Сағынтаев Алматыдағы екі метро станциясы қашан іске қосылатынын айтты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы «Сарыарқа» және «Достық» станциялары мен метро желісінің құрылысы қызу жүріп жатқанын айтты. 

Бұл екі метро желісінің ұзындығы – 3,1 шақырым.

«Станциялық құрылыстар мен аралық тоннельдердің негізгі конструкцияларының дайындығы шамамен 90%-ті құрайды. Әрлеу жұмыстары, станцияларды сәулеттік безендіру, құрылыстарды инженерлік қамтамасыз ету, жолдың жоғарғы құрылысын қалау және технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде», – деді қала әкімі.

Екі станциясы бар желіні іске қосу 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланып отыр.

«Сарыарқа» және «Достық» станцияларының іске қосылуымен жолаушылар ағыны екі есеге – тәулігіне 86 мың адамға дейін артады», – деп түсіндірді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, 2020 жылдың соңына дейін кореялық HyundaiRotem өндірісінің электр пойыздарының 8 құрамын (32 вагон, әрқайсысы 4 вагоннан) жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жолаушылар ағынын арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қазір Алматы метрополитенінде 9 станция жұмыс істейді, желінің ұзындығы – 10,3 шақырым.  Орташа жолаушылар ағыны тәулігіне 45-50 мың адам.

 

Back to top button