Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Бізді ортақ тарих байланыстырады
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Бізді ортақ тарих байланыстырады
Әлемдік саясат пен экономикада Шығыс Еуропаның орны ерекше. Осыған байланысты Қазақстанның Президенті мемлекеттік сапармен Варшаваға барды. Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының президенті Анджей Дудамен кездесіп, кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді, бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан мен Польша қарым-қатынасы 1991 жылдан басталады. Елбасының биылғы сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Екі ел президенттері Польша президентінің резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Онда сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, транзит-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы декларация, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісім, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және «Қазақстан даму банкі» АҚ мен Польшаның Ұлттық экономика банкі арасындағы негіздемелік келісім.
Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздердің жемісті болғанын айтып, биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 25 жыл толатынын атап өтті.
– Біздің елдерімізді ортақ тарих байланыстырады. Польша – Қазақстанның Еуропадағы ең жақын әрі маңызды серіктесінің бірі. Елдеріміздің арасында, әсіресе, экономикалық сала бойынша өзара тиімді көптеген перспективалы бағыттар бар. Алда еліміздегі іскер топтар өкілдерінің қатысуымен ірі бизнес-форум өтеді. Жалпы құны 1 млрд доллар болатын екіжақты келісімдерге қол қою жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның индустриялық әлеуеті артып отырғанына да назар аударды.
– 5 жыл ішінде мыңға жуық жаңа өндіріс кәсіпорны іске қосылды. Польша кәсіпкерлерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, келесі жылдан бастап екі елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізу жоспарлануда, тікелей әуе байланысын жолға қою мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бүгінде өзара тауар айналымы 1 млрд 100 млн долларға жетті. Әрине, бұл қазіргі әлеуетімізді толық көрсете алмайды. Арамыздағы өзара экономикалық іс-қимылды жандандыру және азаматтарымызға жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасау қажет. Екі ел арасындағы сенімді достық қарым-қатынас халықтардың жақындаса түсуіне септігін тигізетініне сенемін, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы республикамызда екі ел арасына дәнекер болып отырған 40 мыңға жуық поляк тұрып жатқанын да арнайы атап өтті. «Биыл олардың Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толады. Бұлардың барлығы – елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілімен тең құқылы өз азаматтарымыз. Мемлекет оларға барынша қолдау көрсетіп келеді», – деді Елбасы.
Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға сапары елдер арасындағы серіктестіктің жандана түсуіне серпін беретінін атап өтті. Сондықтан екі елдің мүдделері ортақтығына және екіжақты іс-қимылды, оның ішінде көлік-логистика және мұнай-газ салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың ауқымды перспективалары бар екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы Польша президентін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне шақырып, поляк іскер топтары өкілдеріне Астанадағы халықаралық қаржы орталығының қызметіне атсалысу жөнінде ұсыныс жасады. Польша президенті А.Дуда Польшаның алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатынын және бұл іс-шараға жеке өзінің келуге әзір екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Сербияға да барды. Мемлекет басшысы сапар аясында Сербия Президенті Томислав Николичпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Оның қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Сербия Премьер-министрі Александр Вучич және Сербия Патриархы Иринеймен кездесті. Сондай-ақ Белград қаласында Жамбыл Жабаевтың ескерткішін ашу салтанатты рәсіміне қатысты.