Қызылорда облысының бұрынғы әкімі 8 жылға сотталуы мүмкін

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі 8 жылға сотталуы мүмкін

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі 8 жылға сотталуы мүмкін
ашық дереккөзі
Прокурор Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовты сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. "Ысқақов Қуанышбек Досмайылұлына Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (Алаяқтық) бойынша айып тағылды, – деді айыптаушы тарап. – Прокурор Ысқақовты өзінің әрекетіне сәйкес сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр". Ысқақовқа қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасады деген айып тағылды. Ал оның екі орынбасары мен екі кәсіпкер бұл қылмысты жасауға көмектесуші ретінде сотталып жатыр. Прокуратура екі орынбасардың әрқайсына жеті жыл, кәсіпкерлердің әрқайсына алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Қызылорда облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары "Сыр мейірімі" қоғамдық-әлеуметтік қорына тиесілі 80 миллион теңге (190 мың доллар) көлеміндегі қаражатты жымқырды деп айыпталуда. Қызылорда облысының экс-әкіміне қатысты сот үкімі 10 желтоқсанда Қызылорда қаласының екінші қалалық сотында шығады. Сотта Қуанышбек Ысқақов соңғы сөзін айтты, ол өз кінәсін мойындамады. Экс-әкімнің айтуынша, оның Арыс қаласына арналған қаражатқа да, "Сыр мейірімі" қорына да еш қатысы жоқ. "Куәлардың жалған айғақтары мен жәбірленуші Әбдірахимованың жалған құжаты негізінде айып тағылып отыр", - деп есептейді сотталушы. Қуанышбек Ысқақов пен оның орынбасарлары Марат Делмұханов, Мұрат Имандосов былтыр көктемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған болатын.