Қарасора есірткі заттар тізімінен шығарылды
Қарасора есірткі заттар тізімінен шығарылды
БҰҰ-ның есірткі заттар туралы комиссиясы қарасораны есірткі заттар тізімінен шығаруға дауыс берді. Қарасора 1961 жылы қабылданған Есірткі заттар туралы IV Бірыңғай конвенциясы бойынша айрықша қатаң бақылауды қажет ететін заттардың бірі саналатын. Бұл туралы Lenta.ru. хабарлайды.
Marijuana Business Daily сайтының мәліметі бойынша комиссияның 27 мүшесі қарасораны есірткі заттар тізімінен шығару керек десе, 25 мүшесі оған қарсы екенін білдірген, 1 адам қалыс қалған. Аталған комиссия БҰҰ-ның психикалық белсенді заттар саласындағы заң мәселесі бойынша басты мекеме болып саналады. Комиссия шешімімен қарасора енді күшті әсер ететін фентанил сияқты заттармен тең саналмайды.
Ендігі жерде заңнамалық реформаларын БҰҰ-на бағыттап қабылдайтын көптеген елде қарасораны өндірістік және медициналық көзқарас тұрғысынан зерттеу жеңілдейді дейді сарапшылар.
Қарасораны ауыр есірткі заттар тізімінен шығару туралы ұсынысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасаған. Бұл ұсыныспен қатар аталған өсімдікті өндіру бойынша бақылауды жеңілдету мәселесі де талқыланды. Алайда аталған мәселе бойынша комиссия бірде-бір пунктті қабылдамады.
Қараша айында марихуананы заңдастыруды АҚШ тұрғындарының үштен екі бөлігі қолдағаны белгілі болды. Италия, Чехия сынды Еуропа елдерімен қатар АҚШ-тың 30-дан астам штатында марихуананы медициналық мақсатта қолдану заңдастырылған. Португалия, Австрия сынды мемлекеттерде қарасора айналымын қылмыс деп танымау туралы ереже бар, арнайы кафелерде оны қолдануға рұқсат және аз мөлшерде қарасора егу заңмен қудаланбайды.