Айтматов қазақтардан қалай көшірді немесе әдебиеттегі «мәңгүрт» образының шын авторы кім?

Айтматов қазақтардан қалай көшірді немесе әдебиеттегі «мәңгүрт» образының шын авторы кім?

Айтматов қазақтардан қалай көшірді немесе әдебиеттегі «мәңгүрт» образының шын авторы кім?
ашық дереккөзі
Қырғыздың әлемге танымал үлкен жазушысы Шыңғыс Айтматов жеке өмірінде болсын не шығармашылық ғұмырында болсын, өте күрделі тұлға еді. Ол туралы жарық көрген жүздеген мақала-естеліктерді былай қойғанда, көптеген кітаптар жарық көрді. Мәселен өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жарық көрген қырғыз журналисі Жаныбек Жанызақтың «Айтматовтың айымдары» атты кітабы Шыңғыс Төреқұлұлының өмірінде із қалдырған әйелдер жайын қозғайтын қызықты кітаптың бірі. Сондай-ақ Айтматовтың досы, аса көрнекті қазақ ақыны Мұхтар Шахановпен бірге екеуара әңгіме пішінінде жазылған «Құз басындағы аңшының зары" (Ғасыр айрығындағы сырласу)» атты кітабы да бірталай тілге аударылған танымал туындыға айналды. Атақты адамдардың ізіне сөз еретіні таңсық нәрсе емес, себебі танымал тұлғалардың өмірдегі барлық іс-әрекеті жұрттың көз алдына жүретін болғандықтан олардың әр басқан қадамы қоғамда әңгіме болатыны анық. Оның үстіне кейде сол тұлғалардың өзі сондай әңгімелерге  тамызық тастап, өздері туралы аңыздардың оты лаулауына себеп болатыны да бар. Әрине, Кеңес Одағы секілді алып мемлекеттің атын шығарып, өз шығармаларымен шетелдік оқымандарға жақсы таныс болған Айтматов секілді қаламгердің сол тұстағы мемлекеттік идеологияға қызмет еткені де, кезегінде мемлекеті де оны өте жақсы марапаттағаны (КСРО Мемлекеттік, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, т.б.) рас. Қаламгерлік танымалдығының арқасында орталықта қолдаушылары көп болды, сондай-ақ ол «КСРО-ның жүрегі» Мәскеу қаласында жоғары лауазымды қызметтер атқарғаны бар. Осының бәрі оның шығармашылығының Кеңес Одағы ғана емес, одан тысқары жерлерде насихатталуға үлкен әсер етті. Тағдыры шығар, Айтматовтың өмірінің қазақ жерімен байланысы көп, мысалы ол өз елінде орта мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл қаласындағы малдәрігерлік техникумында оқыған. Тіпті жазушылықпен алғаш рет сол кезден бастап айналыса бастаған. «Жәмила» атты хикаяты қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен басылған және сол шығарма КСРО мемлекеттік сыйлығына ұсынылған кезде сыйлық беру комитетінің беделді мүшесі Мұхаңның қолдауымен марапатқа ие болған. Міне, осындай себептерден шығар, Шыңғыс Айтматов қазақ еліне кең танымал болды, тіпті оны қазақ жазушысы деп санайтындар да аз болған жоқ. Өйткені оның кез келген шығармасы алдымен қазақ тіліне аударылып, жарияланып отыратын. Марапат жағынан да ең күші қазақ ақын-жазушыларына берілетін Қазақстан Республикасының Халық жазушысы атағына ие болып, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстаннан шыққан бірнеше энциклопедияда ол туралы мәлімет бар. Бұл біздің еліміздің өзге ешбір елдің қаламгеріне көрсете қоймаған құрметі болатын. Дегенмен шалқыған шығармашылық ғұмырында Шыңғыс Айтматовтың қазақ руханиятынан алғаны ескеріле бермейтін. Оны өзі де айта қойған жоқ. Бұрында зиялы қауым ортасында Айтматовтың кейбір туындыларында қазақ қаламгерлерінің жетістіктеріне "жиендік" жасағаны аздап әңгіме болғанымен сыртқа шықпайтын. Тіпті шыға қалған күнде де одан бірдеңе өнеді деп дәмелену қиын-ды. Себебі Мәскеуде үлкен қызметтер атқарған, ол жақта дүмді тамыр-танысы көп, шығармалары өте белсенді насихатталған жазушымен текетіресіп бірдеңеге жетем деудің өзі желөкпелік саналатын... Дегенмен дәуірлер алмасып, замана тынысы өзгергенде соққан алтынкүрек желдің әсерімен ой тазарып, сана сілкінгенде адамдардың ойлау жүйесі де өзгеріп, бұрынғы берілген кей бағалардың құны түсіп, көнеріп қалатындары да болады. Бұл ең алдымен жаңаруға, ұлт ретінде жаңғыруға байланысты нәрсе. Өйткені халық есін жинап қай жерде есеміз кетті, қашан қателік жібердік деп ойлана бастайды. Осындай кезде ең алдымен рухани саланың жетістігі мен кемшілігі таразыға түсіп, ұтыстар мен ұтылыстар анықталады. Несін жасырамыз, кеңестік кезеңде рухани жағынан да, материалдық жағынан да орыстандырудың ең ауыр зардаптарын тартқан қазақ халқы болды. Бірақ қазақтың талантты перзенттері қарап жатпады. Қазақтың қасіретін астарлап, тұспалдап айтқан талай шығармалар дүниеге келді. Соның ең шоқтықтыларының алдыңғы қатарында көрінген аса дарынды жазушы Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» және «Күй» атты екі хикаяты ерекше жаратылған туындылар еді. Жазушы осы екі шығармасы арқылы рухы биік, арманы асқақ қазақ халқының болмысын ашты. «Шыңырауда» қырық құлаш тереңдіктен құдық қазып, еліне тірлік нәрін сыйлап жүрген Еңсептің сол қатерлі жолда қаза табуын суреттеу арқылы ұлтым деген нағыз ер азаматтардың қандай қиын тағдыр кешіп жатқанын ұғындырса, «Күй» хикаятында  ертеде қолға түскен қазақтардың шашын тықырлап алып, басын түйенің терісін орап кептіріп, соның кесірінен шашы басының ішіне қарай өскен талай бақытсыз жандардың мәңгүртке айнағанын, сол арқылы қазаққа өзгелердің істеген зұлымдығының шексіз ауыр болғанын тұспалдап, кемді күнгі қызыққа елтіп сананы тұмандатып алсақ ұлт ретінде жойылуға бет алатынымызды ащы мысалмен жеткізген еді. Әдебиетке жаңалық болып келген бұл екі хикаятты кезінде замандастары жақсы бағалады. Бірақ ол баға қазақ арасынан алысқа ұзап шыға қоймағасын қазақ әдебиетінің бұл табысы әлемді былай қойғанда Кеңестер Одағының өзінде лайықты бағасын ала алмай, көмескіленіңкіреп қалды. Содан болар, Шыңғыс Айтматовтың «Буранный полустанок» («Боранды бекет») атты алғашқы романы 1980 жылы Мәскеуден шығатын атақты «Новый мир» журналына жарияланғанда елдің бәрі романдағы мәңгүрт туралы аңызға елтіп, таңдайын қағып, басын шайқады. Ал ол сюжет одан 13 жыл бұрын бұрын басылған («Жұлдыз» журналы, 1967, №12 37-68 беттер) Әбіштің «Күй» хикаятында алғаш қолданылғаны  көп жұрттың есіне түсе қоймаған да шығар. Бірақ «Күйдің» қазақшасы Ә.Кекілбайдың 1968 жылы шыққан «Дала балладалары» кітабына енсе, орысшасы 1969 жылы Мәскеудегі «Дружба народов» журналында басылып, 1975 жылы «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Баллада степей», 1979 жылы «Известия» баспасынан шыққан «Баллада забытых лет» атты кітаптарында жарияланды. Демек, «мәңгүрт» туралы оқиғамен орыс оқырмандары Айтматовтың романына дейін үш мәрте таныс болған. Әрине, Кекілбайдың хикаятында «мәңгүрттік» ұғымы адамға физикалық тұрғыдан жасалған қастандық ретінде суреттелсе (дегенмен оқиғада терең астар бар), Айтматовтың романында аңыздағы «мәңгүрт» сюжеті қайталана тұра, кеңестік кезеңдегі тілі мен рухынан айырылған қазақ өкілін көрсету арқылы оқиғаға рухани тұрғыда мәңгүрттік ұғымы параллель берілген. Яғни таза көркем прозаға публицистикалық элементті пайдалану арқылы Айтматов бұрынан бар оқиғаға аздап саяси астар берген. Бірақ түп негізі Әбіш Кекілбай көрсеткен идеядан алыс кете алмаған. Сондықтан Айтматовтың бұл романы көркем әдебиетте «мәңгүрт» бейнесі алғаш рет жасаған  туынды ретінде дәріптелуі тым артық еді. Бірақ барлық салада беделге жығылатын кеңестік кезеңнің солақай саясаты қазақ жазушысының ғаламат еңбегін елемей, оның көшірмесіне қол соқты. Тіпті, Әбіш Кекілбай шығармасы кең танылған ортада да Айтматовты асыра бағалап, оның «жиендігін» бүркемелегісі келгендер табылмай қалған жоқ. Бірнеше пікірді  оқып көрейік (пікірлер Әлия Қызылқұлованың 2008 жылы орыс тілінде жарық көрген «Признает ли Чингиз Айтматов долг перед казахской литературой?» деген мақаласынан алынып отыр). Надежда Чернова, қазақстандық ақын: – Бұл мәселе өте қызықты астарға ие. Өткен ғасырдың 70-жылдарының соңы, 80-жылдарының басында Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы шыққан кезде «Қаламгерге» жиналған біздің қазақ жазушылары "мәңгүртті" Әбіш Кекілбайдың алғаш жазғаны, идеяның ізашары болғанын айтып жатты. Немесе Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаятын алып қарайық, мұнда жазушы сюжетті Нивх халқының мифтерін бірінші болып жазған В.Сангиден алған. Бірақ, менің ойымша, ешкім ешкімнен ештеңе ұрламады, өйткені біз аңызбен жұмыс істейміз және бұл ортақ меншік. Өйткені, кейбір сюжеттер жазушы түгілі бір ұлтқа да тиесілі емес. Бір ұлттан екінші ұлтқа өтіп жүретін кезбе тақырыптар болады. Әрине, сол кезде қазақ жазушылары Айтматовтың романы туралы Одақтық баспасөзде жарияланған пікірлерге қатты ашуланды. Шындығында газеттер Шыңғыс Айтматовты мәңгүрт тақырыбын ашушы деп жариялады, ал Әбіш Кекілбай бұны өзінің «Күй» атты шығармасында ертерек жазған. Бірақ оның шығармасын орыс тіліне аударуға уақыт болмады ма немесе аудармасы нашар болды ма, қалайда «Ғасырдан да ұзақ күн» романы  орыс тілді оқырманның қолына бірінші болып  тиді. Тақырыпты ашу керек болды және ол Айтматов романында анағұрлым жақсы естілді. Таласбек Әсемқұлов, музыканушы, жазушы: – Марқұм Төлеген Тоқбергеновты білесіз бе? Оның баласы менің сыныптасым еді, біз ҚазМУ-де оқыдық, ол орыс бөлімінде, мен қазақ бөлімінде. Бірде ол әңгіме жазды. Оның кейіпкері Созаққа барады, ол жерде ақбөкен аулауға қатысады. Онда түнде фаралардың жарығын киіктердің үйіріне бағыттап, олардың көзін қамастыру туралы баяндалады. Олар бір-біріне тығылғанда, браконерлер пулеметпен атады. Бірде Шыңғыс Айтматов Алматыға қандайда бір іспен келгенде, әкесінен атақты жазушыға әңгімесін көрсетуді  өтінеді. Шығармасына Айтматовтың пікірін білуге ​​қызыққан ғой. Төлеген Тоқбергенов баласының әңгімесін Айтматовқа көрсетеді. Ол ештеңе демей, әңгімені  Фрунзеге алып кетеді. Содан соң екі-үш жылдан кейін «Боранды бекет» шықты. Мен романнан ақбөкендердің пулеметпен қалай атылғанын суреттейтін бөлімді көргенде таң қалдым. Ол жай ғана Тоқбергеновтің әңгімесін алған да, өзінің романына енгізе салған. Егер ол нағыз жазушы, өнегелі адам болса әңгімені оқып, авторға қайтаруы керек еді, ал ол шығармасында пайдаланды. Бұл өзгенің дүниесін иеленіп кетудің бір мысалы. Мен білетін екіншісі жағдай мәңгүрт тақырыбына қатысты. Өздеріңіз білетіндей, бұл туралы Әбіш Кекілбай өзінің «Күй» атты хикаятында алғаш рет жазды. Онда түрікмендер тұтқында отырған адай жастарының басына дымқыл теріні тартады, оларды шөлге қалдырады. Кепкен тері бастарын қысқан тұтқындар есте сақтау қабілетін, ақыл-есін жоғалтады, өткенін ұмытады. Кейін осы оқиғаны Шыңғыс Айтматов өз романында қолданды. Сосын оның «Теңіз  жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаяты да  өзгенің еңбегін иеленіп кетуге жатады. Чукча жазушысы Юрий Рытхеудің «Сон в начале тумана» деген романы бар. Осы романдағы табиғатты суреттейтін жерлерді Айтматов тұтасымен алып өз хикаятына енгізе салған. Кейін ол өзіне осы сюжетті Ритхеудің бергенін мойындай бастады. Өйткені, Айтматов Қиыр Солтүстіктің тұрғыны емес және онда ешқашан болмаған. Оның хикаятында  Солтүстік табиғатының керемет  суреттелгені соншалық, оны басқа біреу жазғаны бірден байқалады. Солтүстік Мұзды мұхиттың сипаттамалары, итбалықтарды аулау  – ол, әрине, мұның бәрін Рытхуден алды, өйткені Айтматов ол жердің табиғатын дәл солай сезіне алмайды ғой. Мұны Чукоткада туып-өскен кәсіби жазушы жасады. Жалпы, менің ойымша, оның шығармашылығында плагиаттың көптеген мысалдары бар. Қалихан Ысқақов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, прозаик: – Меніңше, мәселе мынада: Шыңғыс Айтматовтың қазақ ауылының маңында, Күркіреу ауылында туып-өскен. Оның шығармашылығы бастан-аяқ қазақ өмірімен байланысты болды, сондықтан барлық шығармаларындағы образдардың рухы мен мінезі қырғыздарға қарағанда, қазақтарға жақын. «Жамиләдан» бастап соңғы «Бекет» хикаятына дейін.  Ал Әбіш Кекілбайдың «Күй» хикаяты төңірегіндегі дау-дамайға келетін болсақ, бұл шығарма мен Шыңғыс Айтматовтың романы қатар келеді. Тақырыбы біреу, бірақ шығармалар өзгеше. Әркімнің өз қаһармандары және бір тақырып бойынша өзіндік шығармашылық ізденістері, көзқарастары бар. Айтматов қай жерде болса да қазақы рух пен мінезге ие. Оның атасы медреседе қызмет еткен, мұғалім болған, ал Тұрар Рысқұлов Ташкентке Шыңғыстың әкесін өзі апарған. Ол сонда оқып, Рысқұловтың қамқорында болған. Демек, Шыңғыс Айтматов үшін өмірде де, жұмыста да көп нәрсе қазақпен байланысты болды, қазақтың тұрмыс-тіршілігімен астасып жатты. Бақытжан Момышұлы, жазушы: – Жалпы, бұл тақырыпта бірдеңе деу қиын, өйткені мен қазіргі авторларды оқымаймын. Есімде қалғаны, бұрынырақта Оралхан Бөкеев пен Шыңғыс Айтматовтың арасында қандай да бір дау болғаны. Марқұм Оралхан Бөкеев наразылық білдіріп, Фрунзеге барып Айтматовқа қандайда бір талап қойғаны қырғыз жазушысына қатысты менің есімде қалған жалғыз нәрсе. Әрине, үлкен жазушының шығармашылығы қызықты әрі әрдайым көптеген қайшылықтарды тудыратыны анық. Сатыбалды Нарымбетов, режиссер: – Әртүрлі халықтардың аңыздарының түп-тамыры бір. Оларды байланыстыратын түрлі жағдайлар болады. Мысалы "Гамлетті" оқығанда оның баяғыда алыс Англияда жазылғанын түсінесіз. Англия қайда, Қазақстан қайда? Алайда бізде Қорқыт туралы аңыз бар, ол өлімнен қашып құтылмақ болған, бірақ барлық жерде ол қабір қазып жатқан адамдар кездестірген. Ал Қорқыт олардан: «Ізгі адамдар, бұл кімнің қабірі?» деп сұраса, олар «Қорқыттың көрі» деп жауап берген. Яғни, өлім оған барлық жерде еріп жүрді. Есіңізде ме, Шекспирде Гамлет қабір қазушының жанына келіп: «Бұл кімнің қабірі?», – десе, олар оған: «Дания ханзадасы» дейді. Өмір мен өлімнің тақырыбы мәңгілік және жер бетіндегі барлық адамдардың шығармашылығында бар, бір уақытта ұқсас оқиғалар әр түрлі халықтарда синхронды, стихиялы түрде туындайды. Мен әртүрлі жазушылардан «иелеп кетуді»  іздеп жүргендерге әлем әдебиетін көбірек оқуға кеңес берер едім. Мысалы, «Мың бір түндегі» көптеген батырлар бірнеше ғасырлар өткен соң Еуропада қайта дүниеге келді. Сол Кентербери ертегілерін алайық. Еуропадағы көптеген әдеби тенденциялар, егер сіз оларды мұқият және талдаумен зерттесеңіз, олар бастауларын «Мың бір түн» кітабынан алады. P.S. Әрине, біз тырнақ астынан кір іздеп, туысқан елдің атақты жазушысының «үрпіне ши жүгіртіп» беделін түсірейік немесе қандайда бір дәлелдермен оның жазушылығын кемітіп оған теріс көзқарас қалыптастырғымыз келіп отырған жоқ. Дегенмен бұрынан бар бір әңгімені қайта жаңғырту арқылы жаңа дәуірде өз әдебиетімізге де, өзге әдебиетке де жаңаша көзқарас қалыптастыру жолында жаңа пікірлерге қозғау болғымыз келді. Жоғарыдағы пікірлерге қарап отырсақ, негізінен кеңестік кезеңде әдебиетке еңбек сіңірген кісілердің ойларында (Таласбек Әсемқұловтан басқасында) жалпақшешейлік басым сияқты, сондай-ақ ұлттық әдебиетіміздің өзіндік ерекшелігіне, жеткен табыстарына деген немқұрайдылық байқалатындай. Демек, ұлтық әдебиетімізге де, өзге әдебиеттерге де жаңаша көзқарас қажеттілігі сезіледі. Айтпақшы, осы мәселе төңірегінде осыдан он бес жылдай бұрын   «Начнем с понедельника» газетінің тілшісі Шыңғыс Айтматовтан сұхбат алмақ болып он бір сұрақ жолдапты. Соның бесінші сұрағы мынадай екен: «Орыс тілді оқырмандар арасында сізге жиі сын айтылып жатады. Кезінде ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары «Плаханың» – «Шебер және Маргарита» романын, «Боранды бекеттің» – Әбіш Кекілбайдың «Күй» хикаятын және «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеттің» – Хемингуэйдің «Шал мен теңізін» еске түсіретін жерлері бар екенін жазды. Оған қалай қарайсыз?» Алайда Айтматов газеттің бұл ғана емес, басқа сұрақтарына жауап бермепті. Демек, ол кісінің де жауап бере алмайтын сұрақтары болғаны ғой...