Жаңалықтар

Банк қызметкерлерін алдайдын алаяқтар көбейген

ашық дереккөзі

Банк қызметкерлерін алдайдын алаяқтар көбейген

Соңғы кездері республикамызда алаяқтық қылмыстардың азаймай тұрғанына алаңдаған құқық қорғау органдары өткен жылы отыз мыңнан астам түрлі алаяқтық фактілерінің тіркелгенін айтып, дабыл қағуда. Әсіресе, қара халықты алдап соғу деректері, несиемен байланысты болып отыр. Оның ішінде, екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің қатысуымен орын алған алаяқтық қылмыстар да аз емес. ҚР Ішкі істер министрлігі тіркелген алаяқтық фактілері жөнінен алдыңғы орында Астана мен Алматы қалалары тұрғанын, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қа-зақстан, Алматы және Қарағанды облыстарының да алғашқы бестікке ілінгенін хабарлады. ҚР ІІМ Криминалдық полиция басқармасы мүліктік қылмыстарды ашу бөлімі бастығының орынбасары Андрей Кучердің айтуынша, орын алған алаяқтық әрекеттердің 82,5 пайызы ұсақ және орташа деңгейдегі қылмыстық фактілер болса, алаяқтық әрекеттер, әсіресе, тұтынушыларға қызмет көрсету саласында жиілеп кеткен.

Сондай-ақ, құзырлы орган өкілдері қара халықтың алдымен сеніміне кіріп, артынша сан соқтырып кететіндердің көбейгенін айтуда. Алаяқтықтың осы түрін кәсіп еткендер өз әрекеттерін көбіне бұқаралық ақпарат құралдарына тұтынушылық несие алу мүмкіндігі жайында түрлі хабарландырулар беру арқылы жүзеге асыруда. Мұндай алаяқтардың қармағына ілінген жәбірленушілер олардың «қысқа мерзімде әрі ешқандай кепілсіз және табыс көзін растайтын анықтамасыз кез келген банктен несие алып береміз» деген сөздеріне алданып, банк алдында өз еріктерімен берешек болып қалғандарын мойындайды. Сонымен қатар, халықты екінші деңгейлі қаржы секторларының алдында қарызға батырғандар банк қызметкерлерінің өздері екені анықталған.

Барлығы 260 жеке тұлғаға кепілсіз несиелерді заңсыз рәсімдеген алаяқтар банкке жалпы сомасы 727 млн 190 мың 803 теңгенің мүліктік залалын келтірген. Аталған алаяқтық топ еш жерде жұмыс істемейтін әрі несие талаптарына жауап бере алмайтын адамдардың атынан несие рәсімдеуде асқан айлакерлікпен банктердің көзін байлауға тырысқан. Азаматтардың табыс көзін растайтын жалған құжаттар дайындап, қаржы секторларының талабын орындап отырған. Егер сізге біреу есепсіз, қайырымы жоқ жақсылық жасамақ болса, оны берілген мүмкіндік я болмаса сәттілік қадамы деп қабылдамай, күмәнмен қарай жүріңіз. Өйткені, артық қыламын деген алаяқ түбінде тыртық қылуы бек мүмкін.