Конфет сыртындағы тудың суреті заңсыз екен

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың түсіндіруі бойынша конфет оралған қағазға тудың суретін бейнелеу дұрыс емес. Бұл жөнінде ол Орталық коммуникациялар қызметінде болған жиында айтты.

«Бүгінгі таңда ҚР Конституциялық заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы бейнесі өзге де материалдық нысандарда салынуы мүмкін. Алайда, бір рет пайдаланылатын заттар бұл материалдық нысандардың қатарына жатпайды. Сонымен бірге, Мемлекеттік ту ҚР №988-2007 ұлттық стандартын сақтай отырып жасалған және оны лицензиясы бар уәкілетті ұйымдар ғана жасай алады», –  деп жауап берді министр.  Орталық коммуникациялар қызметінде конфет сыртындағы Мемлекеттік ту суреті туралы сұрақ қойылған болатын. Министрдің айтуынша, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысымен ҚР Мемлекеттік туын, елтаңбасын және олардың бейнелерін, ҚР Мемлекеттік гимнінің мәтінін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте бұл өзгерістер арқылы азаматтарымыз үшін Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр. Ең алдымен ҚР Мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру үшін, ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.

Back to top button