Жаңалықтар

Сәбиінің қауіпсіздігіне салғырт қарайтын ата-аналар неге көбейді?

ашық дереккөзі

Сәбиінің қауіпсіздігіне салғырт қарайтын ата-аналар неге көбейді?

  Ақтөбедегі періштесі қаққан балақайдың оқиғасы өткен аптада дүйім жұрттың құлағына жетті. Бесінші қабаттан құлап кеткен екі жасар бүлдіршіннің аман қалғанына шүкір десті жұрт. Әуелі талға ілініп барып, жұмсақ топырақтың үстіне түспегенде жағдайы қандай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Ашық қалған терезе баласының өмірін жалмаса, ата-анасының өзегін өмір бойы өкініш өртер еді. Бүлдіршінін қараусыз қалдырғаны үшін өзін жазғырып өтетін әке-шешенің қатарын толтырар еді. Немқұрайлылықтың кесірінен бауыр еті – баласынан көз жазып қалғандар елімізде онсыз да аз емес. Перзентінен айрылып қала жаздаған ананың айтуынша, ол баласын ұйықтатып, үйдегі үлкендерге тапсырып, өзі дүкенге кеткен. Ал бала анасы үйден шыққан бойда оянып, терезеге жүгірсе керек. Ашық тұрған терезенің торына жармасып, абайсызда бесінші қабаттан құлап кеткен. Періштесі қаққан сәби әуелі талға ілініп барып, топыраққа құлаған. Дәрігерлердің айтуынша, құлаған кезде бала терезедегі торға жармасып айрылмаған, көп соққыдан сол тор сақтап қалған көрінеді. Екі күн жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршіннің жағдайы тек үшінші күні ғана оңалды. Бір өкініштісі, Ақтөбеде мұндай оқыс оқиғалар жиі орын алып тұрады. Мәселен, шілде айының өзінде төрт бүлдіршін биіктен құлаған. Сондықтан ақхалаттылар ата-аналарға баланы көзден таса қылмай, сақ болуды ескертуден танбай келеді. Терезеден құлап кететін балалардың жас шамасы көбіне 2 мен 5 жас аралығында. Ойлау қабілеті жетіліп үлгермеген балақайлар шынының ар жағында қандай қауіп бар екендігін аңғармайды. Терезеге қойылған тор да баланың құлап кетпеуіне кепіл емес. Керісінше кез келген ата-ана сеніп отырған осал тор бүлдіршіндердің ары қарай асып түсуіне жиі себеп болып жатады. Өткен жылы елімізде 32 бала терезеден құласа, биылғы жылдың алты айының өзінде бұл көрсеткіш 20-ға жеткен. Олардың көпшілігі ауыр жарақатпен аурухана төсегіне ұзақ уақыт таңылды. Бауыр еті – баласының жаны қиналғанын көруге мәжбүр болған ата-аналар өкінішті жағдай қайталанбас үшін бүлдіршіндерін ешуақытта жалғыз қалдырмауға, үйлерін баланың қауіпсіздігіне кепіл болатын құрылғылармен жабдықтауға уәде беріп жатады. Алайда бала өміріне қауіп боп төнген оқыс оқиғалар жайлы хабарлар толастамай тұр. Маусым айында ту биіктен құлап, тірі қалған тағы бір сәбидің амандығына қуандық. Ақтаудағы 17-ші ықшамауданда орналасқан Green Park тұрғын үй кешенінде бүлдіршін терезе алдында ойнап отырып, жетінші қабаттан құлап кеткен еді. Бүлдіршіннің жанын металлдан жасалған тор аман алып қалды. Әуелі Алланың, одан кейін бүлдіршінді құтқаруға дер кезінде жеткен ТКШ қызметкерлерінің арқасында баланың денесіне ешқандай жарақат түскен жоқ. «Көрер жарығы бар екен» дейді қазақ мұндайда. Әйтпесе, елімізде жыл сайын ата-ананың салғырттығының кесірінен биіктен құлаған қаншама сәби мерт болады. Мәселен, шілде айында Алматының «Премьера» тұрғын үй кешенінің 12-ші қабатынан құлап, жантәсілім еткен 3 жасар бүлдіршіннің, қылтимадан басын шығарам деп, мерт болған ақтаулық бөбектің, сәуір айында сегізінші қабаттан құлап, қайтыс болған 2 жасар павлодарлық баланың қазасы олардың әке-шешесінің ғана емес, бала тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп, іні-қарындас еркелетіп отырған күллі қазақтың қабырғасын қайыстырды.

Бала бақылаусыз қалса...

Қараусыз қалған бала үлкендер рұқсат бермейтін әрекеттерді жасап көруге құмартып тұратыны белгілі. Әсіресе, өзіне беймәлім заттарды ұстап көру, ауызға салып, дәмін татуға бейім. Мұның соңы көп жағдайда жақсылыққа апармайтынын, тіпті аурухана төсегінен бір-ақ шығаратынын ақпарат құралдарынан естіп-біліп жүрген оқиғалар сан мәрте дәлелдеді. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын байқаусызда калий перманганатын, жұртшылық «марганцовка» деп атап кеткен ерітіндіні ішіп қойып, өлім аузынан қалған алматылық бүлдіршін Әсет Кеншібаев әлі де көмекке зәру. Әке-шеше назарынсыз қалған сол бір өкінішті күннен бері 15 рет шетел асып, ем-дом қабылдап келсе де, тыныс жолдары қалыпты жұмыс істемейді. Қазір арнайы аппараттың көмегімен ғана тіршілік етіп жүр. Қою тамақ ішуді әлдеқашан ұмытқан, тіпті сөйлеудің өзі Әсеттің жанын қинайды екен. Жуырда «КТК» арнасы 2 жасында тағдыр тауқыметін тартқан балақайға шұғыл түрде көмек керек деп дабыл қақты. Елімізде өңешке операция жасалмайтындықтан, бүгінге дейін Әсет Түркиядан 15 рет ем-дом қабылдап келген. Шетелдік дәрігерлер алғашында толыққанды жабылып қалған өңешінің 30 пайызын ашып беріпті. Бірақ жоғарғы тыныс алу жолдары сол күйі жабық тұр.  Әсеттің әкесі Қуандық Жиенбековтің айтуынша, баланың тыныс жолдарына ота жасаудың құны Оңтүстік Кореяда 25 мың мен 35 мың АҚШ долларының арасында болса, Израильде 65 мың долларға жетеғабыл екен. Алайда мұндай қаржыны көпбалалы отбасының қалтасы көтермейді. Сондықтан қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр. «Кейде ішкен асы өңешінде тұрып қалады. Не әрі, не бері кетпей қалады. Кейде тарылған кезде трубкасы бітеліп қалады. Әйеліміз екеуміз күні-түні жанынан кетпей, кезекпен ұйқысын күзетеміз. Біреуіміз ауруханадағы, біріміз үйдегі балаларға алаңдап, жұмысқа тыңғылықты кірісе алмай жүрміз», – дейді Қуандық Жиенбеков. Санаулы күннен соң мектеп табалдырығын аттайтын құрдастарымен бірге мектепке бара алмай, аурухана төсегіне таңылған ұлдарының қиналғанын көргенде өздерін қоярға жер таппайтын ата-ананың ендігі үміті – өзгенің басына түскен қиындыққа бейжай қарамайтын жомарт жандарда. Ата-ана бақылауынсыз қалып, үстіне ыстық сорпа төгіліп кеткен оралдық 10 айлық бөбектің жағдайы да мәз емес. «Мой город» басылымының жазуынша, баланың денесін қатты күйік шалған. «Бала бізге ауыр жағдайда жеткізілді. Бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатты. Мені балаларына немқұрайлы қарайтын ата-аналардың ешқандай жауапкершілікке тартылмайтыны алаңдатады. Біздің алдымызға келетін балалардың дені басқа жерде емес, өз үйінде жарақат алып жатады», − дейді балалар травматологы Марат Жұмабаев. Ата-аналарға балаларын назардан тыс қалдырмауды ескертуден шаршаған дәрігер осыған ұқсас тағы бір оқиғаны тілге тиек етті. «Ешқандай профилактикалық түсіндіру жұмыстары ата-аналарды ойландырар емес. Алысқа бармай-ақ қояйын. Жақында №31 мектепте қыз бала көлік астына түсіп, өкшесі бөлшектеніп кетті. Біз оның өкшесін қалпына келтіруге тырыстық, алайда аяғын кесуге тура келді. Қыз баланың анасын көргенде оның жүзі маған таныс болып көрінді. Кейін үш жыл бұрын оның үлкен ұлына ота жасағаным есіме түсті. Ұл баланы сол кезде автобус қаққан еді. Балаларына бас-көз бола алмайтын ата-аналарға айыппұл салу керек деп ойлаймын», – дейді Жұмабаев.

Салғырт ата-анаға жаза қандай?

Дәрігерлердің пікірінше, баласын жетектеп, тыйым салынған жерден жолды кесіп өтетін ата-аналарды да екінші олай жасамауы үшін үлкен айыппұлмен жазалау керек. БҚО Ішкі істер департаментінің өкілі Гаухар Қараменованың айтуынша, қараусыз қалып, абайсызда жарақат алған баланың әке-шешесі жауапкершілікке тартылмайды. Ал ата-аналық міндетін дұрыс атқармағандарға заңда әкімшілік жауапкершіліктен бөлек қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. «Бала үстіне ыстық сорпа төгіп, күйіп қалғаны үшін анасы жазаланбайды. Көшеде баласы құлап қалғаны үшін барлық ата-ананы жазалап отыра алмаймыз. Ата-аналар екі бап бойынша жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, «Қауіпті жағдайда қалдырып кету» және «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау». Ол үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу шаралары қарастырылған», – дейді Г.Қараменова. Г.Қараменова атап өткен «Қауіпті жағдайда қалдырып кету» бабы бойынша тамыздың басында байқаусызда бензин ішіп, мерт болған сәбидің ата-анасы жауапқа тартылды. Балқаштық дәрігерлер ауруханаға ауыр халде жеткізілген 1 жасар бүлдіршіннің өмірін сақтап қаламыз деп қанша жанталасқанымен, қатты уланған баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Сәбиін қараусыз қалдырған ата-ана 3 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал маусым айында Алматыда өзенге ағып кеткен сәбидің әке-шешесі де 5 жылын түрмеде өткізуі ықтимал. Қылмыстық кодекстің 141-бабы, яғни «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамағаны» үшін жауапқа тартылған ерлі-зайыптылар Алма-Арасан шатқалына отбасыларымен демалуға барған. Жауапсыз әке-шеше емшектегі сәбиін 15 жастағы қызына ұстатады. Қыз бала өзен маңында фотоға түспек болғанда аяғы тайып, қолындағы сәбиді өзенге құлатып алған. Өзеннің қатты ағысы нәрестені сол сәтте ағызып әкеткен. Ал сол арада ата-анасы Алма-Арасан шатқалындағы мейрамханалардың бірінде демалып отырған. Полицейлерге хабар жетіп, кешқұрым басталған іздеу шаралары кезінде нәрестенің мәйіті бөгеттің маңынан табылды. «Жазмыштан озмыш жоқ». Десе де, басқа салғаны, тағдырдың жазуы деп, оқыс оқиғаның бәрін жылы жаба берсек, заң шығарудың не мәні бар? Соттың қажеті қанша? Баланы дүниеге әкелген соң, әрбір ата-ана оның өмірі үшін жауапты екенін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін естен шығармағаны жөн. «Бала өзімдікі, не істесем де өзім білем» деген қате түсінікке бой алдырған әке мен шеше көбейген сайын сәби өліміне әкеліп соғатын төтенше оқиғалар да жиілеп бара жатқаны алаңдатады. Жуырда Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасында балалар арасындағы жазатайым оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты брифинг өтті. Осы басқарманың ана және бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы Айнаш Ғұбайдуллинаның айтуынша, жаз басынан бері 1-5 жас аралығындағы балалар арасындағы жазатайым оқиғалардан өлім-жітім жиілеп кеткен. Өткен жылы жеті жазатайым жағдай тіркелсе, биылғы жыл басынан бері 10 жағдай тіркелген. Олардың басым көпшілігінде ата-ананың ішімдік ішіп, баланы қараусыз қалдырғаны белгілі болды. Мәселен, үш айлық сәбиді анасы арақ ішкен күйі, қасына емізіп жатып ұйықтап қалған. «Еміземін» деп, сәбиін басып жатып қалғанын анасы өзі сезбейді. Бірнеше сағаттан соң, үйдегі үлкен қызы көріп, ауылдағы фельдшерді шақырғанымен, дәрігер келгенде бала өліп қалған. Тағы бір оқыс оқиға кезінде екі жасар бала үшінші қабаттан құлап кеткен. Оқиға кезінде анасы қасында болғанымен, ішімдікке сылқия тойып алған әйел перзентін қорғайтын күйде болмаған. Абырой болғанда, көршілері де кезінде жедел жәрдем шақырып, баланың жаны аман қалды. Батыс Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-травматологы Болат Әлібаевтың айтуынша, балалар арасында көшедегі, мектептегі, жол-көлік оқиғаларындағы жарақаттардан гөрі тұрмыстық жарақаттардың жиілігі жоғары. Атап айтар болсақ, күйік, улану, биіктіктен құлау, әр түрлі сынықтармен дәрігердің алдына келетін бүлдіршіндер көбейген. Жылына облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 7000-8000 жарақат алған бала түседі. Биылғы жылы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында биіктен құлау – 5, күйік – 160, улану – 38, жол-көлік жарақаты — 64, 187 тістеме жарақаты тіркелген. Салыстырмалы түрде қарағанда, бес жасқа дейінгі балалар балабақшада, лагерьде болғанда үйдегі балаға қарағанда аз жарақат алады екен. Өйткені олар тәрбиешілердің қатаң бақылауында. Байыпты бақылау, жіті назар бар жерде қауіпсіздіктің мықты болатыны бесенеден белгілі.

Жанкешті ана, қамқор әке ескіліктің елесі ме?

Шетелде болған келеңсіз оқиғаларға саусақ шошайтып, өз басымызға түспейтіндей күлеміз кейде. Мәселен, АҚШ-тың Техас штатында әкесі шыжып тұрған ыстықта көлігінде ұмытып кеткен қызын мұздатқышқа салып құтқармақ болыпты дегенді естігенде жағамызды ұстадық. Бірнеше сағат бойы қапырыққа қамалған бөбек көлік ішінде есінен танып қалған. Бұл кезде үйге кіріп, ұйқысын қандырып шыққан әке баланың бар екені есіне түсіп, көлікке қарай жүгіреді. Ес-түссіз жатқан сәбиді айықтырмақ болып, мұздатқышқа жүгіреді. Бірақ мұндай азаптауға ағзасы төзбеген сәбидің жүрегі сол мұздатқышта жатқанда тоқтайды. Аузын айға білеген Америкадан жеткен тағы бір оқиға ойға оралып отыр. Аризона штатында атышулы Pokemon Go ойынын ойнаған ерлі-зайыптылар 2 сағат бойы 2 жастағы баласын көшеде ұмытып кеткен. Associated Press ақпаратына сүйенсек, үйдің алдында жылап отырған балақайды көршісі көріп, полиция қызметкерлерін шақыртқан. Полиция 27 жастағы Брент Дэйли мен 25 жастағы Брианна Дэйлиді ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін тұтқындады. Бір кездері біздің қоғамға жат көрінетін мұндай оқиғаларды бүгінде естір құлақ жатырқауды қойған. Баласын қасақана қоқыс жәшігіне, дәретхана мен кәріз бұғазына қалдырғандарды да, назарсыз қалған бүлдіршіні байқаусызда бақилық болғандарды да, салғырттықтың кесірінен сәбиінің шыбын жанын шырылдатқандарды да көріп жүрміз. Ана дейтін аяулы аттың, әке дейтін ардақты ұғымның қасиетін сақтау, қадірін кемітпеу ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырғандарға ғана емес, перзентінің жарық дүниеге келуін тосып жүрген жандарға да сын. «Сенің табаныңа қадалған шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін жанкешті аналар, бауыр еті баласы үшін барын беруге, жанын қиюға дайын тұратын әкелер ескіліктің белгісі болып бара жатқандай.  

Анар ЛЕПЕСОВА