Сондерс қазір Головкинді менсінбей ме?

Сондерс қазір Головкинді менсінбей ме?

Сондерс қазір Головкинді менсінбей ме?
ашық дереккөзі
Осыдан үш жыл бұрын ұлыбританиялық боксшы Билли Джо Сондерс канадалық Давид Лемьені жеңген соң, WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша осы салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинді жекпе-жекке шақырған болатын. «Головкин, қайдасың? Сенімен шаршы алаңда кездескім келеді. Менен қашуыңды тоқтат! Менде WBO титулы бар, күшің өзіңе сенсең, келде де менен сол титулды тартып ал» – деген еді сол кезде Сондерс. Бірақ сол жылдың 18 мамырында АҚШ-тық Дэниел Джейкобсті жеңіп, 16 қыркүйекте мексикалық Саул Альвареспен болатын кездесуге дайындалып жатқан Генадий Головкиннің Сондерстің шақыруына мойын бұруға уақыты жоқ еді. Жалпы Билли Сондерстің Геннадий Головкин туралы әр кезде әртүрлі пікір білдіріп жүретіні қызық. Мәселен, 2017 жылдың басында өзінің Головкинмен болуы ықтимал жекпе-жегі туралы ойларын білдіргенде «сірә ол жеңетін шығар, алайда менімен жекпе-жекке шығу оған оңай бола қоймас» деген-ді. Сосын сол жылдың наурызында Сондерс өзінің туиттер әлеуметтік желісіндегі парақшасына «Мен күтуге дайынмын, бірақ ұзақ күте алмаймын. G нүктесін күтіп отыра беруге уақытым аз, маған жекпе-жектің тезірек болғаны керек», – деп жазды. 2019 жылдың қарашасында АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласыдағы Staples Center аренасында өткен жекпе жекте Билли Сондерс аргентиналық Марсело Косересті 11 раундта нокаутпен жеңгеннен кейін тіпті кеудесіне нан пісті деуге болады. Өзі үшін сәтті өткен бокс кешінен соң сөйлеген сөзінде Сондерс: «Қазір тіпті Сауль Альварес, Дэниэл Джейкобс және Геннадий Головкин маған қарсы өнер көрсетуге лайық емес. Америкалық жанкүйерлерге нокаут ұнайды деп сенемін. Мен қарсыласымды тәлтіректеуге мәжбүрлеп, содан кейін ғана оған шабуыл жасауым керек екенін білдім. «Канело», егер төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болғың келсе, менімен жұдырықтасуға келіс!» – деп Головкинді көзіне ілмей, мәлімдеме жасады. Өйтетін себебі де бар еді, өйткені бұған дейін Головкин бес жекпе-жек өткізіп, америкалық Ванес Мартиросянды, канадалық Стив Роллсты нокаутпен, украиналық Сергей Деревянченконы ұпай санымен тізе бүктіргенімен, мексикалық Саул Альвареспен екі рет (16.09.2017 және  15.09.2018) жекпе-жек өткізіп алғашысында тең нәтиже көрсетіп, кейінгісінде төрешілердің шешімімен ұтылып, барлық чемпиондық белбеулерінен айрылып қалған-ды. Алайда Деревянченконы жеңгеннен кейін Головкин орта салмақта IBF және IBO белбеулерінің иесі атанды. Енді міне, осы жылы желтоқсанның 4-інен 5-іне қараған түні Лондондағы Wembley Arena жабық спорт кешенінде Билли Джо Сондерс өзінің отандасы, бір кезде Головкиннен жеңілген Мартин Мюррейден басым түсіп, өзінің WBO чемпионы атағын сақтап қалғаннан кейін берген сұхбатында біраз мықты боксшылар туралы айта келіп, бір кезде өзі шаршы алаңда кездесуге асық болған қазақстандық боксшының атын атамай кетті. – Түсініңіздер, мен жасарып жатқан жоқпын. Маған үлкен жекпе-жектер керек. Мен дәл қазір өзімнің ең мықты шағымда екенімді сеземін. Ия, біраз уақытым босқа кеткендей. Жұмыс істемей тұрған кезде «тот бастым», бірақ әлі беріктігім өзімде. Егер мен үнемі жекпе-жек өткізсем, менің бокстегі шеберлігіме қол жеткізе аламын. Мен 2021 жылы үлкен жекпе-жекке шығамын деп үміттенемін, ол жекпе-жегім «Канело» - Смит жекпе-жегінің жеңімпазымен болуы мүмкін, Андраде де (АҚШ-тық жеңілмеген боксы Деметриус Андрадені айтады. – А.Ө) мықты жігіт... Мен кез-келген супер орта салмақтағы чемпионмен айқасуға дайынмын, – деді Сондерс. Байқап отырсаңыздар, Билли Сондерс өзіне қарсылас көретін күшті боксшылар арасында Г.Головкиннің атын айтуға құлықсыз екенін байқатып тұр. Әдейі не шынымен менсінбейтін қалып танытқандай. Бірақ соған қарамастан промоутері Эдди Хирн Сондерстің болашағы туралы айта келіп, «Ол да Головкин, «Канело», Смит, Андраде секілді үлкен есімге ие болуы керек. Биллидің келесі жекпе-жегі осыларлың біреумен өтуі керек», – деп жерлесіміздің есімін құрметпен айтып өтті. Желтоқсанның 18-і күні АҚШ-тың Флорида штатында жерлесіміз Геннадий Головкин мен польшалық Камиль Шереметаның кездесуі болуы тиіс еді. Енді оның да болмай қалу қаупі бар, себебі Шереметаны жаттықтырушы ресейлік бапкері Федор Лапин коронавирус жұқтырған көрінеді. Сондай-ақ, Лапин жаттықтыратын тағы поляк боксшысы Кшиштоф Гловацки де індеттің қармағына ілініпті... Головкин Шереметадан кейін Саул Альвареспен үшінші рет кездеседі деп жүргенде ол түрлі сылтау айтқан Канелло да бойын алып қашып жүрген сыңай танытты. Егер мексикалық біздің боксшымызға үшінші рет шығуға жүрегі дауаламаса, онда Сондерс Головкинмен қолғап түйістіріп қалуы да ықтимал. Сол кезде кімнің кімді менсінбейтінін көре жатармыз.