«Телефонды басыңа кигіземін»: маска тақпаған автобус кондукторы жұмыстан шығарылды

Қоғамдық көлікте маскасыз тұрған кондуктордың видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетіп, қызметкер осы видеодан кейін жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов мәлімдеді.

Tengrinews.kz сайтының мәліметінше, бұл видео Шымкенттегі №152 автобуста түсірілген. Видео авторы кондуктордан неге маска тақпағанын сұрайды. Бұған кондуктор дөрекі жауап беріп, былапыт сөздер айтады.

Ержан Жолдасовтың сөзінше, өңірлік Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл оқиғадан кейін тексеріс жүргізген.

«Желіде №152 автобус түсірілген видео тексерілді. Бұл автобус «Шымкент Парк» компаниясына қарайды. Бұл оқиғадан кейін кондуктор жұмыстан шығарылды, ал автобус жүргізушісіне қатаң сөгіс жарияланды. Алдағы уақытта тағы да қайталанса, жүргізуші де жұмыстан шығарылады. Сонымен қатар, барлық жүргізуші мен кондукторға қызмет көрсету мәдениетін сақтау туралы нұсқама өткізу туралы талап қойылды», – деді басқарма басшысы.

Back to top button