілуде. 2020 жылдың соңына дейін Алматыда 2 млн 396 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі – бұл 22 626 пәтер, 2 062 жеке тұрғын үй. Оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 206 пәтер қолданысқа беріледі. «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық несиелендіру бағдарламасын жүзеге асыру да жалғасуда, осы арқылы 76,5 млрд теңге сомасына 5 605 пәтер алу мақұлданды. Биыл Алматы әкімдігі білім және ғылым, БАҚ, әлеуметтік қызмет көрсету салаларында қызмет ететін 35 жасқа дейінгі жастарға арналған «Алматы жастары» атты жеңілдетілген ипотекалық несиелендіретін жеке бағдарламасын іске қосты. Жыл соңына дейін қаланың барлығы 1 мың жас тұрғын баспаналы болады деп күтілуде. Бұл да Алматыға арман қуып келетін жастарға берілетін таптырмас мүмкіндіктің бірі болмақ. Жылды жемісті аяқтаған алматылықтардың алдында әлі де іске асатын ірі жобалар тұр. Келер жылдың еншісінде тұрған бұл жауапты жұмыста қала тұрғындарының бірлігі мен белсенділігі маңызды.Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ