Депутатқа қатысты қылмыстық іс тергелуде, қорланған қыз қорғауға алынды
Депутатқа қатысты қылмыстық іс тергелуде, қорланған қыз қорғауға алынды
Ақтөбе полициясы облыстық мәслихат депутатына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Ал жәбірленуші қыз қорғауға алынды.
Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты кәмелет жасына толмаған қызбен жыныстық қарым-қатынасқа түсті деген күдікке ілікті. Бұл туралы бірқатар әлеуметтік желі парақшасында жарияланды. Полиция бұл іске қатысты түсінік берді.
«Ақтөбе облысының полиция департаменті жеке тұлғаға қарсы қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін Ақтөбе қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазіргі уақытта күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 128-бабының тәртібімен Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ал облыстық білім басқармасы кәмелет жасына толмаған қыздың жанында психологтар жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Кеше келеңсіз оқиғаның тіркелгені рас. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Жәбірленуші кәмелет жасына толмаған. Сондықтан біз оқиғаны жария ете алмаймыз. Оқушы қауіпсіз жерге, яғни, арнайы мекемеге орналастырылды. Жанында тәрбие ісі жөніндегі маман, психолог, ішкі істер органдарының өкілі бар. Ешқандай психологиялық ауытқуы жоқ. Толық емес отбасында тәрбиеленген», – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрқожаева.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Аркадий Ни заңға қарсы әрекет жасады деген күдікпен ұсталды. Облыстық Саяси кеңес бюросының қаулысымен ол «Nur Otan» партиясы қатарынан шығарылды.