Ажырасуға бекінген ерлі-зайыпты блогерлер Instagram аккаунтын бөлісе алмай соттасуда

Мәскеу соты бұрын-соңды өз тәжірибесінде кездеспеген ажырасу процесін қарауда. Некені бұзуға өтініш берген ерлі-зайыпты Instagram-дағы аккаунттарын бөлісе алмай әлек. Бұл туралы қорғаушы Сергей Егоров айтып берді, деп хабарлайды РИА Новости.

Қорғаушының айтуынша, желідегі аккаунтқа миллионнан астам адам жазылған. Оның ай сайынғы табысы 300 мың рубльдан (1,7 млн теңге) асып жығылады. «Ерлі-зайыпты аккаунтты бірлесе жүргізген, алайда Instagram-ның ережесі бойынша аккаунт бір ғана адамның атында болуы тиіс, сондықтан әйелінің атына тіркелген», – дейді қорғаушы.

Сергей Егоровтың сөзінше, Ресей заңнамасында әлеуметтік желідегі аккаунт секілді сандық меншік түсінігі жоқ. Бұл жағдайда мәселені шешу үшін сот Instagram өкілін үшінші тұлға ретінде шақыруы мүмкін. «Біз сотқа аккаунттың қалай басқарылатынын, табыстың қалай бөлінетінін реттейтін  келісім жобасын ұсындық. Құжат бекітіледі деген сенімдеміз», – дейді қорғаушы.

Back to top button