Ауған балалары: «Бізді тастамай, алып кетіңізші»,- деп етегіме жабысып қалған еді - Рая Дәріпханқызы
Ауған балалары: «Бізді тастамай, алып кетіңізші»,- деп етегіме жабысып қалған еді - Рая Дәріпханқызы
1988 жылы мамырдың 13-інде Ауған соғысынан зардап шеккен 4-6 жастағы 27 бала, екі ұстаз Ұланбатыр қаласының Буянт-Ухаа әуежайына келіп қонған еді. Кейбірі ата-анасынан айырылып, барар жер басар тауы қалмаған олар соғыс өртінен аластатылып, Моңғолия мен Ауғанстан елдері ынтымақтастық келісімі бойынша бейбіт елде білім алып, тәрбиеленуі үшін әкелінді. Балалар үйіне қабылданған балаларды тәрбиеші ұстаздар Рая Дәріпханқызы мен Ц.Тунгалаг екі жыл бойы жауаптанды.
Көздерін ашқаннан ауыр соғыс жағдайында өскен балалар «болатын» мен «болмайтын» деген ұғымдары жоқ, оқшауланған, үрейленген, айқайшыл, төбелескіш қатарлы қыңыр мінезді, адамның көзіне тура қарамайтын еді. Сондай балаларды кірпияз, таза, жұмсақ мінезді етіп тәрбиелеп, ән айтып, би билеуді үйретіп, ана тілін ұмытқызбаумен қатар моңғол тілінде сөйлей алатын деңгейге жеткізіп, отанына табыс еткен ұстаздарының бірі Рая Дәріпханқызы. Қандасымыз Рая ханымның “Өнөөдөр” басылымына берген сұхбатын ұсынамыз.
Балалық шағын Баян-Өлгий аймағында өткізіп, Өлгий қалалық жалпы білім беретін 2 –ші мектепті, Моңғол мемлекеттік университетін орыс тілі пәні оқытушысы мамандығымен тәмамдаған ол еңбек жолын 1979 жылы Балалар үйінен бастап, 2010 жылы сол мекемеден зейнет демалысына шықты. Рая Дәріпханқызы онда орос тілін үйретіп, сол тілде тәрбие беретін топқа ұстаз болды.
Соңынан ол топ жабылғанымен ата-анасыз балаларға ана мейірін сезіндіріп, әке орнына әке, ана орнына ана болу үшін қалған көрінеді. Жалынды жастық шағы мен жасампаз еңбегінің 31 жылын Балалар үйіне арнап, 500 дей балаға тәрбие берген тәрбиеші-ұстаз соғыс құрбандығына айнала жаздаған ауғандық балаларға өмірді жақсы жағынан танытқан ананың әңгімесі құдды бір кинофильм сияқты.
Рая Дәріпханқызы: Ауғандық балаларым: «Бізді тастамай, Моңғолияға алып кетіңізші»,- деп етегіме жабысып қалған еді.
– Ауған балалармен екі жыл бірге болғанда бауыр басып кеткен шығарсыз?
-Иә, қатты бауыр басып кеттім. Оларды Ауғанстанға жеткізіп, өкіметіне табыс еткен сәт өте ауыр болды. Бізге қарай тығылып: «Ұстазым, анашым, бізді тастамаңызшы. Моңғолияға алып кетіңізші. Мұнда дұшмандар бар. Олар келіп, бізді өлтіреді. Біз қайтеміз», – деп жылады. Олардың етегімізге жармасып жылағаны әлі көз алдымнан кетпейді. Біздің балабақшадан меңгеруші, дәрігер, ұстаздардан мен, Сыртқы істер министрлігінің бір маманы, Денсаулық министрлігі дәрігері, сауда ұйымының өкілі қатарлы жеті адамдық делегация 1990 жылы Ресей арқылы жеткізген едік. Көп жыл өтсе де, балаларым қайда, қалай өмір сүріп жүр екен, кездессем, көмек қажет болса қол ұшын берсем, жақсы тұрмыс кешіп жүрсе, тілектес болсам деп көп ойлаймын.
Біздің еліміздің бітімгерші жауынгерлер тобының бір мүшесіне бірде: Ауғанстанға барғанда сұрастырып берші»,- деп едім, ол: «Болмайды. Бізге ел ішінде жүруге мүмкіндік жоқ»,- дегені бар. Сыртқы істер министрлігі арқылы сұрастырсам тез табыла ма деп те ойлаймын. Алайда зейнеткер адамды көп жыл бұрын көрген, асырап сақтаған шетелдік балалармен кездестіретін уақыты да жоқ болар деп ойлап қоямын.
-Балаларыңыздың есімін білесіз бе?
-Балаларды екі топқа бөлді. Өз тобымда болған 13 ұлдың есімі есімде. Ниматулла, Самиро, Поуд, Фарзуна, Измарай, Бисмело, Ахмадулла, Рахматулла деген әдемі есімдері бар болатын.
-Оларды оқытып, тәрбилеу кезінде қандай қиындықтар болды?
– Жұмысымыз балаларды келе сала, моншаға түсіріп, киімдерін ауыстырып, биттен арылтудан басталды. Онымен бір апта бойы айналыстық. Бізді танымайтындықтан олар жақындатпай, тұра қашатын. Гигиеналық жұмыстар аптадан артқан жоқ. Қоғамдық қарым-қатынас жайлы түсінікті қалыптастыру қиынға соқты. Тағамды екі қолын батырып жіберіп асайтын. Ойнауды білмейді. Әдемі ойыншықтар берсең, лақтырады, сындырады. Аздап айқай-шу шықса, әсіресе ұшақ дауысын естігенде «дұшман», «дұшман» деп айқайлап, үстел мен төсектің астына жатып алып, шықпай қояды. Алғашында қай-қайсымыздың да бір-біріміздің тілімізді білмеуіміз кедергі болды. Д.Тунгалаг мұғалім екеуіміз алдымен «сен тұр, отыр, ұйықта, болады, болмайды» деген сөздерді үйреттік. Біз де үйрендік. Оған ауғандық екі мұғалім көп көмегін тигізді. Төртеуіміз де сөздікті қолға ұстап, дәптерге белгілеумен бір-бірімізді ұғыстық. Балаларға бар ынтамен назар аударып, шынайы ниетпен жақындаған айын олар да бауыр басып кетті. Кешікпей құшақтасатын болдық. Дүниеге келе салысымен жетім қалғандықтан ана құшағын көрмегендер де көп еді.
Рая Дәріпханқызы моңғолия қазақтары арасынан алғаш рет Ауған елінің “Достық” орденімен сыйланған.
-Қазір 34-36 жас шамасында болар?
-Солай. Туған жерлерінде ме, шетелге кетті ме. Барлығы да аман-есен ересейген болар деп ойлаймын. Ауғанстан үкіметі балаларды жеткізіп берген моңғолдардың барлығын «Достық» орденімен марапаттады. Оған мен қатты қуандым. Егер балаларыммен кезіксем, көп жыл бұрыңғы қызықты оқиғаларды еске алып, апа болғанымды, олардың тіккен кестелерін сақтап жүргенімді айтар едім.
– Сіз балалар үйінде тәрбиеші болған 31 жылда көптеген баланың анасы атаныпсыз. Балалар кәмелетке толып, орталықтан кетсе де, сізге хабарласып тұратын болар?
-Иә. Балаларым телефонмен хабарласып, қайда жұмысқа орналасқанын, қалай өмір сүріп жатқандары туралы көп айтады. Мереке қарсаңында амандық-саулық білісіп, денсаулығымды сұрап тұрады. Кейбіреулері үйіме келеді. Қуанып қаламын.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Р.Оюунжаргал
Ұланбатыр