Коронавирус өрши ме: Алматыда 7 мыңнан астам төсек-орны дайындалды
Коронавирус өрши ме: Алматыда 7 мыңнан астам төсек-орны дайындалды
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пандемияның жаңа толқыны мен мегаполистің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты шаралар туралы айтты.
Алматыда 7011 төсек-орны бар 23 стационар дайындалды. Пандемия кезінде Алматыда үш жаңа инфекциялық стационар салынды – 2 модульді клиника және РВ-90 госпиталі. Жеке инвестициялар есебінен екі клиника қайта құрылды.
«Клиникалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Былтыр мекемелерді медициналық жабдықтармен жарақтандыруды жаңғыртудың үш жылдық бағдарламасы қабылданды. Биыл 74 стационар мен клиника үшін 4197 бірлік құрал-жабдық сатып алынды», – деді әкім.
Жедел медициналық көмек көрсету жұмысы және науқастарды бағдарлау жаңа алгоритмге ауыстырылды. Жаңа 35 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. 16 желтоқсанға дейін қосымша 50 машина келеді. 2021 жылдың басында тағы 50 көлік алынбақ.
Жалпықалалық зертханалық желі мен пациенттерді диагностикалау жұмысы орталықтандырылды. Жалпы, қуаттылығы тәулігіне 14 мыңнан астам ПТР-зерттеулерін 22 мыңға дейін кеңейту мүмкіндігі бар. Қалалық стационарлар үшін тікелей қолжетімді КТ-, МРТ-, рентген-суреттердің бірыңғай банкі құрылды. Жасанды интеллектіге негізделген АТ платформасы өкпенің ең көп зардап шеккен аймағын анықтайды. Ол дәрігерлерге нақты диагноз қоюға және ем-домның сапасын жақсартуға көмектеседі.
Сонымен бірге, амбулаторлық деңгейде медициналық көмек көрсетудің маңызды буыны (түйіні) болып табылатын алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысы күшейтілді.
«Былтыр жақын орналасқан қолжетімді жерден медициналық қызмет түрлерімен қамтамасыз ету бойынша үш жылдық қалалық жоспарды қабылдадық. Барлығы 35 амбулатория салынады. 16 амбулатория іске қосылды, келесі жылы тағы 11 амбулатория пайдалануға беріледі», – деп атап өтті қала әкімі.
Бірінші эшелон стационарларын медициналық газбен, соның ішінде оттегінің орталықтандырылған жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жалпықалалық бағдарлама іске асырылуда. Қаланың медициналық ұйымдарының кәріз суларының биологиялық қауіпсіздігі режимі енгізілді. Медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуға бақылау күшейтілді.