Қайырымдылықпен айналысушылардың 71 пайызы – қарапайым халық

Қайырымдылықпен айналысушылардың 71 пайызы – қарапайым халық

Қайырымдылықпен айналысушылардың 71 пайызы – қарапайым халық
ашық дереккөзі
Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қайырымдылық және еріктілер – ұлттық мәдениеттің бір бөлігі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Еріктілер жылына орай ұйымдастырылған бұл шарада қайырымдылық пен еріктілікті ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретінде жүйелі дамытудың мәселесі талқыланды. Аталған жиынға «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, «Клуб добряков» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Әбдірашева, әлеуметтік кәсіпкер, «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының негізін салушы Эмин Аскеров және «Шұғыла» қоғамдық қорының директоры Мейірхан Әбдірахманов қатысты. Исламбек Салжанов, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы: –Қазіргі таңда еріктілердің біздің қоғамда атқаратын рөлі ерекше. Десе де, мұнымен тоқтап қалмай, шетелдің тәжірибесіне сүйеніп, мұны елімізде одан сайын дамыта түсуіміз керек. Қазақтар әрқашан да бір-біріне көмек көрсеткен. Ел ішінде «Жақсылық жасасаң - өзіңе, жамандық жасасаң өзіңе» деген сөз бар, сол себепті әлдебіреу қандай да бір жақсылық жасаса, оған түбі еселеніп қайтады. Мен соған сенемін. Сол себепті елімізде даму қарқыны жақсы қайырымдылық ісін одан әрі өркендетуге шақырамын. Осы тұста айта кетерлік бір жайт, дамыған мемлекеттерде қайырымдылықпен айналысушылардың 71 пайызы – қарапайым халық. Сондықтан мұндай игі іспен айналысу үшін адам ауқатты болуы керек деген түсінікті ұстанбау керек. Азаматтарымыздың қайырымдылық және еріктілікпен тек ауқатты адамдар айналыса алады деген санасын өзгертіп, әр қазақстандықтың қайырымдылық жасай алатынына көз жеткізуіміз қажет. Біз қайырымдылық пен еріктілік мәдениетін сіңіріп, осы салада кәсіби кадрлар дайындап, барлық іс-шараларын ашық жүргізетін мекемелер құруымыз керек. Мейірхан Әбдірахманов, «Шұғыла» қоғамдық қорының директоры: –«Шұғыла» қоры көпбалалы және толық емес отбасыларға әлеуметтік және медицина жағынан көмек көрсетеді. Қор бірнеше жоба бойынша қарқынды жұмыс істеуде. Атап айтсам, «Береке» деген жоба аясында белсенділер азық-түлік жинап, әкімдіктен мұқтаж отбасылар тізімін алып, мұны үйді-үйге таратады. «Жылу сыйла» деген екінші жоба аясында қыстың көзі қырауда көмір сатып алуға ақшасы жетпей жүрген жандарға қол ұшын созады. Осы бес жыл ішінде сондай жандарға 3 миллион тонна көмір тараттық. «Отбасы отбасыға көмектеседі» деген үшінші жоба бойынша жағдайы жақсы отбасылар өздерінен артылған киімді біз жасақтаған дүкенге әкеп өткізеді. Есептеп қарасақ, осы бес жылдықта 96 тоннадай киім-кешек үлестіріппіз. «Мектепке жол» деген төртінші жобада тұрмысы төмен отбасыларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтап, қатарынан қалдырмауға тырыстық. Сонымен қатар сырқаттанып қалған жағдайда олардың ем-дом алу шығындарын өтеуге көмектесеміз. «Білім жолы» деген қызықты жобада мектеп бітіргелі жүрген оқушыларды ҰБТ-ға дайындаймыз және ағылшын тілінен тегін сабақтарға қатыстырамыз. Гүлмира Әбдірашева, «Клуб добряков» еріктілер қозғалысының негізін салушы: –Еріктілікпен айналысып жүргеніме он бес жыл болды. Байқағаным, бүгінде Қазақстанда ерікті сөзінің салмағы бар, маңызы да артып келеді. Бұрынырақта «Мен – еріктімін» десең, сені басыбайлы шаруа секілді қабылдайтын. Ал қазір жағдай басқаша. Кеннеди «Отаным маған не береді деп сұрама, мен отаныма не істей аламын деп сұра» деген. Осыны біздің елде де жақсы түсініп, қайырымдылықпен жасаушылардың саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Оның үстіне, биылғы жылдың еріктілер жылы болып бекітілгені де бұл іске тың серпін берді. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Расымен де қатарымызға көп адам қосылды. Ерікті деп тек мұқтаж адамға көмек көрсететінді емес, сонымен қатар жануарға жаны ашитын адамды айтамыз. Соңғы уақытта мейірімсіз жандардың итбалық, аққуды қорлап, зиян келтіргендеріне бейжай қарай алмай, көмектескісі келетін азаматтарды әлеуметтік желіде жиі байқаймын. Бұл – үлкен бетбұрыс. Эмин Аскеров, «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының негізін салушы: –Елордаға көшіп келгенге дейін АҚШ-та тұрғанмын. Сол кезде бұл елде қайырымдылық жасаудың жақсы жолға қойылғанын байқадым. Сосын елге оралғанда бұл істің біздегі кемшін тұстарын байқап «Неліктен бізде бұл іс дамымай қалған? Мейірімділер қайда?» деп ойға батқан едім. Ал бүгінде аз уақыт ішінде бұл істің қарқынды дамып келе жатқанының куәгерімін. Еліміздегі түрлі қорлардың дамыған елдердегі ұйымдардан қалмай, қайырымдылық ісін өркендетіп келе жатқанына қуаныштымын. Ендігі кезекте ерікті дегенді ресми қызмет ретінде қарастыруды қолға алсақ. Ерікті қызметінің өтілін еңбек кітапшасына енгізсек, бұл жақсы серпіліс беретін еді. Сосын қасымда көптеген жыл бойы қайырымдылық іспен айналысып жүрген үлкен жүректі адамдар отыр. Мұндай ерекше жандардың есімін Қазақстан халқы білсе екен деймін.