Сайлау толыққанды өтті деу үшін оған қанша бақылаушы қатысу керек?
Сайлау толыққанды өтті деу үшін оған қанша бақылаушы қатысу керек?
Алдымыздағы қаңтарда елімізде Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Оған 5 саяси партия қатысады. Танымал саясаттанушы, қоғам қайраткері Дос Көшімнің айтуынша, алдыңғы сайлаулардан қарағанда бұл жолғы сайлаудың орны ерекше болмақ. Өйткені, бұрынғымен салыстырғанда қазір елімізде тәуелсіз бақылаушылардың саны артқан. Бақылаушылар институты қалыптасып, олар енді ел аумағындағы әрбір учаскені қамтуға тырысатын болады. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген Дос Көшім сайлауға толық баға беру үшін бақылаушылар учаскелердің кем дегенде 50 пайызын қамтуы тиіс деп есептейді.
https://www.youtube.com/watch?v=RVI0h6FpYv8&t=236s
Саясаттанушы соңғы уақытта бақылаушыларды оқытумен айналысып жүр. Айуынша, дауыс беруге 2-3 күн қалғанда ғана бақылаушыларды жинап, оларға дәріс өтуге болады. Арада ұзақ уақыт өтіп кетсе олар ережелерді естен шығарып алуы мүмкін. Соңында учаскелерде түрлі дау-дамай шығуы да ғажап емес.
Әдетте сайлау алаңында партия бақылаушыларынан бөлек, тәуелсіз және қоғамдық ұйымдардан келген бақылаушылар жүреді. Тараптардың өзара бір ғана айымшалығы бар екен.
«Дауыстарды санау кезінде бюллетеннің әрқайысын жеке-жеке көрсетеді. Сонда партия бақылаушыларының екі көзі тек қана өздерінің графасында болады. Менің партияма қанша дауыс берді екен деп, соны ғана жазып отырады. Сол уақытта ғана олардың өздерінің белгілі бір саяси партияның бақылаушыны екені естеріне түседі. Ал, басқа кездерде сайлау процесін дауыс берудің барлық кезеңінде олар бақылаушының рөлін атқарады» - деді саясаттанушы.
Оның айтуынша, соңғы Президенттік сайлау елімізде тәуелсіз бақылаушылардың артқанын көрсеткен.
«Былтырғы Президент сайлауында билік тарапынан қойылған бақылаушыларды айтпағанада, оппозициялық тараптан 6 мың бақылаушы жұмыс істеген. Бұл барлық сайлау учаскелерінің 70 пайызын қамтуға мүмкіндік беріпті. Бұл өте жақсы көрсеткіш едр едім. Өйткені, бақылаушылар ел аумағындағы сайлау учаскелерінің 50%-ын қамтымай, сайлауға толыққанды баға бере алмайды» - деді Дос Көшім.
Ал, қамту аумағы 50 пайызға жетпесе, сайлауға баға беру саяси мәдениетке жатпайды дейді ол.
«Сайлауды бақылауға қатысқан ұйымдар, саяси партия болсын, тәуелсіз бақылаушы болсын, сайлау өткеннен кейін оған баға береді. Бұл баға Қазақстанның демократиялық сипатына берілген баға. Сондықтан билік жағы бұл бағаға өте зер салып қарайды. Бұл баға жақсы да, жаман да болуы мүмкін. Сонымен қатар, олар өз ұсыныстарын айтады. Кемшіліктер болса оны түзеудің жолдарын айтады. Бірақ, кейде өзіміздің тәуелсіз бақылаушылар ары кетсе 20-50 учаскені бақылайды да, бүтін бір сайлауға баға беріп жатады. Бұл дұрыс емес, саяси мәдениетке жатпайды. Бақылаушылар тек өзінің бақылаған аймағында не болды – соны ғана айтулары керек, бүтін бір саяси науқанға баға беруге болмайды», - дейді ол.
Дос Көшім алда болатын сайлауға бақылаушыларды қазірден дайындап жатыр. Олардың арасында «Nur Otan» партиясының өкілдері де бар.
«Мен маман есебінде бақылаушылардың бәрін оқытамын. Мейлі ол оппозиция бақылаушысы болсын, оларды да оқыттым. «Ақжол» партиясының бақылаушыларын оқытып шықтым. «Nur Otan» шақырады, олардың бақылаушыларын да оқыттым. Бұл жердегі басты мәселе, сол бақылаушылар ертең сайлауда әділ жұмыс істеп, әділ бағасын бергені. Егер «Nur Otan» партиясы 30 мың бақылаушы қойса, қуанамын. Себебі 30 мың адам сайлаудың не екенін біледі. Қатысып отырып, бақылап отырып, көріп отырып, заңның жақсы-жаман жақтарын, сайлау комиссияларының жұмысына кез келген азамат баға береді. Қандай баға беретінін мен білмеймін. Соны оқыту, көрсету ғана менің міндетім» - деді Д.Көшім.
Саясаттанушы сайлау кезінде бақылаушы мен сайлау комиссиясының арасындағы өзара байланысты да сөз еткен. Айтуынша, көбіне екі тарап бір-бірін жақтырмайды. Бұл да сайлау жүйесінің жұмысына кедергісін тигізетін факторлардың бірі.
«Бақылаушыларды сайлау жақындағанда дайындаған дұрыс. Бұрын сайлауға 2-3 күн қалғанда дайындайтынбыз. Сол уақытта сен айтқан нұсақуларың оның есінде қалады. Ақыл-кеңестер есте қалады. Түк білмейтін бақылаушылар кез-келген нәрседен айқай шығарып, қиқулатып, аттандатып отырады. Немесе ұйықтап отыратындары да болады. Мені жіберді ғой дейді де, тіркеліп, көрген нәрсені көрмедім дейді. Көзін жұмады. Әйтеуір мені осы 13 сағат отырып хаттаманы алып кетсем, болды деп келетіні қаншама? Себебі сайлау комиссиясы бақылаушыға оң көзбен қарайды деп айта алмаймын. «Мені ұстауға келдіңдер ме?» дегендей болып отырады, сайлау комиссиясы, бақылаушылар да оларды жақтырмайды. Қазір сендер бірдеңе істейсіңдер деген сияқты. Аңдып отырған сияқты болады. Ондай жағдай болмауы керек. Себебі сайлау комиссиясы да, бақылаушылардың мақсаты да біреу-ақ: олар сайлаудың таза, әділ өтуін заңға сәйкес өтуін қарайды» - деді Дос Көшім.