Рая Дәріпханқызы: Ауғандық балаларым: «Бізді тастамай, Моңғолияға алып кетіңізші»,- деп етегіме жабысып қалған еді.– Ауған балалармен екі жыл бірге болғанда бауыр басып кеткен шығарсыз? -Иә, қатты бауыр басып кеттім. Оларды Ауғанстанға жеткізіп, өкіметіне табыс еткен сәт өте ауыр болды. Бізге қарай тығылып: «Ұстазым, анашым, бізді тастамаңызшы. Моңғолияға алып кетіңізші. Мұнда дұшмандар бар. Олар келіп, бізді өлтіреді. Біз қайтеміз», – деп жылады. Олардың етегімізге жармасып жылағаны әлі көз алдымнан кетпейді. Біздің балабақшадан меңгеруші, дәрігер, ұстаздардан мен, Сыртқы істер министрлігінің бір маманы, Денсаулық министрлігі дәрігері, сауда ұйымының өкілі қатарлы жеті адамдық делегация 1990 жылы Ресей арқылы жеткізген едік. Көп жыл өтсе де, балаларым қайда, қалай өмір сүріп жүр екен, кездессем, көмек қажет болса қол ұшын берсем, жақсы тұрмыс кешіп жүрсе, тілектес болсам деп көп ойлаймын. Біздің еліміздің бітімгерші жауынгерлер тобының бір мүшесіне бірде: Ауғанстанға барғанда сұрастырып берші»,- деп едім, ол: «Болмайды. Бізге ел ішінде жүруге мүмкіндік жоқ»,- дегені бар. Сыртқы істер министрлігі арқылы сұрастырсам тез табыла ма деп те ойлаймын. Алайда зейнеткер адамды көп жыл бұрын көрген, асырап сақтаған шетелдік балалармен кездестіретін уақыты да жоқ болар деп ойлап қоямын. -Балаларыңыздың есімін білесіз бе? -Балаларды екі топқа бөлді. Өз тобымда болған 13 ұлдың есімі есімде. Ниматулла, Самиро, Поуд, Фарзуна, Измарай, Бисмело, Ахмадулла, Рахматулла деген әдемі есімдері бар болатын. -Оларды оқытып, тәрбилеу кезінде қандай қиындықтар болды? – Жұмысымыз балаларды келе сала, моншаға түсіріп, киімдерін ауыстырып, биттен арылтудан басталды. Онымен бір апта бойы айналыстық. Бізді танымайтындықтан олар жақындатпай, тұра қашатын. Гигиеналық жұмыстар аптадан артқан жоқ. Қоғамдық қарым-қатынас жайлы түсінікті қалыптастыру қиынға соқты. Тағамды екі қолын батырып жіберіп асайтын. Ойнауды білмейді. Әдемі ойыншықтар берсең, лақтырады, сындырады. Аздап айқай-шу шықса, әсіресе ұшақ дауысын естігенде «дұшман», «дұшман» деп айқайлап, үстел мен төсектің астына жатып алып, шықпай қояды. Алғашында қай-қайсымыздың да бір-біріміздің тілімізді білмеуіміз кедергі болды. Д.Тунгалаг мұғалім екеуіміз алдымен «сен тұр, отыр, ұйықта, болады, болмайды» деген сөздерді үйреттік. Біз де үйрендік. Оған ауғандық екі мұғалім көп көмегін тигізді. Төртеуіміз де сөздікті қолға ұстап, дәптерге белгілеумен бір-бірімізді ұғыстық. Балаларға бар ынтамен назар аударып, шынайы ниетпен жақындаған айын олар да бауыр басып кетті. Кешікпей құшақтасатын болдық. Дүниеге келе салысымен жетім қалғандықтан ана құшағын көрмегендер де көп еді. – Сіздердің балабақшаның моңғол балалары ауғандық бүлдіршіндермен қалай тіл табысты? -Өте жақсы тіл табысып кетті. Бірге ойнап, концертте бірге ән айтып, бірге билейтін. Ең алдымен «Маамуу нааш ир /Балақай, бері келші/» әнін үйретіп, орыстың ертегісі «Шаңбырды» бірге қоятын. -Балалар Моңғолиядан кеткен соң байланыстарыңыз үзіліп қалды ма? -Біраз уақыт хат келіп тұрды. Ең алғаш Бисмеллодан хат келді. Самиро мектепке кірген соң хат жолдады. Жазуы өте әдемі екен. Мен балларға кесте тігуді үйреткен едім. Ұл, қыз демей, оны игерді. Өзің көргендей олардың тіккен кестелері әлі де сақтаулы тұр. -Сондай кішкене бүлдіршіндей осындай әдемі кесте тіккен бе? -Солай. Нәрсе үйренуге жас қажет емес. «Өнер жастан, асыл тастан» демей ме?! Біздің балалар моңғол тілін үйреніп, соңында ерекше белсенді болды. Үйреткенді дереу қабылдап, өте таза, тиянақты атқаратын еді. Олардың кейбірін көшеден, кейбірін Балалар үйінен жинап, біздің елге жолдаған екен. Оларды бері жіберерде ұстаздары біраз дайындық жасатып, ұлттық киім тігіп беріпті. Біздікілер кейде киімдерін киіп, сәнденеді. Мені «Рая жон» дейтін. «Жон» ауған тілінде құрметтеуді білдіреді. Әдемі киініп келген сәтті қалт жібермейді. “Әдемі, әдемі, Рая жон” деп бетіңнен иіскеп мәз болысады. Нашарлау киініп келіп қалсаң, жаман демей: «Рая жон. Енді андағаны кимеңізші»,- десетін. Сүйкімді әрі талғампаз. Мен балаларды отанына апарып келген соң оларды үнемі ойлап жүретінмін. Қазір қайда екен. Дұшмандар қорқытып жүр ме деп. Бірде «Ардын эрх» газетінің қыркүйектің 15-індегі 36-санында біздің балалар туралы материал басылып шыққанын көріп қатты қуандым. Журналист Б.Пүрэвдаш Ауғанстанға барып, «Майдан шебінен белгілеу» атты тақырыптағы материалда біздің балалардың фотосуретін қойып, ұстаздарын сағынып жүргенін жазған екен. Ол газет саны менде әлі де сақтаулы тұр.
Рая Дәріпханқызы моңғолия қазақтары арасынан алғаш рет Ауған елінің “Достық” орденімен сыйланған.-Қазір 34-36 жас шамасында болар? -Солай. Туған жерлерінде ме, шетелге кетті ме. Барлығы да аман-есен ересейген болар деп ойлаймын. Ауғанстан үкіметі балаларды жеткізіп берген моңғолдардың барлығын «Достық» орденімен марапаттады. Оған мен қатты қуандым. Егер балаларыммен кезіксем, көп жыл бұрыңғы қызықты оқиғаларды еске алып, апа болғанымды, олардың тіккен кестелерін сақтап жүргенімді айтар едім. – Сіз балалар үйінде тәрбиеші болған 31 жылда көптеген баланың анасы атаныпсыз. Балалар кәмелетке толып, орталықтан кетсе де, сізге хабарласып тұратын болар? -Иә. Балаларым телефонмен хабарласып, қайда жұмысқа орналасқанын, қалай өмір сүріп жатқандары туралы көп айтады. Мереке қарсаңында амандық-саулық білісіп, денсаулығымды сұрап тұрады. Кейбіреулері үйіме келеді. Қуанып қаламын. Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Р.Оюунжаргал
Ұланбатыр