Оңтүстіктің ақ алтыны – Отанымыздың байлығы

Оңтүстіктің ақ алтыны – Отанымыздың байлығы

Оңтүстіктің ақ алтыны – Отанымыздың байлығы
ашық дереккөзі
Жақында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі кәсібін өрге жүздіріп жүрген кәсіпкерлермен емен-жарқын пікірлесті. Соңғы кездегі қолға алынып жатқан ауыл халқын микронесиелеу және жұмыспен қамту мәселелерін кеңінен талқыға салды. Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша көш бастап тұр. Сол себептен де мұндағы жер емген жұртқа кәсібіне қолдау жасаудың өзі жеткілікті. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қабылданған игілікті бағдарлама жетерлік. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020». Премьер-министр Кәрім Мәсімов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында тірлігін өрістеткен «Мамлакат» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысып, Оңтүстік Қазақстан облысы қайта өңдеу саласын дамыту үшін қолайлы өңір болып табылатынын баса айтты. Түркістан қаласы, Шаға ауылдық округінде орналасқан «Мамлакат» кооперативінде бүгінде 170 гектар суармалы, 730 гектар жайылымдық жер және 38 дана әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары, сондай-ақ, екі мал бордақылау алаңы, мал сою бекеті, ет өңдеу және құрамажем дайындау цехтары мен сүт қабылдау бекеті, ветеринариялық зертхана жұмыс істейді. Биыл шаруашылық 30 шағын мал бордақылау алаңдары мен 12 шағын отбасылық сүт фермаларымен меморандумға қол қойыпты. Осының арқасында биылғы жылдың жеті айында 550 бас мал бордақылап, 126,5 тонна ет өндірген. Премьер-министр осы шаруашылыққа өңірдегі кәсіпкерлердің басын қосып, ауылдық жерлердің тұрғындарын жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдалану және көлік-логистикалық орталықтарын дамыту мәселелерін сөз етті. Оңтүстік Қазақстан облысында 498,2 мың адам өздігінен жұмыспен қамтылған жандарға жатады. Облыстың мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасы туралы баяндаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін елді мекендерде мал бордақылау алаңдары мен сүт және ет қабылдау бекеттерін немесе құс фермаларын ашу сынды жобалардың есебінен шешу қажеттігін атап өтті. Бұл тілге тиек етілген тапсырмалар жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов: «Бүгінде аталған бағдарламаның тиімділігіне ауыл xалқы көз жеткізе бастады. Мәселенң соңғы үш жылда 10 мыңға жуық жоба іске асқан. Атап айтқанда, осы мерзім ішінде өңірімізде 8102 шағын мал бордақылау алаңы, 1768 шағын отбасылық сүт фермасы, 104 сүт қабылдау бекеті, сонымен бірге, 25 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Аталған жобалардың жүзеге асуына 12,2 млрд теңге жұмсалды», – деді. Ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 11,5 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыруға «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаражаты есебінен 7,3 млрд теңге көлемінде қаражат көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов тек Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша жыл соңына дейін 26 сүт қабылдау пункті, 782-ге жуық отбасылық бордақылау алаңын құру жоспарланғанын жеткізді. Бұлар уақыт өте келе ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктірілетін болады. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында азық-түлік кешенінің негізі қаланып, соңғы үш жылда бордақылау алаңдары 8 мыңға, отбасылық сүт фермалары 2 мыңға жетіп, олардан 68 мың тонна сүт, 63 мың тонна ет өндірілді және де ең бастысы – 27 кооперация құрылып, 12 488 тұрақты жұмыс орны ашылды. Яғни, ауылдың әлеуметтік ахуалын түзеуге бағытталған бірден-бір тиімді жоба бүкіл Қазақстанға жол тартып отыр. Биылғы жылдан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ел аумағындағы жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға 10,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қаржыландырылған өтінімдердің саны 4,4 мыңға жуық. Алдын ала болжам бойынша 2,5 жылда 190 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылықты қамтып, 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнының ашылуына септігін тигізуге тиіс. Бұл жобалар тиімді жүзеге асса, оңтүстік өңірдегі қордаланып қалған мәселелердің түйіні тарқатылмақшы. Мәселен, әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер түзеліп, жұмыссыздық бірте-бірте шешімін табар еді. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы саласына берілетін несиелердің көлемін әлі де ұлғайту, малды семіртіп бордақылауда маңызды рөл атқаратын құрамажемді субсидиялау қажеттігі белгілі. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында АӨК-нің барлық бағыттары бойынша тұрақты өсу байқалуда. Аймақтық Индустриаландыру картасының 165 жобасының 65 пай    ызы ауылдық жерлерге бағытталған. Оның үстіне Қазақстанда ауыл шаруашылығының негізгі өнімдерін, атап айтқанда, еттің 70 пайызын, сүттің 80 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар өндіріп жүр. Ал осындай шаруа қожалықтарына несие қаражатының жетіспеушілігі және ауыл шаруашылығы шикізатын дайындау және жинаудың әлсіз дамыған жүйесі кедергі келтіретіні жасырын емес. Шағын және орта кәсіпкерлікті, оның ішінде шағын агроқұрылымдарды қолдау үшін елімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына Үкімет баса назар аударуда. 2016 жылы ЖҚЖК-2020 аясында Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл кәсіпкерлігін дамытуға байланысты микронесие беруге 7 237,5 млн теңге берілген. Бірінші жартыжылдықта бағдарламаның 736 қатысушысы заемдар алушылар болса, оның орташа мөлшері 2,6 млн теңгені құрады. Премьер-министрмен кездесуде аграрлық сектор өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу және сақтауға, сондай-ақ көлік тарифтеріне қатысты мәселелерді көтерді. Бұдан өзге ауыл шаруашылығын өңдеушілер сапалы шикізат тапшылығын шешудің жолын сұрады. Мәселен, қазір шикізат тапшылығының кесірінен аймақтағы көптеген кәсіпорындар толық қуаттылықта жұмыс істей алмайтын көрінеді. Атап айтқанда, облыстағы сүт зауыттарының жүктемесі 81 пайыз (қуаттылығы 10,7 мың тонна 17 кәсіпорын), ет комбинаттарының – 73 пайызы (қуаттылығы 10,7 мың тонна 16 кәсіпорын). Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін өзекті мәселелер бойынша ауыл шаруашылығы вице-министрі Қ. Айтуғанов, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б. Нұрымбетов те сөз алып, аймақта туындаған түйткілдерді шешуге және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көлік-логистикалық орталықтар ашуға септігін тигізетінін жеткізді. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бейбіт Атамқұловтың мәліметінше, қазіргі уақытта Шымкентте халықаралық стандарттар бойынша көлік-логистикалық орталық құрылысы бойынша жоба әзірленуде. Кешеннің жалпы ауданы 90 гектардан асады, мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, орауға және жөнелтуге барлық жағдай жасалады. Осындай қоймаларды Мақтаарал және Сарыағаш аудандарында және Түркістанда салу жоспарланған. Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов оңтүстік өңіріне сапары аясында «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не барып, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың үкіметтік бағдарламасына енген ауқымды жобамен танысты. Кәсіпорын президенті Ц.Ши мен бірінші вице-президенті А. Тұрысбековтің айтуына қарағанда, «Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және жөндеу» жобасы 2011 жылы басталып, барлық жұмыстарды 2017 жылдың соңында аяқтау жоспарланған. 2016 жылдың қаңтар-мамырында ШМӨЗ өндірген өнім көлемі 22 млрд теңгеден асты. Жаңғыртудан кейін К5 экологиялық кластың (ЕАЭО елдеріндегі Еуро-5 баламасы) талаптарына сәйкес зауыт жоғары октанды бензин шығарады. Зауыттағы өңдеу қуаттылығы 90 пайызға дейін тазарту тереңдігімен шикі мұнай 5,2-ден 6 млн тоннаға дейін өседі деп болжануда. Ал бұдан соң Түркістанға табан тірегін Үкімет басшысы егемендікпен қатар өмірге келген шаһардағы Қ.А.Ясауи есімімен аталатын оқу орнына келіп, білім берудің өзекті мәселелерімен танысты. Университет ректоры Уәлихан Әбдібековтің айтуына қарағанда, бүгінде университетте әлемнің 18 елінен келген 28 түркі жұрағатының жастары білім алуда. Айта кетейік, бұл университет – Қазақстандағы ең алғашқы ашылған халықаралық жоғары оқу орны және түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған жалғыз білім ошағы. Жалпы мұнда 52 мамандық бойынша 9 мыңға жуық студент қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде білім алуда. Осы жиында алдағы жаңа оқу жылында білім саласына енгізілетін өзгерістер мен реформаларды кеңінен әңгіме еткен Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева жергілікті кәсіпкерлерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтуға шақырды. Ал ақсақалдар алқасымен және зиялы қауым өкілдерімен басқосуында Үкімет басшысы аймақтың экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуына қатысты, сондай-ақ, қолжетімді баспана үшін кезекте тұрғандарға арналған көпқабатты үйлердің құрылысы, халықты газбен жабдықтау және туризмді дамыту мәселелері жөнінде әңгіме тарқатты. Таяу арада «Көне Түркістан» тұжырымдамасы аясында тарихи-мәдени туризмін дамыту жайына үлкен басымдылық беріледі. Қазіргі таңда Түркістанда тұрғын үй кезегінде 3600 адам кезекте тұр. Әкімдік алдағы уақытта «Отырар» шағын ауданын салуды жоспарлап отыр. Бүгінде 8 үйдің құрылысы басталды. Олардың ішінде бес қабатты 4 үй «Қазақстан ипотекалық компаниясы» есебінен тоғыз қабатты 2 үй (72 пәтер) «Отау құрылыс» есебінен, ал «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы арқылы 60 пәтерлі екі үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін барлық 6 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл ТКШ саласын модернизациялау аясында 22 үй жөндеуден өткізілді. Түркістанды газбен жабдықтау 2014 жылы басталып, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді құбыр желісі бірінші кезекте пайдалануға берілді. Сол сияқты күші сағатына 100 000 м³ құрайтын автоматтандырылған газ тарату станциясы және 2 газ бақылау нүктесі салынған. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарын түйіндеген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өңірдің аграрлық әлеуетін жоғары бағалап, оң бағасын берді. Әр түрлі сала мамандарымен кездесу аясында бірқатар сауалдардың туындағаны рас. Жақын арада Үкімет басшысы Ауылшаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кәсіпорындардың ұсыныстарын жинап, қарауға енгізуді тапсыратынын жеткізді.