Төреғали: Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабекке ұлымның аузына түкірттім

Әнші Төреғали Төреәлі ұлы Төренұрға бата беруін сұрап әрі ырымдап баласының аузына түкірту үшін Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан мен «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабекке өтініш білдіргені туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды.

Төреғали: Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабекке ұлымның аузына түкірттім
ашық дереккөзі

«Бұл мен үшін және менің ұлым Төренұр үшін керемет тарихи күн болды. Алладан сұрап, артыңнан ерген қарасының алдынан тек ақ күн туғанын кім қаламайды дейсіз?! Ата-ананың қадірін балалы болсақ та толық біле алмай жүрміз ғой, бірақ бұрынғыға қарағанда сезініп келе жатырмыз енді» деп жазған әнші өнерде азды-көпті жетістікке жетсе, ол – әуелі құдайдың, сосын дуалы ауыз көпшіліктің берген батасының арқасы деп есептейді. Оның айтуынша, риясыз, ықыласпен берілген бата қабыл болады. Әнші ауылдан Алматыға келгенде, «сол кісілердей болсам» деп, бой түзеген ағалары Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек жайлы қазір ел арасында айтылып жүрген әртүрлі әңгімелерге сенбейтінін айтады. «Бұл кісілер туралы арагідік әртүрлі әңгіме естісем де сенген емеспін, себебі мен көрген Бекең мен Мұхаң мен естіген Мұхаң мен Бекеңе еш ұқсамайды. Он жылдан аса бір кілт еткен кілтипаны, сезікті әрекеті болса ендігі байқар едік қой. Сондықтан кімге болса да жамандай кетіп, жала жабуға асыға бермеймін» дейді Т.Төреәлі. Төреғали Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек руын да сұрап жатпастан, бауырына басқаны үшін бұл кісілерге дән риза екенін де білдірді. Әнші осындай қамқорлықтары үшін сыйлайтын ағаларына ұлының аузына түкіртіп, бата беруін өтінгенін жазады. «Сонымен не керек, Бекболат ағаның осында екенін естіп Мұха ағаға хабарласып, баламның аузына түкіртіп, батасын алып қайттым. Алла біздің жаманға да осындай ұлтын ойлап, жұртын жақсылыққа шақырып жүретін ардақты ағалардың жолын нәсіп етсін! Сіздер әумин деп отырыңыздар ағайын!» деп сөзін түйіндейді әнші Төреғали.