Италиядағы зілзала құрбандарының саны 247-ге жетті

Италиядағы зілзала құрбандарының саны 247-ге жетті

Италиядағы зілзала құрбандарының саны 247-ге жетті
ашық дереккөзі

Италияда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 247-ге жетті Бұл туралы РИА Новостиға сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлады.

Бұған дейін 159 адамның көз жұмғаны және 368 адамның жараланғаны хабарланған еді. Із-түзсіз жоғалғандардың нақты саны әлі белгісіз, құтқарушылар тәулік бойы демалмай жұмыс істеуде. «Құтқару жұмыстары түнде де тоқтаған жоқ, қазір де жалғасып жатыр. Риети коммунасында 190 адам құрбан болған, ал Асколи-Пичено қаласындағы провинцияда 57 адам көз жұмды», - делінген хабарламада.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бірінші магнитудалық сілкініс (6,0) таңғы сағат 3.36-да Риети провинциясында тіркелген. Осыдан кейін бірнеше рет жер асты дүмпулері болған. Ең қатты болған дүмпулер 4.34-те (07.36 Астана уақытымен) тіркелген. Аматриче мэрі Серджио Пироццидің айтуынша, төтенше жағдай кезінде қаланың жартысы қираған, адамдар қирандылар астында қалған. Жер сілкінісінің ошағы − Аккумоли қаласының маңындағы Риети провинциясы.

Италиядағы зілзалаға байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттің премьер-министрі Маттео Ренциге көңіл айту жеделхатын жолдағанын айта кетейік. Елбасы Апенин түбегінің орталық бөлігіндегі жер сілкінісі салдарынан адамдардың қаза болғаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті достас Италияға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізіп, табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.