«Ұзын ата» мақта зауытының келешегі кемел

«Ұзын ата» мақта зауытының келешегі кемел

«Ұзын ата» мақта зауытының келешегі кемел
ашық дереккөзі
Оңтүстік өңір бойынша ақ алтынды егуде Шардара ауданы алда келеді. Жыл сайын тонналап мақта жинайтын шардаралықтардың қолы ұзарды. Осыдан үш жыл бұрын Ұзын ата ауылында ашылған «Ұзын ата» мақта зауытының қазығы 2011 жылы қадалғаны белгілі. Шардара ауданында Мақтаарал және басқа аудандарға қарағанда мақта талшығы өте жоғары. Бұл жердің таңдалуы да бекер емес. Бұл Шардара ауданындағы үшінші зауыт болып есептелгенмен, бірақ Қазақстандағы жаңа технологиямен салынған алғашқы зауыт – «Ұзын ата» мақта зауыты екені даусыз. Соңғы үлгідегі технология, компьютерлік бағдарламалар қолданылған зауыт автоматтық жүйеде жұмыс істейді. Яғни, мақтаның сапасын жабдықтың өзі анықтап, өзі өңдейді. Оператор тек тетікті басып отырса, болғаны. Бұл Америка мен Қытайдан шыққан технологиялар, заманауи үлгідегі қондырғылар. Адамның денсаулығына зиян келтірмейтін жақтары да қарастырылған. Өзі іске қосылып, өзі тоқтап өзі шығарған дайын өнімін өзі пакеттеп шығара береді. Оны тек басында адамдар қарап, бақылау жасап тұрады. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 700 миллионнан астам теңгені «Еуразиялық» банк арқылы 7 жылға несиеге алған зауыт жұмысын кідірместен бастап кеткен. Өндіріс соңғы үлгідегі қытай технологиясымен жабдықталып, жұмыс толығымен автоматтандырылды. Зауыттың мақта қабылдайтын 30-дан аса цехы 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал өндірістің жылына 40-45 мың тонна шитті мақтаны өңдей алатын қауқары бар. Демек, зауыттың іске қосылуы –ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан өсуіне елеулі үлес қосуда. «Ұзын ата» мақта зауыты – облыстағы индустрияландыру картасына енгізілген нысан. Осы уақытқа дейін өндірілген мақта Ресей, Қытай, Украина мемлекеттеріне жіберіліп үлгерді. Бір айта кетерлігі, «Ұзын ата» мақта зауыты индустрияландыру картасы арқылы дүниеге келді. Бұған қоса алдағы уақытта өңір бойынша құны 448 миллиард теңгені құрайтын 150 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде облыс аумағында 19 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Ал былтыр шардаралық шаруалар мақта түсімінен рекорд жасап, ерлеген еді. Науқан кезінде бұл өлкеде 32 мың тоннадан астам ақ алтын жиналған. Мақташылар орташа есеппен алқаптың әр гектарынан 27 центнер өнім алды. Тіпті, қарапайым шаруаның бірі Рахымберді Айтмырзаев 25 гектарға мақта егіп, 95 мың тоннаның өнімін жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізгені есте. Ол мақтаның келісін 100-104 теңгеден өткізіп, пайдасын көрді. 32 мың тоннадан астам ақ алтынын жинаған шардаралықтар былтыр түсім жағынан алдына жан салмады. Алайда 12 мың гектарға егілген мақтаның тең жартысы қолмен терілген. Салаға жауаптылар техникалар жеткілікті дейді, дегенмен жылдар бойы жаңартылмағандықтан, жиі сыр беретінін де жасырмайды. Өткен жылы 99 мың гектарға шит себіліп, 248 мың тонна өнім жиналды. Меже 95 пайызға еңсерілген. 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізуге ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіргенін айтады шаруалар. Ең бастысы, шардаралықтар өз өнімдерін өздерінде өңдейді. Үш жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Ұзын ата» мақта зауыты жылына 40 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге қауқарлы. Бүгінде өндіріс орны Ресей, Қытай, Украина, Бельгияға тауар жөнелтеді. Мұнда үш ауысымда 80-ге жуық жұмысшы істейді. Алайда зауыттың бас инжинері білікті мамандардың жоғын алға тартады. Кәсіпорын басшылығы әзірге бұл мәселені қарапайым жұмысшыларды күнделікті тәжірибеде үйрету арқылы шешіп отыр. Мақта жинау науқаны таяу. Биыл да Оңтүстік Қазақстан облысының мақта егетін шаруалары өнім алуда рекордтық көрсеткішке қол жеткізетіндігіне сенімді. Сондай-ақ, Шардарада жүзім бағы жайқалып тұр. Жергілікті жер емген ағайын осылайша күріш пен мақтадан бөлек көп жылдық жемістерге де көңіл бөле бастады. Соның айғағы ретінде соңғы бір жылда Тұрысбеков ауылды округінде 220 гектарға, Жаушықұм ауылында 55 гектарға, Қоссейіт ауылында 13 гектарға жүзім көшеті егілгенін айтуға болады. Жүзімнің «Қызғылт тайфи» сұрпын еккен шаруалар өнімді үш жылдан соң алатындарын айтады. Ал ауданда 209 гектар жерге егілген жүзім алқабынан өнім жиналуда. Бүгінгі күнге әр гектардан 35 центнер өнім алған диқандар қазір 731,5 тонна жүзім жинап қойды. Сонымен қатар аудан тұрғыны А.Ибадуллаев 10 гектар алқапқа алманың «Павлинка» деп аталатын сұрпын өсіруді қолға алған. Бүгінге дейін ауданда 70 гектар жерге егілген алма бауынан гектарына 25 центнер өнім түсіп, жалпы 175 тонна алма терілген. Шардаралық шаруалар 2010 жылдан бері жалпы көлемі 1097 гектар жерге егілген бау-бақшадан мол өнім жинап келеді. Бұдан түсер пайданың мол екеніне көзі жеткен диқандар бау-бақшаны дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жиналған өнімдер ауданның ішкі нарығына шығарылуда.