«Ойлануға уақыт жоқ»: полицей мүгедек әйелді өрттен құтқарды

Өскемен қаласында жалын шарпыған жер үйден мүмкіндігі шектеулі екі адам шыға алмай қалған. Сол кезде оқиға орнына өрт сөндірушілерден бұрын жеткен полиция қызметкерлері Қанат Қасымханов пен Мирхат Гинаятов еш кідірместен оларды құтқаруға ұмтылады.

Оқиға 7 желтоқсан күні сағат 07.40-шамасында болды. «102» жедел арнасына Камчатская көшесіндегі жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны жайлы хабар түскен. Сол жерге лезде қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қанат Қасымханов пен Мирхат Гинаятов келіп жетеді.

«Үйдің алдында бір топ адам жиналып қалыпты. «Бұл үйде кім тұрады?» деп сұрадық. Сол кезде олар мұнда мүгедек екі кісінің тұратындығы жайлы айтты. Қақпаның есігі жабық болғандықтан әріптесім екеуіміз секіріп ішке ендік. Осы мезетте үй ішінен айқайлаған дауыстар естілді», – дейді аға лейтенант Қанат Қасымханов.

Тәртіп сақшылары өрт сөндірушілердің келіп жеткенін күтіп тұрмай терезені шағып үйге кірген.

«Адам өміріне қауіп төнгенде ойлануға уақыт жоқ. Сын сағатта дереу әрекет етпесек кеш қалуымыз мүмкін. Әйтеуір дегенде бір бөлмеден әйел адамды таптық. Артынан анықталғандай, оған иіс тиген екен», – дейді полицей.

Полиция қызметкерлері оны көтеріп терезе арқылы сыртқа шығарған. Сол кезде әйел үйде арбаға таңылған апайының қалып қойғанын жеткізді. Сақшылар қайтадан ішке кіріп іздеуге кірісті. Бірақ үйді тұмшалаған қою түтін мен лаулаған от бет қаратпады. Міне осы уақытта өрт сөндірушілер келіп жеткен. Құтқарушылар көп ұзамай екінші әйелді тауып алды.

Оларға оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі екі әйел де аман қалды.

Күршім ауданында дүниеге келген Қанат Қасымхановтың құқық қорғау органында қызмет етіп жүргеніне 14 жылдан асыпты. Үйленген, екі баласы бар. Ал Өскемен қаласында 1996 жылы туған Мирхат Гинаятов әзірше бойдақ. Сақшылардың сөзінше, оқиға қас-қағым сәтте өте шыққан. Бүгінде олардың ерліктері бағаланып, ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиевтің қолынан грамота алды.

 

Back to top button