Ілия Жақанов: Сұлубай батырдың әні - Алтай тауындай бір ғажап (видео)

Ілия Жақанов: Сұлубай батырдың әні - Алтай тауындай бір ғажап (видео)

Ілия Жақанов: Сұлубай батырдың әні - Алтай тауындай бір ғажап (видео)
ашық дереккөзі

Сұлубай батырдың әні

Ырысы шалқыған Шыңжан... сый-сыяпаты келіскен Үрімжі! Қазақта сыбаға беру салты бар. Ол ата-баба жолынан қалған қасиетті рәсім. Үрімжіде бұл салт жақсы сақталған. Оны бізге сыбаға әкелген Сағидолла, Байтақ, Төлеубай, Еркінбек, Рәфила, Елеусіз, Жұмағали, Шәміс Құмар бас болған «Шұғыла» журналының ізеті мол жігіттерінің сый-құрметінен көрдік. Әр кеште — бір сыбаға. Ысталған соғымның қазы-қартасын жеп отырып қаншама тарих шертіліп, қаншама әндер... бізге тосын әндер айтылды. Сол дулы жиындарда көп сөз Сұлубай батырдың әні төңірегінде өріс жайып еді. Әр көкіректе қорғалап жүрген сол көп сыр ірі тарихи тұлға — Сұлубай батырдың сымбатын келістіре сыпаттап, оған таңғалдыра бір қаратты. Бүркітбай батырмен тағдырлас Сұлубай батыр, ол! Сұлубай батырдың әнін аз қаузағам жоқ. Қыруар әңгіме естідім. Бірақ, ол Іле, Алтай, Тарбағатай жұрты білетін, маған әлі беймәлім тарихтың қасында ештеме де емес. Ол жайында айтар сөзім ұлы Моцарттай байтақ өмірі бар композитордың көл-көсір музыкасына ептеп барлау жасаған Чичериннің этюді секілді ме, қалай? Жо-оқ, оған жете де қоймас. Мен үшін Сұлубай батырдың әні әлі... әлі де болса боз мұнарға тұнып, қарлы шыңдары бұлдырап көрінген, көзді арбаған Алтай тауындай бір ғажап құбылыс. Сұлубай Абақ Керей ішінде — Жантекей. Ата мекені —Шіңгіл. Өзі Буыршынның Ақтүбек деген жерінде 1914 жылдары дүниеге келген. Тумысынан ақын, әнші, сері адам. Оның бақытсыз беймаза өмірі Гоминдан билеушілерімен арпалыста өткен. Гоминдандықтар елді Ганьсу, Шанхайға қуғанда Алтайда күрес бастап, ат ойнатып, қатерге бас тігіп, ерлік туын көтерген кемеңгер азамат. Ганьсу, Шанхайға ығып, босып, шарасыз халде көш бойында еңіреп кетіп бара жатқан ел-жұртына жүрегі езілген Сұлу­бай: Атымды Сұлубай, деп әкем қойған, Руым Жантекейде ортаны ойған. Жазықсыз жауым мені қойды қамап, Кетпейді бұл қорлығың әсте ойдан. Шіңгілдің мөлдір суындай, Деп салған әнім Сұлубай! Дүние өтер, кетер ескен желдей, Жақсының жүрген жері рулы елдей. Жаманмен мың күн ойнап, сан күлсең де, Жақсының болмайды екен бір күніндей Секпілтай, Шаңқан, Тұрғын-ай, Осымен өтті бір күн-ай! Астымда алқоңырым желмедің ғой, Құдайым сұрағанды бермедің ғой. Талпынып қанша қанат қаққанменен, Қысқа жіп күрмеуіме келмедің ғой. Секпілтай, Шаңқан, Тұрғын-ай, Есен бол, ел-жұрт құрбым-ай! Үйінде ер туады, түзде өледі, Жаз шықса уақыт озып, күз келеді. Ел үшін төгеді ер маңдайдан тер, Артынан ердің еріп із келеді. Былғары белбеу бұраң бел, Бұрылар ма екен, қайран ел?! Бойынан Көктоғайдың ел көшкенде, Жазығын ақ даланың оқ тескенде. Сүрініп қара арғымақ қу томарға, Бұйдасын қара нардың оқ кескенде. Қайқая шапқан қарагер, Қайырылар ма екен, қайран ел?! Басында мәуесі жоқ қу қайыңның, Жігітке пайдасы жоқ уайымның. Саялы бұлақ, көк жайсаң, Арман жоқ күліп ойнасаң. Сан жердің дәмін татып, суын іштім, Білмеймін қайда аларын құдайымның. Былғары тоқым, бұраң бел, Бұрылар ма екен, қайран ел. Қонаққа қой соя ма, лақ тұрып, Құдықтан су іше ме, бұлақ тұрып, Қоштасқан жерім мынау амалсыздан, Сұлубай елін қимай жылап тұрып. Шіңгілдің бойы көк жасаң, Көреміз елді, біз қашан?! Қандай азалы көш... қатал кезең... шерлі жүрек әні, бұл! Сұлубай тағдыр тәлкегіне түскен елімен жылай қоштасып қана қала бермейді. Күреске шығады. Бір шайқаста ол ер жүрек серіктерін бастап барып, Ағашоба деген жерде бір шоқыны басып алып, бекініп жатқан гоминдандықтарды бытшыт қып айдап түскен. Тағы бірде Дөңді маңында болған кескілескен ұрыста жау оғынан мерт болады... Ел бүгінде баяғы Ағашобада көрсеткен ерлігін ардақтап сол шоқыны — Сұлубай шоқысы, деп атайды. Бұл — ардагер әншіге ел құрметі, ел ескерткіші. Ал: «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес», деп ұлы Пушкин айтқандай халық өмірінің бір қысталан, тар кезеңін тарих сөзі етіп бейнелеген бір ғана әнімен өзіне-өзі ескерткіш жасаған өр тұлға! Әнді Шәміс Құмардан, Еркінбектен тыңдадым. Әннің музыкалық тілі жарқын, өрнекті иірімдері жалын жүректі жанның елге, жерге, өмірге құштарлығы үміті сәулелі мұңның мөлдір лиризіммен береді. Онысы өзімен елдес Бүркітбай батырдың әніндегі азаматтық рухқа ұласып сол дүрбелеңнің қайғысын тереңдете түседі. Маған осы әннің сөзін берген білгір фольклорист Елеусіз Тұрақұлы: «Бүркітбай мен Сұлубайдың әндерін ел өксіп жүріп айтқанда, бұл елдің күйшілері де шер күйігін тартты. Халықта «Төрт жаяу» атты күй бар. Оны ел Ганьсу, Шанхайға қарай шұбырғанда Нәубел деген күйші шығарған. Нәубел — Керей ішінде Жантекей, оның Шақабай атасынан. Гоминдандықтармен айқаста төрт жігіт аттары өліп, жаяу қалады. Күй сол бір жанкешті кезді еске салады да тұрады. Міне, Алтайды жайлаған Абақ Керейдің — Бүркітбай, Сұлубай батыры, Нәубел күйшісі Шыңжан тарихындағы зор трагедияны осылайша ұмытылмас азалы жыр ғып қалдырды,— деді. Шыңжан елі арғы атасы — Өгізшібай балуан — Сұлубай батырдың әнін шырқап, оның Күлән келіншекпен айтыстарын аңыз ғып гулетіп жатады...

Ілия Жақанов,

жазушы, композитор, өнер зерттеуші

Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

Ақын Дәулеткерей Кәпұлының орындауы

Әнші Тілеулес Құрманғалиевтің орындауы

Әнші Бекболат Тілеуханның орындауы