Мектеп оқушылары өз-өзіне қол жұмсады
Мектеп оқушылары өз-өзіне қол жұмсады
Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы кәмелетке толмағандар арасында тіркелген өз-өзіне қол жұмсау фактісіне талдау жүргізді. Биыл облыста 10 айда 12 жағдай тіркеліп, 4 жасөспірім көз жұмды.
«Ақтөбе қаласында 9 жағдай тіркеліп, 2 бала мерт болды. Сонымен бірге Хромтау ауданында 2, Алғада бір оқиға белгілі болды. Облыс бойынша өз-өзіне қол жұмсағандардың көбі мектеп оқушысы екені анықталды. 12 деректің жетеуі мектеп баласы болып шықты. Біреуі 10 жаста. Балалар асылады, дәрі-дәрмек және сірке суын ішіп қояды. Биік ғимараттан құлап, мойны мен қолына пышақ жарақатын салатындары да бар», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы.
Талдау кезінде отбасындағы, туған-туыс арасындағы дау-жанжалға балалардың төзбейтіні белгілі болды. Жауапсыз махаббат, әкесінен айырылған баланың жан қайғысы да – негізгі себептің бірі.
«Екі жасөспірім көз жұмып, өлімнің нақты себебі анықталмады. Зерделей келе суицидтің 60% жуығы отбасындағы дау-дамайдан соң тіркелетіні белгілі болды. Бір ерекшелігі – тұрғылықты жері мен оқу орындары берген мінездеме жақсы. Толық, ауқатты отбасында тәрбиеленген, ішкі істер органдарында тіркелмеген. Сондықтан баламен тығыз қарым-қатынас орнатып, барлық мәселені ақылмен шешуге болатынын ұғындырыңыз», – деп жазылған жергілікті полиция қызметі басқармасының хабарламасында.