Жаңалықтар

Өндірісі өрістеген тоқыма кластері

ашық дереккөзі

Өндірісі өрістеген тоқыма кластері

Еліміздің оңтүстігінде суармалы егіншілік ертеден қолға алынып, соның ішінде мақта шаруашылығы өңір халқының бірден-бір күнкөріс көзі болып келеді. Ал өңірде мақта шаруашылығында еңбек ететін диқандар саны бір миллионға жуық екені ресми деректерде айтылып жүр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен осы өлкеде мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру ісінің қолға алынуы жұрттың көкейінде келер күннің кемелділігіне деген сенім отын жақты. Бұл – елдің жағдайын жақсартумен бірге, оңтүстіктің экономикасын да өрлететін, өркендететін оң бастама болатыны даусыз. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов өңірдегі тоқыма саласындағы кәсіпорындарды тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында мақта егу көлемін арттырып, жаңа сұрыптарын өсіру бойынша жұмысты мықтап қолға алу керектігіне жіті назар аударып келеді. Былтыр мақталы аудандарда 99 мың гектарға «ақ алтын» егілсе, биыл оның көлемін 11,4 пайызға көбейтіп, 100,6 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Яғни, мақта дақылы 238 тоннаға көбейеді. «Мақта егетін жері жоқ болса да шикізатты сатып алып, мақта-мата өндірісі арқылы пайдаға шығып отырған мемлекеттер бар. Елбасының қолдауы өңірімізде тоқыма өндірісін өрістетуге кең жол ашып, «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағында «ақ алтынды» терең өңдейтін кәсіпорындардың көптеп ашылуына мұрындық болды. Облыс 2020 жылға дейін ақ мақта көлемін 420 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Соның нәтижесінде 90 пайызы отандық тоқыма фабрикаларында өңделмек. Бүгінгі таңда шитті мақтаның 35 пайызын өңдеп отырған өңір мұны еселеуді жоспарлауда», – деді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов. Елбасы Н.Назарбаев Ұлт Жоспарының «100 нақты қадамының» 61-қадамында үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету, кооперативтік өндірісті дамыту арқылы жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla үлгісімен ұйымдастырылу кеерктігін айтқан болатын. Сондай-ақ, шикізат базасын дамыту мен өңделген өнімдерді экспорттауға басымдық берді. Мақта шаруашылығы оңтүстік өңір экономикасының арбасын алға сүйрейтін бірден-бір сала болып табылады. 1996 жылы облыста 160 мың тонна шитті мақта өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш еселеп артты. Жыл сайын орта есеппен 300 мың тоннадан астам мақта шиті өндіріліп, оның басым бөлігі шетелге экспортқа жіберіледі. Мемлекеттің осы салаға айрықша назар аударып, көп жылдан бері диқаншыларға жәрдем беруінің арқасында шаруалар еңсесін тіктеп алды. Диқаншылық кәсіптің бейнеті мол. Десе де тоқсаныншы жылдардағыдай емес, қазір ауылдың жағдайы жақсарып, еңбекқор халық төккен терінің жемісін көріп келеді. Еңбек өнімділігінің артуына соңғы кезде ауылдардың жаппай заман талабына сай техникамен жарақтануы да септігін тигізгені даусыз. Үкімет әрбір өңірде ауыл азаматтары үшін арнайы несие құрылымдарын ашып, қолайлы лизинг жүйесін жасап қойды. Ал жаңа техникаға қолы жеткен шаруалардың жұмысы ширап, табысы молая түсті. Бұл жетістікті жергілікті жұрт ең әуелі еліміз егемендік алып, азат мемлекет атануымен тікелей байланыстырады. Бүгінде қазақ мақтасының әлемдік нарықта өзіндік орны бар. Себебі сапасы жағынан кез келген елдің өнімінен кем түспейді. Бұған ауыл шаруашылығы ғылымының қайта жанданып, мақта құрамы арнайы зертханаларда үнемі бақыланып отырғаны да әсер еткені сөзсіз. Кезінде кеңес өкіметі қазақтың мақта алқаптарын тек шикізат көзі ретінде пайдаланып келді. Қарапайым шаруаның мүддесін мүлдем ескермеген солақай саясаттың салдарынан мақта шаруашылығы тіптен қожырап кеткен еді. Тек мемлекет тарапынан берілген көмектің арқасында тұралап қалған шаруашылық еңсесін тіктей бастады. Әйткенмен, саланы жаңа деңгейге көтеру үшін субсидия мен арзан жанар-жағармай үлестіру тым жеткіліксіз. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен оңтүстікте мақта-тоқыма кластерін құрудың қолға алынуы, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берген игі бастамаға айналды. «Бұл барлығын еңбекпен табатын елдiң жерi, өте қиын жұмыстың жерi. Суармалы жердi қолдану арқылы мақта мен күрiш өсiру – ауыл шаруашылығында ауыр еңбек екенiн жұрттың бәрi бiледі» дегенді де Президенттің өзі айтқан. Мақта-тоқыма кластерін дамыту – стратегиялық тұрғыдан өте ұтымды қадам болды. Яғни, экспорттан түсетін табыс еселеп артып қана қоймай, еліміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің тізіміне кіруіне мүмкіндік береді. Кластерді дамыту, негізінен екі бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, мақта саласына ғылыми жаңалықтарды енгізіп, жаңа технологияларын меңгеруге баса назар аударылды. Бұл мақсатта Қазақ мақта ғылыми-зерттеу институты құрылды. Сондай-ақ, облыста арнайы экономикалық аймақ құрылып, тиімділігі дәлелденіп келеді. Мұнда инвесторлар үшін айтарлықтай жеңілдіктер жасалған. «Оңтүстік» арнайы мекемесі басшылығы «Арнайы экономикалық аймақтарға байланысты жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес осы аймаққа келіп жұмыс істеймін деген шетелдік инвесторлар салықтан толық босатылады. Сонымен қатар, кедендік баждан 50 пайызға дейін көмек көрсетіледі. Бұл – кез келген инвестор үшін өте тиімді жоба», – дейді. Бүгінде тоқыма кластері өңір өнеркәсiбiнiң негiзгi бағытына айналды. Осыдан екi-үш жыл бұрын мақта шаруашылығына деген көзқарас едәуiр төмендеп, оның көлемiн мейлiнше қысқарту керек деген ұстаным белең алды. Бұл, әсiресе, негiзгi дақылы ақ мақта болып келген мақтааралдықтар үшiн ауыр тидi. Көзін ашып, ес білгелі осы дақылды өсіріп, тіршіліктің қайнар көзіне айналдырға «ақ алтыннан» айрылу оңай соқпас еді. Қазіргі таңда өскен шиттi мақтаның 35 пайызы облыстың тоқыма кәсiпорындарында өңделуде. Ендiгi мақсат – 2020 жылға дейiн шиттi мақтаның 90 пайызын облыстың кәсiпорындарында өңдеудi қамтамасыз ету. Сонымен қатар, шиттi мақта көлемiн 54 пайызға өсiру жоспарланды. Бұл 420 мың тоннаны құрайды. Өңiрдiң әр ауданында индустриалды аймақтардың құрылысын жүргiзу және дамыту қолға алынған тұста Оңтүстiк Қазақстан облысында 11 индустриалды аймақ құрылған еді. Оның төртеуi Шымкент қаласында орналасқан. Ал оның iшiнде алтауы iске қосылып, онда 143 жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде 10 мың 400 жұмыс орнын ашу да көзделген. Айта кету керек, республикада алғаш болып жұмысын бастаған «Оңтүстiк» индустриалды аймағында 20,4 млрд теңгенiң 39 жобасы iске асырылып, 3,1 мың жұмыс орны ашылды. Сол сияқты «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағынан тоқыма фабрикалары iске қосылды. Бүгінде ғылыми-зерттеу институты мен фабрика қуатты түрде жұмыс iстейдi. «Мақта саласын дамыту туралы» заң қолданысқа ендi. Ағын су тапшылығын жою мақсатында қыруар қаржы бөлiнiп, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы атындағы жаңа канал салынды. Мақта алқабын қысқарту мәселесi шаруалардың көңiлiне қаяу түсiрiп, еңсесiн басып жүрген кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бейбіт Атамқұлов мырза бұл салаға оң қабақ танытып, ерекше қолдау бiлдiруде. «Биыл бiздiң аймақта 86 мың гектарға мақта өсiрiлiп отыр. Қазiр өнiм қорландыру айы. Көсек толығып, пiсiп жетiлуде. Қозаны күтiп-баптау, агротехникалық шаралар ойдағыдай атқарылуда. Бұл орайда өзiм жетекшiлiк ететiн Ералиев ауыл округiндегi «Төребек» шаруа қожалығында 103 гектар суармалы жердiң 80 гектарына мақта өсiрiп, оны ерекше күтiмге алғанбыз. Өткен жылы да осыншама алқапқа мақта егiп, одан орта есеппен 30,4 центнерден ақ ұлпа жинадық. Бiздiң iрiленген қожалығымызға 13 ұсақ шаруа шаруашылығы бiрiккен. Жыл сайын жеңiлдетiлген бағамен аммиак селитрасын, жағар майды уақытында аламыз. Алқабымызды су сорғы стансасынан келетiн ағын сумен суарудамыз. Өсiмдiк зиянкестерiмен тек биологиялық әдiс арқылы күресемiз. Қоза жақсы жетiлiп келедi. Қазiрдiң өзiнде әр жұп қозада 10-12 көсек бар», – дейді Мақтаарал ауданының құрметтi азаматы Сайлау Тотықов. 2000 жылға дейін Қазақстанда мақтаның отандық сорттары болмаған. Көрші мемлекеттерден әкелінген түрлерін егіп келдік. Ал институт құрылған соң отандық жаңа сорттар шыға бастады. Қазір мақтаның 11 жаңа сорты бар. Оның 6-на авторлық куәлік, 3-не инновациялық патент алынған. Қазіргі кезде оңтүстіктегі мақта алқаптарының 90 пайызында арнайы ғылыми-институт шығарған сорттар егілетін көрінеді. Сондай-ақ, отандық ғалымдар ұсынған инновациялық жаңалықтар шұғыл түрде өндіріске енгізілуде. Қазір оңтүстікте тамшылатып суару, жүйек тастап суару секілді озық технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Нәтижесінде былтырмен салыстырғанда мақта өнімділігі арта түскен. Мақтаарал ауданындағы агрофирманың басшысы Үсен Әбдіраманов: «Тамшылатып суару технологиясының артықшылықтары көп. Біріншіден, суды 30-40 пайызға дейін үнемдеуге болады. Екіншіден, әр гектардан 60-70 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік бар. Бұған дейін тек 20-25 центнерден алатынбыз. Жаңа технологияның пайдасын осыдан-ақ біле беріңіз. Сонымен қатар, пленка қолданып еккен соң мақта алқаптарында арам шөп өспейді. Өнімді комбайнмен теруге өте ыңғайлы», – дегенді айтады. Қазақ мақтасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігі егемендік алған тұста-ақ байқалды. 90-жылдардың басында елімізге Израильден келген бір топ кәсіпкерлер тамшылатып суару әдісі арқылы әр гектардан 75 центнер мақта алуға болатынын жеткізген болатын. Осы жайт қазақстандық диқандарды да, кәсіпкерлерді де ойға қалдырды. Бұл жөнінде «Хлопкопром» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ермек Абасов: «Израильдік кәсіпкерлер 1992 жылы келіп, тамшылатып суару технологиясын ұсынды. Бірақ ол технология біздің жағдайға келіңкіремеді, оның үстіне тым қымбат еді. Бірақ бізге сонда мынадай ой келді: «Біздің қай жеріміз кем? Олар 65-70 центнерден алып жатқанда біз неге 15-20 центнерге мәз болып отырмыз? Осыдан соң іздене бастадық. Өзіміз әрекет жасап көргенде бір гектардан өнім 40 центнерден артық шықпады. Ол кезде тамшылатып суаруды қолданбағанбыз. Кейін Қытайдың тәжірибесіне назар аудардық. Мысалы, 2000 жылдардың басында бұл елде жылына шамамен 3-3,5 миллион тонна мақта талшығы өндірілетін. Ал 2004 жылдан бастап мұндағы мақта өндіру 7 миллион тоннадан асты. Оңтүстiк брендiнiң келешегi кемел болсын десек, мақта өсiру мәдениетiн қалыптастырып, оны тиiмдi бағамен сату, өңдеп, өнiм шығару, тұқымдық шиттiң сапасын жақсарту секiлдi мәселелерге баса назар аудару қажет», – дейді ағынан жарылып. Зауыт шығарған өнімнің сапасы шетелдік тауардан кем емес, ал бағасы әлдеқайда арзан. Бүгінде кәсіпорында 3 ауысымда 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Болашақта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында осы секілді ірілі-ұсақты 30-ға жуық өндіріс орындары ашылмақ. Мақта шикізатын сыртқа шығарғаннан гөрі оны өзімізде өңдеп, экспортқа шығару әлдеқайда тиімді. Мақта-тоқыма кластерінің бүгінгі қадамдары – жарқын болашақтың бастамасы ғана. Бұл саланың отандық экономикаға берер пайдасы жылдан-жылға тек арта бермек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан тек мақта өндіруші ел болса, енді еліміз мақтаны өндірумен қатар, терең өңдеуші, дайын өнім шығарушы алпауыт елге айналып келеді. Бұл – Қазақстанның индустриялық дәрежесін айқындайтын факторлардың бірі болмақ. Қазір мақта шаруашылығынан республикамыз жылына 250-300 миллион доллар пайда тауып отырса, мақта-тоқыма кластері толық іске қосылған соң жыл сайын 1 миллиард доллардан астам қаржы түседі. Қазақ мақтасының ғана емес, мата өнімдерінің де әлемдік нарыққа шығуы – ел егемендігінің жемісі. Ал, отандық мақта-тоқыма кластері оңтүстік өңірінің ғана емес, еліміздің де өркенді дамуына ерекше серпін беріп, экономикалық тәуелсіздікті нығайтуға сүбелі үлес қосары сөзсіз.