Нұрат Ілияс, саясаттанушы: Сауд Арабия, Катар сияқты «оригинал дін үйреткіштер» біздегі діни топтарға көмек жіберген

Нұрат Ілияс, саясаттанушы: Сауд Арабия, Катар сияқты «оригинал дін үйреткіштер» біздегі діни топтарға көмек жіберген

Нұрат Ілияс, саясаттанушы: Сауд Арабия, Катар сияқты «оригинал дін үйреткіштер» біздегі діни топтарға көмек жіберген
ашық дереккөзі
1990 мен 2000 жылдардың орталарында  Қазақстанда діни секталар қаптады.  Қазақ бұрын атын естімеген «Иогова куәгерлері, кришнайттер»  сияқты секталардың уағыздары қызып тұрды. Одан бөлек елге «нағыз исламды жаюшылар» ағыла бастады.  Сол жылдары ресми лицензиясы бар молдекеңдердің де уағыздары елге өте қоймады. Елдің басым көпшілігі, бұрыннан бері тұрып келе жатқан қазақ халқы өзінің дәстүріне, салтына бейімделген ислам дінінде болды. Дегенмен сол дәстүрлі дінмен жүрген қазақ қоғамының ортасына «ислам» атын жамылған радикалдар да кірі бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізден көптеген жастар діни білім іздеп араб елдеріне кете бастады.   Сол жастар кейін елге оралды.  «Нағыз таза дін   келді» – деп жұрт сол жастардың уағызын тыңдай бастады. Радикалды ислам дәл сол кезден бастап белең ала бастады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихында еліміз діндер жөнінен азды көпті тәжірибе жинады. «Нағыз дінді» де  көрді. 2009 жылы Тараз қаласынан бастап еліміздің бірнеше қаласында  радикалды исламшылдар бүлік шығарды.  Мақсаттары зайырлы қоғамнан бас тартып елде шариғат орнату. Қазақ елін халифаттың бір бөлшегіне айналдыру еді.  2011-2012 жылдары елімізді бірінен соң бірі болған террорлық жарылыстар тізбегі дүр сілкіндірді. Жарылыстардың ең үлкендері Ақтөбе, Атырау, Тараз және Алматы облыстарында болды. Дәл сол уақыттары Қазақстанда 14 жарылыс болды. Сол жарылыстардың салдарынан 70 адам қайтыс болды. Олардың ішінде 51-і терроршылардың өздері, 13 адам қауіпсіздік күштерінен және 6 адам оқиға орнында болған бейбіт тұрғындар еді. Террористердің жаңа шабуылдары 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде басталса 18 шілде күні Алматыда жалғасты. Ақтөбедегі жарылыс салдарынан 17 адам мерт болды. Сол жаралыс Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үлкен террорлық  акт болды. Біздің  мына қоғамда діни экстремизмнің бар  екенін, оның ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп тұрғанын әлемдік үдерісті бақылап жүрген, оқыған көзі ашық адамның бәрі түсінді. Жағдайдың неге солай болып кеткені жайында отандық сарапшылар мынадай пікірге келіпті. Ең алдымен 90 жылдары елдегі әлеуметтік жағдай күрт төмендеген. Жұмысыз қалған халықтың біраз бөлігі паникаға ұрынып, сырттан жоспарлы түрде дайындалған, елімізге импортталған секталарға күн көру үшін мүше болған екен. Мүше болғандардың кейбірі сол діндерге шынымен сенген. Кейбірі ақша үшін жүрген. Террорлық белсенділік елімізде әрқашан әлеуметтік экономикалық жағдайлардың нашарлап, ушығып кеткен уақыттарында болды. 2011 жылғы террорлық бүліктер Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы Қазақстандық мұнай өндіруші компания «ҚазМұнайгаздың» жұмысшылары ереуілдерге шығып жатқан кездес  болды. 2016 жылғы жарылыстар болса  теңгенің құнсызданып, мұнай өнімдерінің бағасы түсіп, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға берілетін жәрдемақылардың қысқарған уағында болды. Дәл сол кездері Атырау мен Ақтөбе облыстарында жер кодексі туралы жаңа заңға қарсы ереуілдер болып жатқан еді.   Бірақ  елдегі әлеуметтік наразылық радикалды діннің жайылуына себеп болатын фактордың бірі емес. Террорлық бүліктер елдің ішіндегі ішкі саяси жағдайларды тұрақсыздандыру, шайқалту  үшін керек болды.  Сол жылдары әсіресе ауылдық жерлердегі мектептердің білім беру сапасы түсіп кеттті. Зайырлылық принциптерімен білім беру  кей жерлерде тоқтап қалған еді. Маргиналды топтар пайда болды. Сауд Арабия, Катар сияқты «оригинал дін үйреткіштер» мақсатты түрде осы топтарға көмек жіберген. Оны бақылап отыратын жергілікті билік, әкімшілік жағдайдың күрделі екенін түсінбеген, түсінетін маман болмаған немесе шарасыздық танытқан. ҚМДБ беделі  елімізде тұрып жатқан мұсылман ұлттар диаспоралары арасында  мүлде болмаған. Басты себебінің бірі ол ҚМДБ тек қазақ тілінде уағыз жүргізген. Енді бұл шындық. 1990 және 2000 жылдар басында елдегі тілдің жағдайы солай еді. Мүмкін қазір ҚМДБ қазақша уағыздарын тыңдап қалар. Бірақ бұл да күмәнді. Мысалы дүнген ұлтының өкілдері ҚМДБ-да  тіркелгенімен іс жүзінде еш мойынсұнбаған. Одан бөлек шешен, ұйғыр, өзбек, татар мешіттерінің де  бар болғандығы осындай жағдайлардың дәлелі. Сол жылдары әлеуметтік жағдайы нашарлар немесе тұрмыстық жағдайын көтеріп  алғысы келгендер мен жеке кәсібінің жайын ойлаған көп адам белгілі бір жамағаттарға мүше болды. Кейін сол жамағаттар арқылы мемлекеттік биліктің әр тармағына ене бастады. Сол жылдары шетелдерге шығып діни білім алу жастар арасында сәнге айналды. Жаппай жекеменшік мешіттер салына бастады. Ол мешіттерге әркім қалағанынша өз жамағатының немесе әулеті мен әкесінің аттарын беріп жаттты. Немесе мешітке ақша бөлген пәлен жердегі пәлен шейхтың есімдері берілді. Сол мешіттерге ҚМДБ-нан шыққан лицензиясы бар молда емес сол жамағаттың  ұстаздары уағыз жүргізді. Бірақ  сыртқы факторлардың әсері жоқ деп те  айтуға болмайды. Біздің елімізден тысқары жерлердегі радикалды діндер мен торролық қауіптердің ошағы Сирия, Ирак және тұрақсыздықтардан көз ашпайтын Ауғанстан. Егер бұрын экстремистік, террорлық  ұйымдар қатарына тартылатын жастар жеке мешіттер арқылы кетсе, ал қазіргі  кетіп жатқандардың 80% интернет арқылы тартылып жатыр. Қазақстанда діни экстремизмге қарсы іс-қимыл және оның алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2011 жылғы қайғылы оқиғаларға дейінгі Қазақстандық террормен күресу моделі сыртқы күштерге бағыталса, сырттан келеді деп күтілсе енді еліміздің сол қауіппен күресіндегі  тәсілдері өзгерді. Ендігі күн тәртібіндегі жұмыстың мақсаты  діндер ішіндегі радикалды жағдайларды бақылау оларды болдырмау, алдын ала шаралар қолдану болды. 2011 жылғы мамырдағы терактіден кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев  осы саланы реттеу міндеті жүктелген «Дін істері агенттігін» құру туралы жарлыққа  бірден қол қойды. 2016 жылы Ақтөбе мен Алматыда болған террорлық  жарылыстардан кейін қоғамның радикалдануына және халық арасында деструктивті діни ілімдердің таралуына қарсы тұру жүйесі құрылып, осы сала тағы бір реформаланды. 2016 жылдың қыркүйек айында Назарбаев «Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін»  құру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық шыққаннан бір жылдан кейін 2017–2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының діндер саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы қабылданып, 2017–2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл шеңберінде 2018-2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» мемлекеттік бағдарламалар бекітілген. Қазақстанның Жоғарғы сотының шешімдерімен әлемдегі бірнеше экстремистік, террористік, радикал топтарға Қазақстан аумағында тыйым Салынған. Қазіргі біздің жастар түрлі радикалды топтардың қармағына түсіп қалмау үшін мына төмендегі ұйымдарды біліп жүрген абзал деп ойлаймын. І. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде: «Аль-Каида»,  «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»,  «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»). ІІ. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес: «Асбат аль-Ансар», «Братья-мусульмане» (Мұсылман бауырлар), «Талибан» қозғалысы «Боз гурд» (Бозқұрттар), «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба»,  «Әлеуметтік реформалар Қоғамы» ІІІ. Астана қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес: «АУМ Синрикё» (Жапониядағы діни ағым), «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы» ІV. Астана қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешіміне сәйкес: «Түркістан ислам партиясы».
  1. Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылдың 26 ақпанындағы шешімімен: «Таблиғи – Жамиғат» халықаралық діни ұйымы мен Хизб-ут-Тахрир ұйымдарына тыйым салынды.