Кәдесыйдың королевасы

Кәдесыйдың королевасы

Кәдесыйдың королевасы
ашық дереккөзі
Бахаргүл Төлегенқызы! Бұл есім қазір көпшілікке етене таныс. Несімен? Еліміздің қоғамдық-мәдени өмірінде алғашқы болып ұлттық кәдесый бұйымдар топтамасын бизнес көзіне айналдырып, және осы салада жетекшілік деңгейге көтерілген «Әдемі-Ай» компаниясын құрып, ұлттық этножәдігерлер мен қазақ тарихына қатысты артефактілердің заманауи жаңғыртпасын жасап, оны рухани құндылық ретінде халыққа ұсына алуымен елге танылған кәсіпкер әйел.  width= «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп Абай атамыз айтқандай, Бахаргүл ханым бұл күнге, бұндай күйге, осындай дәрежеге таймас табандылығының арқасында жетті. Әйтпегенде, ел тәуелсіздігін жаңадан алып, есін жинай алмай жатқан елең-алаң шақ.., өткен ғасыр соңы.., тоқсаныншы жылдардың басында туған жері Қобық-Сауырдың қойнауын тастап, оқып, жоғары білім алған Бейжіңді қиып, атажұртына оралған бойжеткенге ғайыптан біреу үйіп-төгіп ақша ұстатып, «мә, бизнес баста!» деді дейсіз бе? Әңгімені біз осы арадан бастап: «Бахаргүл ханым, сіздің ұлттық кәдесый бұйымдарды сатып, бизнес бастауға не себеп болды?» деген алғашқы сұрағымызды қойдық.  – Әуелі менің өскен-өнген ортам бояуы қанық қазақы жер. «Құс ұяда не көрсе, ұшқанды соны іледі» дегендей, мен ес білгенде көргенім көркем кесте, аңдағаным ағаш аяқ-табақ, келі-келісап... Осылай бала кезден көзім қаныққан дүниелер түбі аңсатпай қоймайды екен. Демек, менің бүгінгі бизнесім, яғни кәдесый бұйымдарды сатуым – сол бір ескінің көзін, бағзының берекесін аңсаудан туған дүние.  – Түсінікті. Жаңа бір сөзіңізде «көнелікке құмарлық мені Бейжіңде оқып жүрген кезде де тыныш таптырмады» деген сыңайда айтып қалдыңыз. Осы ойыңызды тарқата айтсаңыз?  – Бейжің ауыл шарушылығы институтының биология факултетінде білім алдым. Осында оқып жүріп, қаланың көне бұйымдарын әрі кәдесый сататын дүкендерін көп араладым. Мұндағы заттардың дені қытай халқының ежелгі тарихы мен байырғы мұрасының насихатшысы екенін аңғардым. Әрі өте өтімді тауар, әсіресе, шетелдіктер құмар.  width= Оқуымды бітірген соң 1994 жылы Алматыға ат басын бұрдым. Мұнда келіп, білім алумен қатар бизнес көзін ашу қажет дегенге тоқталдым. Мақсатымды жетелеп базарға барсам, мұндағы кәдесый дүкендерінде қытайдың бақа-шаяндары мен үнді пілдері самсап тұр. Демек қазақтар бір-біріне өзгелердің дүниесін сыйлап жүр деген сөз. Бірден «ұлттың өз дүниесін өзіне неге сыйламасқа» деген ой туды. Өйткені, ұлттық кәдесый дегеніміз – халқымыздың тарихы мен этнографиясынан хабардар ететін және этнотұрмыстық салт-дәстүрді насихаттауға арналған, ең бастысы, болашақ ұрпақ өзінің тек-танымын біліп, тарихи санасының жаңғыруына қолай туғызатын дүние емес пе?! Бұл бір жағынан сауда, екіншіден, халқымыздың рухани қажеттілігін өтеу. Яғни, кәдесыйларды тек бизнес көзі деп қарамау керек! Сөйтіп, бизнесті бірден бастап кеттіңіз бе? – Жоқ. «Ойдағы жоспарды даладағы нарық бұзады» дегендей, қаржылық қор жинап алмайынша іс алға баспайтыны белгілі, сырттан кәдесый бұйымдарын қанжығалып тасуды бастадым. Бірте-бірте ұлттық бұйымдарға көштім. Бұған елдің көзі үйренді, сауда жүре бастады. 2002 жылы Алматыдан екі бөлмелі шағын дүкен аштым. Бір бөлмесіне кәдесый бұйымдарды сатуға қойдым да, екіншісіне өзімде ертеден жиналып қалған көне жәдігерлерді орналастырдым. Адамдар осы арқылы менің көне бұйым жинайтынымды біліп, қолдарында бар антикварлық дүниелері мен ескі зергерлік сувенирлерін әкелетін болды. Бұларды бағасын келісіп сатып ала бердім. Сөйтіп, мыңнан астам ескі жәдігер жиналды қолыма. Бұл дүниелердің басын қосып 2011 жылы Алматы қаласында аумағы 200 шаршы метр «Әдемі-ай» атты жеке музей аштым. Қолымдағы жәдігерлер уақыттық және стилдік тұрғыдан жеке-жеке бөлімдерге бөлініп, сөрелерге орналастырылды. Музей қазір қала тұрғындарына тегін қызмет көрсетіп тұр. Бәрекелді. Ісіңіз ілгері бассын, Бахаргүл ханым! Алматыдағы музей жәдігерлері жайлы бір ауыз сөз... – Жәдігерлердің дені қазақ халқының байырғы қолданбалы өнер туындылары. Атап айтқанда, сәндік-зергерлік бұйымдар, жауынгерлік жарақтар, жылқы жабдықтары, ескі тиындар қатарлы артефактілер. Жәдігерлердің құндылығы мен маңыздылығына келер болсақ, ең көне жәдігер біздің жыл санауымыздың ІІ ғасырында, яғни, Қараханидтер дәуірінен сәл ілгері қазіргі Құмыл ойпатында өмір сүрген ежелгі үнді мәдениетін ұстанушы Кушар (Кусәр) патшалығы шығарған тиындар, ХІ ғасырдың мұрасы қыш-керамикалар, сонымен қатар Қазақ хандығы кезеңіне тән темір сауыт-саймандар, ХІІІ-ХVІ ғасырларда жасалған зергерлік өнер туындылары бар. Сондай-ақ, қазақтың байырғы кесте өнерінің туындылары түскиіздер, тоқылған кілем және маржан, ақық, күміс, алтын бұйымдармен әрлеп жасаған шолпы, шаштеңге, шекелік алқа, өрнекті түймелер, білезік, белбеу, өңіржиек, сырға қатарлы бұйымдар және ХІХ ғасырға тән аңшының пілте мылтығы, ХҮІІІ ғасыр мұрасы теңгелі камзол мен кимешек, үш ғасыр бұрын ресейлік шеберлер жасаған жез самауырындар, мыс құман, болат кесе т.б. жәдігерлер шынында ­­ – ұлтымыздың этнография­сын­ білуге, тұрмыс-салт бұ­йым­дарының ритуалдық мазмұ­нын зерт­теуге таптырмас дүниелер бар. Өткен жылы  өз коллекцияымнан Әскери-тарихи музей қорына 1855 жылы Тула қаласындағы қару-жарақ зауытында жасалған мылтық пен ғасыр бұрын біз кестемен тоқылған түскиізді сыйға тарттым. – Сөйтіп, уақыт өте келе ұлттық кәдесый бұйымдарын саудалайтын үлкен компания құрдыңыз, солай ма? Әрине. Негізгі жұмысты – ұлтымыздың этнографиясын білуге, тұрмыс-салт бұйымдарының ритуалдық мазмұнын зерттеуге, сонымен қатар символдық мәні басым тарихи һәм архитектуралық бейне-образдарды таңдау алудан бастадық. Іс барысында танымал этнографтармен, ұлттық санасы терең суретші-дизайнерлермен ақылдастық. Нәтижесінде, Алматыдағы Республика алаңындағы «Алтын адам» Астанадағы «Бәйтерек» пен Тәуелсіздік монументі қатарлы қастерлі сәулет-мүсіндердің кәдесый түріндегі нұсқасын жасадық. Мысалы, Парижге барсаңыз Эйфель мұнарасының мыңдаған кішкентай кәдесыйлық үлгілерін көресіз, сол сияқты қытайлықтар да өздерінің ежелгі тарихи тұлғаларын, тіпті халық арасында өте көп тараған аңыз-ертегі кейіпкерлеріне дейін кәдесый етіп тастаған. Одан кейін Бәйдібек бабамыздан бастап, сол жылдары мерейтойлық датасы өтіп жатқан Исатай-Махамбеттің және Тараз қаласының кескіндемесі бәдізделген кәдесый жасадым. Ары қарай Тайқазан, Қорқыт баба кесенесі қатарлы сый-бұйымдар дүниеге келді. Уақыт өте келе Ақтөбе облысынан Әбілқайыр ханның мүсіндік тұлғасына тапсырыс келіп түсті. Екі ортада елорданың көрікті нысандары бой көтере бастады. Осыған байланысты «Астана айшықтары» атты миниатюралық композиция дүниеге келді. Сонымен қатар халқымыздың байырғы таным-түсінігі мен дәстүрлі ұғымында сақталған ритуалдық дүниелер – торсық, асық, жауырын түрлерінен стимулдық экспозициялық туындылар жасадық. Бұған мемлекетік символға айналып үлгерген «Алтын адам» дуылғасындағы бейне-этюдтерді кіріктіріп, оған сағат-қалам қосып үстелге арналған кешенді сый-бұйымдар әзірледік.  – Қысқасы, сіз халықтық құндылықтарды кәдесый арқылы ұлттық идеологияға айналдырдыңыз. Осыларға сұраныс қандай болды?  width=  – Алғашында аздап тосырқау болды. Қазір ұлттық кәдесыйларға деген сұраныс күн сайын артып келеді. Мені қанаттандарып, жа сап отырған ісіме деген ынта-шынт амды оятқан дүние осы. Атамыз қазақ «ізденген жетер – мұратқа» дегеніндей уақыт өте келе кәдесыйларым мемлекеттік шараларға жол тартты. Атап айтқанда, 2011 жылы Алматы-Астана қалаларында өткен Азиада ойындарына қажет сувинер-бұйымдарды шығаратын құқыққа қол жеткіздім. Спорттық шараның бойтұмары «Ақ барыстың» жұмсақ ойыншық бейнесін және мүсінше, медаль, төсбелгі қылып жүздеген түрін шығардық.  width= Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті кезінде шетелден келген қонақтарға арналған веб-сувенирді де біздің компания жасап шықты. Тағы бір айтулы мереке Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында ұлыстың іргесін қалаған тұлғалар Керей мен Жәнібектен бастап, күллі қазақ тарихында орны бар хандарымызға арнап түгелдей кешенді акверальді табақшалар жасап, олардың билік басында болған уақыты мен тарихын бәдіздедік. Жуықта елордада өткен халықаралық мамандандырылған ЭСКПО көрмесінің де логотипін пайдалану құқығына ие болдық. Яғни көрменің бойтұмарына айналған «Сәуле – Қуат – Мөлдір» атты жұмсақ ойыншықтар үштігін жасадық. Сәуле – күн энергиясы, Мөлдір – тамшы су, Қуат – өсімдік символын білдіріп тұр. Біз көрмеге аз дегенде 2 млн. адам келер деген жоспармен 200 мың данасын шығарып едік, орта жолда жетпей қалды да, артынан 100 мың, 150 мыңдап дүркін-дүркін жасадық. ЭКСПО көрмесін қорытындылаған тұста үздік павильондарды анықтаудан бастап, 12 түрлі номинацияға берілетін 12 дана құнды сыйлықты біздің компания жасады.  – Бұл дүниелерді жасайтын өндіріс-фабрикаларыңыз қайда?  – Әзірге компанияның зергерлік бұйымдар жасайтын ұстаханасы мен құрақ көрпе, жастық, жаулық-жасау тігетін тігіншілер шеберханасы Алматыда жұмыс істеп тұр. Көп дүниелердің алғашқы нұсқасын осында жасап, тираждап өндіруді көрші Қытай елінің өндіріс-фабрикаларында жүзеге асырып жүрміз.  width= – Компанияның басты талабы не? – Ол – сапа. Сондықтан біздің бұйымдар қымбат. Қара базардағы кәдесыйлармен салыстыруға келмейді. Болашақта әлі де жаңғыртуды күтіп жатқан дүние көп. Мысалы, ер-тұрман немесе қамшы-бишік, саба-торсықты алыңыз. Бұлар қазіргідей кәдесый ретінде үстелде тұра берсе адамды жалықтырады ғой. Осыны ойластыра келе кәдесый-бұйымдардың күнделікті тұрмысқа қажет түрлерін шығаруды қолға алмақпыз. Атап айтқанда, қамшы-флешка торсық-магнитка, оюлы қалам дегендей... еш жерде қайталанбаған әрі ұлттық мазмұны мен айшығы қанық дүниелер жасасақ дейміз. – Жақсы, сәттілік болсын!

Әңгімелескен

Бақытбек ҚАДЫР