Жетім бала жыламасын десек...

Жетім бала жыламасын десек...

Жетім бала жыламасын десек...
ашық дереккөзі

Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды тіркейтін банк қалыптаспақ

 Таяуда ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды тіркейтін банк пилотты режимде жұмыс істей бастады. Бісміллә деп, тізімге 1326 баланың анкетасы енгізілді. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен іске асқан заманауи жобаның жүгі ауыр. Десе де, елімізде жетімдер мәселесіне қатысты қордаланған мәселе ұшан-теңіз. Жетімдер үйіндегі жәбірленушілер, балаға бөлінген қаржаттың қолды болуы, бала құқықтарының сақталмауы сияқты түйткілдерді банк реттей ала ма? 

Бұл жоба «Бала құқын қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдық актілеріне енгізілген кейбір өзгертулер мен толықтырулар» нәтижесінде жүзеге асты. Әзірге пилотты режимде жұмыс жасай бастаған банк 2017 жылы ресми түрде қызметін бастауы тиіс. Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Балия Әкімбекованың айтуынша, бала буралы анкетаға жынысы, жасы, оның денсаулығы туралы мәлімет, мінез-құлық ерекшеліктері, ата-анасы немесе қамқоршысының болмау себебі, біртуған бауырларының болу-болмауы, кәмелетке толған туыстары туралы мәліметтер мен суреті салынады. Министрліктің Балалар құқын қорғау комитетінің ресми сайтына мәліметтер базасы орналастырылды. «Болашақ ата-анаға рұқсат берілген соң, бала туралы толыққанды мәліметті жеке номері арқылы алуына болады. Еліміздің барлық азаматтарының бала асырап алуын жүзеге асыру үшін бұл ашық және қолжетімді процесс жүргізуді жүзеге асырады», – делінген. Десе де, онлайн банк қызметінен де шикіліктер шықты. Мысалы, 4 жасар баланың мінез-құлқын сипаттағанда сабақ оқуға жауапсыз, енжар, біредеңемен айналысуға құлқы жоқ деп жазып жіберген.

Бірақ бұл мәселе Балия Әкімбекова ханымның ФБ-дағы жеке парақшасында дереу түсіндірілді. «Қатесі бар үш анкетаны анықтадық. Аймақтардағы мамандардың деңгейі әр түрлі, балалар туралы бұлай жазуға болмайды, әрине. Сайт пилотты режимде іске қосылғандықтан, қаңтарға дейін барлық қателері түзетіледі. Біз базаны келесі жылы қосуымыз керек болатын, дегенмен көпшіліктің сұрауымен жүзеге асырған едік, қателіктер мен олқылықтар жөнделеді», – деп жазылған.

Жаңа түзетулерге сүйенсек, банк республиканың барлық өңірлерінде ашылады. Сондай-ақ ҚР шетелдік ұйымдарымен де жұмыс істемек. Бұл –баланы шетелдіктердің асырап алуына есік ашылғанын білдіреді. Аталмыш мәселенің шикі тұстары көп. Бала банкі бала асырап алуға ниетті шетелдік азаматтардың келуін, құжат рәсімдеуін, олардың болашақта орналасуын қадағалайды-мыс. Бұрын да отандық заң нормаларынан аттап, ата-ананы бағалайтын жүйені айналып өткен кейбір шетелдіктер тағы қазақ баласына көз салмаса болғаны. Баланы шетелге сататын алыпсатар компаниялардың табысы 6 мың доллардан 15 мың долларға дейін жетеді.

ЮНИСЕФ-тің соңғы мәліметтеріне жүгінсек, жетімдер үйінен түлеп ұшқан ер балалардың 70 пайызы қылмыскер атанса, қыз балалардың 60 пайызы жеңіл жүріске салынса, 10 пайызы өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Бұл «ұяда не көрсең...» тәрбиесінің кесірі. Қазіргі таңда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны бұрынғыдан аз. Бірақ бұл жетімдер мәселесін азайтқан жоқ. Керісінше ертеңге қалдырмай, күн тәртібіне шығаруды талап етеді. Сондықтан балалар үйін, яғни жетімдер үйін түбегейлі жою керек. Әрине, тастанды бала әр қоғамда бар, бірақ балалар үйінде емес, отбасында тәрбиеленуі тиіс. Сондықтан жетімдер үйін таратып, әр баланы отбасында тәрбиелейтін отбасы ұйымдастыру керек. Бұл туралы «Әр бала отбасында тұруы тиіс» қозғалысы өткізген форумда Дариға Назарбаева баяндаған болатын.

       Неліктен біз әлі күнге дейін әр баланың отбасында тұру құқын қамтамасыз етпедік? Бұл Қазақстандағы бала мен отбасын әлеуметтік қорғаудың осалдығы, әлеуметтік қызмет көрсетудің жетілмегендігінен болып отыр. Балаға қатысты мемлекеттік мекемелердің жұмысын талдау барысында бала мен отбасыға деген біртұтас саясаттың жоқтығын көрдік. Баланың құқын қорғау жауапкершілігі түрлі органдарға бөлінген. Меніңше, бір мәселенің басын ашып алу керек – қандай ведомство бала мәселесін бастан-аяқ жүргізеді. Мұны басы бүтін Әлеуметтік қорғау және еңбек министрлігіне тапсырған абзал. Бала асырап алу, қамқорлыққа алу мәселелері патронаттың жаңа түрін енгізуге бағытталса, яғни кәсіби патронатты отбасылар құру талқыланады. Мұның да өз шикіліктері бар, дегенмен ең бастысы – жетім баланы бірден отбасылы ете алмасақ та, бала мемлекеттік мекемеге бармауы тиіс, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

 Бұдан өзге де мәселелер балалар үйін жабуға кедергі. Бала бағып алатын ата-ананы бірден табу қиын. 8 мыңнан астам баланы бөліп беретін патронаттарды кәсіби деңгейде оқыту мәселесі тағы бар. Олардың үй-жайы мен психикалық жағдайы да ескеріледі. Сондықтан баланы отбасылы ету біркүндік жайт емес. Десе де мұның ең тиімді тұсы – әр баланың өз үйі, өз жанұясы болады.

 

Қазақ жетімін жылатпаған...

 

Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін жәбірлемеген ел дейміз. Отандық жетімдер үйіндегі балаға қиянат көрсету актісі соңғы кездері жиі тіркелетін болған. Биылғы жылдың ақпан айында Алматы қаласындағы №1 жетімдер үйінен жаңадан асырап алынған 10 жасар ұл баланың зорланғаны туралы іс қозғалған еді. Іле-шала тергеу жүргізген тиісті органдардың психологтары бұл мәліметті жоққа шығарған болатын. Алайда күні кеше бұл мәлімет расталып, біреу емес, үш бірдей жағдай тіркелді. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 29 666 бала жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған, оның 21 780-і асырап алынған немесе патронатты режимдегі қамқоршысы бар балалар. Ал қалған 8066 бала балалар үйінде тәрбиеленуде. Мемлекеттің бас-көз бола алмай жүргені 8 мың бала. Бар болғаны 8 мың баланың тәрбиесі мен қамтамасыз етілуін бүкіл республика деңгейінде жөндеуге әліміз келмей жүргені. Осы мәселеге қатысты, «Милосердие» қоғамдық қорының директоры, қоғам қайраткері Аружан Саин Facebook желісіндегі парақшасында былай деп жазды:

       Бұл балалар үйінде 120 бала және 184 (!!!) ересек адам бар. Неге балаға қарай алмайды? Алматы қаласы Білім басқармасының №1 балалар үйіне қатысты есебіне көз жүгіртсек, 184 адам штатта тіркелген. Оның ішінде педагогтер саны – 53, әкімшілік басқару және тәрбие ісіндегі мамандар – 41 адам. Сонда қалған 90 адам кім? Елімізде Үкімет қаражатынсыз-ақ бала асырап алған ата-аналар бар, олар өз баласына жауапкершілікпен қарайды. Ал балалар үйінде осыншама ересек адамдар жұмыс істеп, балаға зорлық көрсетуге неге жол береді? Барлық балалар үйін қамтамасыз етуге қаншама қаржы шашылады. Біздің салықтарымыздың есебінен бөлінеді. Сонда балаға тәрбие, білім беру мен оның болашағын қамтуды былай қойғанда, қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бұған дейін «тәуелсіз психологтар жұмыс жүргізді, тергеу нәтижесі бойынша зорлық белгілері расталмады» деп жариялады. Бұл тергеуді қалай жүргізді? Кім жүргізді? Балаларды неге таппады? Бұл балалар емес пе, қалай салғырт қарады? Әлде қасақана жасалды ма? – деп жазды. Бұл жантүршігерлік жайт барлық балалар үйінде болуы мүмкін. Алматыда жетімдерге арналған мекемелердің жалпы саны – 10. Ал қала бойынша жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала саны - 487. Бас-аяғы бес жүзге де толмайды. Асырап алу органдарында кезекте тұрған асырап алушылар кезегі 538 адам. Бұл «Ана үйі» қоғамдық қоры сайтынан алынған мәлімет. Сонда 487 балаға 538 адам кезекте тұр ма? Бұл деректі дұрыс түсінген болсақ, Алматы қаласында асырап алуға бала жетпей жатыр деген сөз.

Қайырымдылық қорларының балалар үйіне берілген сыйлықтары балаға бір сәттік бақыт сыйласа да, жанұя бола алмайды. Балаға өз әке-шешесін тауып бере алмасақ та, ата-ананың орнын басатын қамқоршылар қолына табыстап, отбасын сыйлау отандастар үшін азаматтық борыш.