Жаңалықтар

Германиядағы қазақ актрисасы: «Құлагерді» сахналағанда еуропалықтар көз жасын тыя алмады

ашық дереккөзі

Германиядағы қазақ актрисасы: «Құлагерді» сахналағанда еуропалықтар көз жасын тыя алмады

Қазір Германияның Мюнхен қаласында тұратын өнерпаз қандасымыз Гүзел Жамықанның бала кезден бергі музыкаға деген әуестігі оны өнердің өр биігіне шығуға жетелеген. Алматыдағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта, одан кейін Қазақ ұлттық консерваториясында оқыған қандасымыз шетелде білімін шыңдап, осы күні еуропалық талғампаз көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерді. Германияда қазақ мәдениетін насихаттап, төл өнеріміздің құндылығын паш етіп жүрген Гүзелге арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік. – Фортепианошы мен хор дирижері мамандығын оқуға сонша жылын сарп ет­кен сіздің әртістікке бет бұруыңызға не түрткі болды? – Не себеп дейсіз бе? Өйткені энергиям та­сып тұр, сахнада ойнағым келеді.  Оның үс­тіне, Еуропада хор дирижері маман­ды­ғы­ның айтарлықтай тарихы жоқ, ал бізді мек­тепте Ресейден келген дәстүр бойынша оқыт­ты. Сосын аталған мамандықты Еуро­па­да көп жағдайда христиан дінімен бай­ла­ныс­тырады. Бұл мамандықты игергендер кемінде шір­кеуге барып жұмыс істей алады. Ал маған бұл жат нәрсе. Оның үстіне оқып жүргенде бос уақытым көп болды. Мюнхендегі кон­сер­ваторияда оқу оңай болды, себебі ондағы бағ­дарламаны Алматыдағы мектепте мең­геріп тастағанмын. Осы ретте ерекше атап айт­қым келетіні, осында келіп, елдегі А.Жұ­ба­нов және К.Байсейітова атындағы мектеп­тер музыка жағынан мықты білім беретініне көзім жетті. Мысалы, осындағы консер­ва­торияда емтихан жылына бір рет өткізіледі, мұны мен қазақша айтқанда «ойнап жүріп» тап­сыратынмын. Ал Жұбанов мектебінде әр екі ай сайын емтихан тапсыруың қажет, со­сын оқу жылының соңында үлкен концерт өткізесің. Содан соң жаңа оқу жылы бас­тал­ғанда тағы емтихан тапсырып, жыл бойы жал­пы саны он этюд ойнайсың. Ал Гер­ма­ния­да бір жылда тек үш этюд ойнайсың, ал бұл музыкант үшін ештеңе емес. Сол себепті «екін­ші мамандықты игеруге күшім жетеді» деп актрисаның оқуын оқиын деп ойладым. Оның үстіне мектепте оқып жүргенде спек­такльге қатысқаным бар. Жалпы, Жұбанов мек­тебінде сахнада өмір сүресің ғой. Осы бағалы тәжірибе үшін, мені әрі адам, әрі ма­ман қылғаны үшін ол мектепке үнемі ал­ғысымды айтып жүремін. Қазіргі күні қорым­да жинаған білімім – он екі жыл бойы сол мектепте оқығанымның нәтижесі. Деген­мен Мюнхен консерваториясында оқу оңай болғанымен, академияда оқу қиынға соқты. Аталған академияға актриса мамандығына оқуға түскен студенттер актерлік шеберлік­тен бөлек, балет, африкалық би билеп, джаз айтып, сонымен қатар семсерлесу, жекпе-жек өнері секілді спортты меңгеріп, акробатика жаттығуларын жасауы керек екен. Ал Қазақ­станның оқу жүйесінде ондай жоқ. Мұ­ның барлығынан емтихан тапсыратынымды естіген елдегі әріптестерім таңғалып «Сендер жақта оқу неткен қиын!» дегені бар. Сөйтіп, оқуыма күніне он екі сағат уақытымды арнап жүрдім. Несін айтайын, жиырма бір жасымда балет билеуді бастадым ғой (күліп).  Бірақ бара-бара оқуым қиындай бастаған соң, екі жылдан кейін ол оқудан шығып кеттім. Екі мамандықты қатар оқимын деп әбден жүдеп, соңында денсаулығым сыр берді. Алайда қаражат жағынан қиналған соң, Мюнхеннің қасында орналасқан Гарбадж қалалық театрына жұмысқа кірдім. Мұнда бір жыл сах­нада өнер көрсеткен соң, консерва­тория­да диплом қорғау секілді жауапты жұмыс үшін аталған театрдағы жұмысымнан қол үзуге тура келді. – Жоғарыда өзіңіз айтып өткендей сегіз ай бойы сахнада ойнаған «Құлагер» пьесасына қалай шақырту алдыңыз? – Мюнхендегі бір қазақ отбасының үйін­де Болат Атабаевпен кездейсоқ кездесіп қал­дым. Өзімді таныстырған соң, сахнаға қайта орал­ғым келіп жүргенін айттым. Сосын ол кісі Кельнде Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэ­масы сахналанғалы жатқанын, режис­сермен хабарласып, бағымды сынап көру ке­рек екенін айтты. Кельнге барып, сол пье­саны қоюға жауапты мамандардың алдынан сынақ­тан өтіп, қазақ тілінде әндер мен өлең­дер айттым. Сөйтсем, «Құлагерде» ойнайтын жал­ғыз қазақ актриса мен екенмін. Менімен бірге бұл қойылымда грек, украиндық және не­міс әртістер өнер көрсетті. Жалпы, аталған пье­са арт театр концепциясы бойынша жасалған, яғни мұнда қатып қалған белгілі бір рөл жоқ, төртеуіміз рөлдерімізді ауыс­тырып отырдық. Қазақстаннан тапсырыспен камзол мен қазақ көйлегін арнайы алдырт­тым. Режиссер қойылымды неміс тілінде қой­ды, десек те арасына қазақ тіліндегі сөй­лем­дерді қостық. Қойылымға кіріктіріл­ген Ақан серінің «Балқадиша», «Маңмаңгер» әнін өзім айтып шықтым. Сахнадағы әріптестерім де менімен бірге «Маңмаңгерді» шырқады. Олар маған әннің сөзін неміс тілінде жазып беруім­ді өтініп, ақырында жаттап алды. Жал­пы, «Құлагерді» шетелдік сахнаға алып шығу ұмытылмас әсер сыйлады. Мұны сөзбен ай­тып жеткізу мүмкін емес. Тіпті, Мюнхеннен киіз үйді жабдықтауға қажетті керек-жарақ­тың барлығын тауып, кәдімгі қазақтың ауы­лын жасақтап, сахна декорациясына ерекше мән бердік. – Сегіз ай ішінде «Құлагер» пьесасы Кельн­нен бөлек Германияның қай қала­ларында қойылды? – Осы тұста сізге бір қызықты айта оты­райын. Кельнде көрерменнің ықыласына бө­ленген бұл пьесаны Германия астанасы Бер­линнің сахнасына алып шыққымыз келді. Сөйтіп, алты айдан кейін, сахна жабдық­тары­мызды тиеп алып, артынып-тартынып Берлинге келіп, репетиция жасадық. Бірақ біз үлкен қателік жібердік. – Қандай қателік? – Ұйымдастырушылар Берлиннің көше­леріне біздің пьесаның афишасын көптеп іліпті. Репетиция аяқталған соң, ұжыммен бірге театрдың қасында ілулі тұрған афиш­а­ның қасына тұрып фотоға түстік. Сосын сол түскен сурет арқылы афишада өрескел қате жіберілгенін байқап, көңіл күйіміз түсіп қал­ды. Афиша жасауға жауапты мамандар қойы­лымның өтетін уақытын қате жазып, бір ай бұрынғы уақытты көрсетіп қойыпты (күліп). Ал бізде ертеңгі күні пьесаның тұсаукесері болмақ. Сөйтіп, құлшынысымыз бәсеңдеп, «Құлагерді» көргісі келетін көрермен келмей қалатын болды деп у-шу болдық. – Қазақфильм киностудиясы әзір­леген «Менің Жансүгіровым» атты де­рек­ті фильмге осы рөліңізден кейін ша­қырту алдыңыз ғой сонда? – Иә, 2019 жылы фильм режиссері Айгүл Шер мені Мюнхеннен тауып алып, сол де­ректі фильмге атсалысуымды өтінді. Фильм де­мекші, айтуды ұмытып барамын. Жуырда «К11» атты сериалға түстім. Қазіргі таңда Мюнхенде тұратын қазақ режиссері Жәмилә Захаридің қысқа метражды фильміне түспекшімін. – Есіміңіз Гүзел болғанға бастапқыда сізді өзге ұлт өкілі болар деп ой түйдім. Сон­дай-ақ әлеуметтік желідегі парақ­шаңызда өзіңіз жариялаған афи­ша­ларда Гүзел Жан деп жазылып жүр екен. Сон­да Жан деген сіздің сахналық есі­міңіз болды ғой? – Жоқ, тегім – Жамықан. Есімімді есті­ген­де көпшілігі сіз секілді ойлайды. Анамның есімі – Көгершін. Ал әкемнің есімі – Жақып­бер­ді. Тек еуропалықтар тегімді айта алмай­ды, сол себепті қысқартып осылай жазып жүр­мін. Ал есімімнің Гүзел деп аталуының өзін­дік тарихы бар. Менің әкем – спорт ше­бері, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жан. Жиырма үш жасында жазда пионерлер ла­герінде жұмыс істеген. Сол лагерьде де­малушылардың қатарында Гүзел деген ге­нералдың қызы болған. Ал сол лагерьдің қа­сында әскери бөлім орналасқан. Бірде балалар шырт ұйқыда жатқанда әлгі әскери бө­лімде борышын өтеп жүрген солдаттар Гү­зелді кілемге орап, ұрлап әкетпекші бо­лыпты. Мұны дер кезінде байқап қалған әкем әлгі қызды ұрлап бара жатқан солдаттармен тө­белесіп, ақырында қызды босатып алып қал­ған. Содан осы есім әкемнің есінде қалып, мен өмірге келгенде сол қыздың құрметіне қою­ды жөн көріпті.

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ