Жастарға жігер беретін жоба

Жастарға жігер беретін жоба

Жастарға жігер беретін жоба
ашық дереккөзі
Мемлекеттің басты капиталы – қазба байлықтары емес, ұшқыр ойлы, білімді азаматтары. Кез келген елдің болашағы қолынан іс келетін, қоғамды алға сүйрей алатын адамдарға тәуелді. Адам капиталына құйылған инвестиция еселеніп ақталатынын уақыт әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасынан елдің күтері мол. «Nur Otan» партиясының Елбасы бастамасымен құрылған құрылған «Jas Otan» Жастар қанаты 20 жыл ішінде Қазақстандағы жастар саясатының көшбасшысына айналды. «Jas Otan» бастамасымен жүзеге асырылған жобалар ел жастарын алаңдатқан өзекті мәселелер­дің шешілуіне ықпал етіп келеді. Жасотандық­тардың пандемия кезіндегі ізгі істеріне де жұрт куә. Мәселен, «Jas Otan» ұйымдастырған «Дәрігер­лерге мың алғыс» республикалық акциясы індетпен күрестің алғы шебінде жүрген ақ халаттыларға қолдау көрсетіп, қуаныш сый­лады. Акцияға 500-ге тарта ерікті жұмыл­ды­рылды. Бұдан бөлек, Түркістан облысында SHIPA және O2MIR жобалары іске қосылды. O2MIR жобасы аясында елімізде тап­шы болып отырған оттегі аппараттары шетелдерден өңірдегі емханаларға жеткізілді. Ал SHIPA жоба­сы арқылы орта деңгейдегі дәрі-дәрмектер қорап­шалары дайындалып, 300 аз қамтылған отбасыға үлестірілді. «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бағдарлама әзірленбес бұрын Jas Otan Жастар қанатының мүшелері ел бойынша онлайн және офлайн режимде 200-ге тарта кездесу өткізген. «Сол кездесулердің аясында жастар тарапы­нан 4 мыңға жуық ұсыныс жинадық. Жалпы,  «Жастар – Отанға!» бағдарламасын әзірлеу бары­сында қандай мәселелерге ден қойдық. Біріншіден, жастар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Екіншіден, Канада, Германия секілді елдердің жастар саясатын қолдау бо­йын­­ша халықаралық тәжіри­бе­лерін зерт­те­дік. Сондай-ақ БҰҰ жастарды қолдау стратегиясы – осы бағдарла­ма­ның негіз­дерінің бірі болды. Мемлекет басшысының Жолдауында жастарға қатысты айтылған мәсе­ле­лердің барлығын қамтуға тырыстық», – дейді  Е.Бейсенбаев. Жастарды қанаттандырған бағдарлама бес бағыттан тұрады. Біріншісі – азаматтық белсенділік, екіншісі – сапалы білім, үшіншісі – жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту, төртінші – жас отбасыларды баспанамен қамту және қолжетімді баспана, бесіншісі – тұлға­лық даму және бос уақытты тиімді өткізу. Әлеуметтік зерттеулер қорытындысына сүйенсек, қазақстандық жастардың небары 18 пайызының ғана өз баспанасы бар. Әсіресе, сту­­дент­тердің жатақханадан орын жетпей қи­­налуы өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгін­де елімізде 1,1 млн студент білім алуда, олар­дың 170 мыңға жуығы, яғни 15,45 пайызы ғана жа­тақ­ханамен қамтылған. Бұл көрсеткіш­ті 25 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, демек, әлі 95 мың орын қажет. Елбасы тапсырмасы бойынша 2022 жылдың соңына дейін 75 мың жаңа орын құрылуы тиіс. Межелі мерзімге дейін 1,5 жыл уақыт қалды. Әзірге бар-жоғы 12-13 мың жаңа орын пайда болды. Сондықтан шұ­ғыл шаралар қолға алынуы қажет. Мәселен, Ал­маты студенттеріне 24 мың орын жетіспейді. «Студенттер жатақханасында орындардың жет­кілікті болуы – «Jas Otan»-ның негізгі мін­дет­терінің бірі. Әлемнің жетекші елдерінде өз студенттерінің кем дегенде 25 пайызын жатақханамен қамтамасыз ете алмайтын уни­вер­ситеттерге лицензия берілмейді. Қазақ­стан­дық ЖОО-ларды лицензиялау кезінде де осын­дай талап қойылуы керек деп есептейміз. Біз бұл жерде Елбасының 5 әлеуметтік бастама­сына  сүйеніп отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған үшінші бастама студенттік жатақ­ха­налар құрылысы екені көпшілікке мәлім», – дейді «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев. Баспана мәселесін шешуден бөлек, жас­отан­­дықтар «Жастар – Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы 5 жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,7 пайызға, NEET үлесін 6,8 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.