Руслан Царев: Қайсы рудан екенімді білгім келеді
Руслан Царев: Қайсы рудан екенімді білгім келеді
Қазақстандағы күрес жанкүйерлері Руслан Царев есімін жақсы таниды. Грек-рим күресінен Қырғызстан ұлттық құрамасында өнер көрсететін, ұлты қазақ балуанға үнемі ерекше қолдау білдіріп, қолпаштап отырады. Тараз қаласында дүниеге келген, бүгінде Бішкекте тұратын Русланмен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
–Бішкекке көшкен соң, әкеңізбен байланыс үзіліп қалды ма сонда?
–Иә. Біз оны соңғы рет 2003 жылы көрдік. Ол кезде спортқа аяқ баспай тұрғанбыз. Бертін келе спортпен кәсіби түрде айналыса бастаған соң, сайыстан сайысқа, жиыннан жиынға қатысамыз деп, тіпті қасыңдағы анаңа көңіл бөлуге уақыт таба алмай қалады екенсің. Әлі есімде, 2011 жылы бір жарыстан келген соң, Роман екеуміз әкемізді көру үшін Таразға барғымыз келді. Анаммен ажырасқан соң ол бізге мүлде қарайласпаған, еш көмектеспеген. Дегенмен ол уақытта 19 жасқа толып жатқан кезіміз, қайткенмен де әкенің орны бөлек екенін саналы түрде түсіндік. Сөйтіп, Таразға енді барғалы жүргенімізде сол жылы әкеміздің қайтыс болғанын естідік, ал бізге мұны ешкім айтпады да, естіртпеді де. Бірақ естіртетіндей әкемнің туыстары да жоқ, оның ата-анасы, жалғыз ағасы да қайтыс болғанын білемін. Әкемнің де мен секілді егізі болған, алайда ол он үш жасында қайтыс болған. Туған ағасының да егіз қыздары бар екенін естігенмін. Бірақ оларды қалай табарымды білмеймін. Сосын Роман оның зиратына ғибадат ету үшін Таразға екі рет барды. Ал Тараздағы зираттың аумағы үлкен, біріншісінде оның жерленген жерін таппай келіп, ал екінші барғанында өз бетімен іздеп жүріп тауып алды.
–Демек Таразға жиі барып тұрасыздар ғой?
–Негізі, Таразға анам жыл сайын барып тұрады, оның ол жақтағы достарымен байланысы әлі үзілмеген. Ал мен онда соңғы рет 2014 жылы оқу-жаттығу жиынында болдым. Негізі, Таразда, жалпы Қазақстанда достарым көп. Қазақ балуандарымен жақын араласамын. Талай жыл құрамада өнер көрсеткен, бүгінде спортпен қош айтысқан Досжан Қартықов, сосын негізгі командада жаттығатын Азамат Күртібаев, Асхат Жаңбыров, Қорлан Жақанша секілді балуандармен достық қарым-қатынастамын. Жалпы, қазақтар мені үнемі қолдап жүреді. Қырғызстанда дүниеге келген қазақ Азиз Исмағамбетов Sajda атты киім брендін шығарады. Мен – сол брендтің амбассадорымын. Осы тұста айта кетерлік жайт, мен де, сыңарым да ислам дінін ұстанамыз. Қырық жастан асқан соң анам да осы дінді қабылдады. Жалпы, анамның ұстанымы мынадай: егер отбасыңда екі ұлттың қанынан жаралған бала өсіп жатса, қай дінді ұстанатынын баланың өзі шешеді, оған өз дініңді қабылдауға мәжбүрлемеу керек. Оның үстіне, біз бала кезімізден мұсылмандардың ортасында өстік. Біздің ниетімізді түсінген анам да «Отбасында бір дін болуы керек» деп ол да біздің қатарымызға қосылды. Бүгінде отбасымызда барлығы жақсы, тек руымыздың кім екенін білмейміз. Қазақстанда жүргенде екінің бірі «Өзің қазақ болсаң, сонда сенің руың кім?» деп сұрайды. Сондықтан қай рудан тарайтынымды білгім келіп жүр. Жоғарыда айтқан Азиз досым «Руыңның кім екенін анықтауға көмектесемін» деген еді. Алдағы уақытта біліп қалармын.
–Спорт пен отбасыны қатар алып жүруге қарсы балуандардың қатарынан екенсіз. Сіздіңше, спортқа ден қойған атлет отбасына жеткілікті деңгейде көңіл бөле алмай ма?
–Дәл солай. Кәсіби спортта көш бастап жүрген атлет ең алдымен карьерасына мән беруі керек. Отбасын құрып, ақыр соңында екеуін қатар алып жүре алмай қалған спортшы таныстарым көп. «Бала-шаға... үй-жай... жарыс... іріктеу...» деп жүріп біресе жарысқа, біресе үй жаққа қарай жүгіретін болсаң, түптеп келгенде балаңа да көңіл бөле алмайсың, спортқа да мән бере алмайсың. Мұндай екі түрлі жүкті арқаңа салып алып жүру мүмкін емес. Біз айналысатын күрес – қайырымсыз спорт түрі. Қаржылық қолдау жағынан қайырымсыз спорт деп отырмын. Жағдайымыз нашар деп айта алмаймын, десек те біздегі күнкөріс деңгейі басқа спортпен айналысатындармен салыстырғанда орташа. Үлкен теннис, футбол, бокс, ММА секілді спортпен айналысатын атлеттерге жақсы ақша төленеді. Олар алған қаражатын жеке инвестицияға айналдырып, әрі қарай емін-еркін жаттыға береді. Ал біз – балуандар олай жасай алмаймыз.
–Естуімше, Қазақстанда балуандарға жақсы қарайласады. Ұлтыңыздың қазақ екенін білген бапкерлер Қазақстанның атынан өнер көрсетуге шақырған болар?
–2011 жылы Қырғызстан жастар құрамасында өнер көрсетіп жүргенде бір қазақ бапкер Алматыдағы спорт интернатқа ауысып, сонда жаттығу туралы ұсыныс білдірген. Алайда, Фархад бапкеріміз бала кезімізден күрестің қыр-сырын үйретті. Күресу былай тұрсын, тіпті қалай дұрыс сөйлеп, дұрыс жүріп-тұру керек екенін үйретті. Туған баласындай қарап, үстіміздегі шаңды қағып, мәпелеп жүрген кезде басқа бапкердің «Жүріңдер, бізде жаттығыңдар!» дегеніне еріп кетіп қалсақ, адамдығымыздан не қалмақ?! Басқалары келісуі мүмкін, ал біздің тәрбиеміз, табиғатымыз мұндайға қарсы. Ал егер бала кезімнен бапкердің көмегінсіз, өз бетімше жаттықсам, ауысып кетер едім. Жеке бапкер деген сөйлемнің астарында шәкірті үшін еткен еңбегі, төккен тері, жүйкесінің жұқаруы, тіпті денсаулығы сыр бергенше жаттығу залынан кетпеуі деген түсінік жатыр. Сол себепті мұның барлығын оңай ысырып кете алмайсың. Жалпы, Қырғызстанда да мені ерекше қолдайды. Мен жаттығатын Қырғызстан командасы да әлем бойынша мықты құрамалардың бірі. 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына «классиктерден» қырғыз құрамасынан төрт балуан барды, Қазақстан құрамасы да төрт балуан апарды, ал құрамында Олимпиада, әлем чемпионы бар Корея құрамасы тек үш балуан апарды. Біз әлемнің түрлі елінде өтетін халықаралық жиындарға жиі барамыз, ол жағынан Үкімет бізді жақсы жағдаймен қамтамасыз етеді.