Тарихи мекендерді болашақ жастарға таныту барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы ұйымдастыруымен «Хан Қорық» жастар фестивалі өтті, – деп жазады Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, бұл фестивальге жоғарғы оқу орындарының студенттері еліміздің әр аймағынан келіпті. Олар Оңтүстік Қазақстан облысындағы ескі мекендерді аралап, ата-бабаларымыздың кесенелері мен тарихи жәдігерлерімен танысып жатыр. Сондай-ақ, қатысушылар алты ай бойы Шыңғыс хан әскеріне дес бермеген Отырар қаласының қазіргі бейнесін тамашалап, Сауран қаласының құламай келе жатқан қабырғаларына таңғалғандарын жасырмады.
Жетпіске жуық адам қатысқан бұл фестивальдің басты мақсаты – батысқа еліктеген жастардың бойына шығыс мәдениеті мен өркениеті де сан ғасырдан бері дамығанын көрсетіп, ел тарихына деген қызығушылықты ояту.
Осымен екінші рет ұйымдастырылған фестиваль алдын-ала жоспарлаған мекендерін толықтай аралады. Қатысушылар «Домалақ ана», «Арыстан баб», «Ақ мешіт» үңгірі мен «Сайрам Өгем» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болып қайтты.