Президентке жаңа өкілеттік беріледі – Парламент қабылдаған заң

3 желтоқсан, 2020 / Асыл ТҰМАР
ашық дереккөзі
Президентке жаңа өкілеттік беріледі – Парламент қабылдаған заң Парламент Сенатының жалпы отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында Президентке жаңа өкілеттік берілді.  Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінше, заң жобасының мақсаты – Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы саласындағы заңнамасын жетілдіру. Заң жобасымен «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңына мынадай түзетулер енгізіледі: «Бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді және еліміздің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің, оның ішінде аудандық маңызы бар қалалардың ағымдағы мәртебесін толық көлемде қамтуға бағытталған. Қолданыстағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халық саны 10 мың адамнан кем емес елді мекендер жатады. Қазіргі уақытта 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халықтың саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, яғни осы аудандық маңызы бар қалаларда тұрғындар санының аздығына байланысты олардың мәртебесін өзгерту қажеттігі туындады. Алайда қолданыстағы заңнамада аудандық маңызы бар қаланың мәртебесін ауыл санатына өзгерту жөнінде норма қарастырылмаған», – деді сенатор Нұрлан Бекназаров.