Отандық қолғап киеміз бе?

Отандық қолғап киеміз бе?

Отандық қолғап киеміз бе?
ашық дереккөзі
Оңтүстік өңірде мақта егіп, одан алатын өнімнің молаюы тоқыма кластерін дамытуға серпін берді. Соның нәтижесінде өңірден шығатын отандық шұлық, қолғап, т.б. өнімдер алыс-жақын көрші мемлекеттерді де қамтамасыз етуде. Биыл «Оңтүстiк» индустриялық аймағында мақта-матадан тоқылған жұмыс қолғабын шығаратын жаңа зауыт iске қосылды. Оңтүстiк Кореяның «KAZ Hansol Intercom LTD» ЖШС-не қарасты өндiрiс ошағының тұсаукесер рәсiмiне облыстық кәсiпкерлiк, индустриялы-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев, ОҚО Кәсiпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкiров, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң бірінші проректоры Жамбыл Әйменов қатысты. Алғаш боп сөз алған М.Қарабаев: «Зауыттың құрылысына басынан қатысқанбыз. Көз алдымызда бой көтердi. Менiңше, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобалар iрi-шағын деп жiктелмейдi, ең маңызды тұсы – бұл игi бастаманың шетелдiк инвестордың қатысуымен жүзеге асуында һәм олардың Оңтүстiк Қазақстан облысының инвестициялық ахуалына сенiм артуында. Одан бөлек мұнда Оңтүстiк Кореяның менеджментi келiп отыр. Сондықтан бiз өте қуаныштымыз. Мұндай жобаларды әрқашан қолдауға әзiрмiз» деген болатын. Аталмыш серiктестiктiң бас директоры қазақ жерiне табан тiреп, кәсiпкерлiкпен айналысуға, осындай компанияның ашылуына, жұмысты бастауға қолдау көрсеткенi үшiн облыс әкiмдiгiне, М.Әуезов атындағы ОҚМУ мен «Оңтүстiк» индустриялы аймағы басқарушы компаниясының басшылығына, өңiрдегi Кәсiпкерлер палатасына алғыс айтты. Құрылысы екi жылға созылған зауытты салуға 481 миллион теңге жұмсалыпты. 0,85 гектар аумаққа орналасқан өндiрiс ошағы заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Жылына 13 миллион 356 мың жұп қолғап өндiруге қауқарлы. Мұнда 50 адам жұмыспен қамтылып отыр.