Германиядағы кикбоксшы қандасымыз: Қазақтың туын алып шығуға рұқсат сұрадым

Германиядағы кикбоксшы қандасымыз: Қазақтың туын алып шығуға рұқсат сұрадым

Германиядағы кикбоксшы қандасымыз: Қазақтың туын алып шығуға рұқсат сұрадым
ашық дереккөзі
Еуропа құрлығында кикбоксингтен өтетін жекпе-жектерде топ жарып, әлем чемпионатында ешкімге дес бермей жүрген Ясемин Қарабазар есімін көпшілік біле бермейді. Германияның Мюнхен қаласында туып-өскен ол түрлі жарыстарға сол елдің атынан шықса да, тарихи Отанын ұмытпай, жеңісінен соң рингке Қазақстан туын жамылып шығады. Бүгінде Мюнхенде кикбоксингтен жеке үйірме ашып, қыздарды жаттықтырып жүрген Ясеминге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.  width= – Германия қазақтары «Біз жақта Қа­зақ­­станның атын әлемге танытып жүр­ген Ясемин Қарабазар есімді кикбоксшы қызымыз бар, бірақ Қазақ­стан­да оны аса ешкім танымайды» деп айтқан еді. Сіз Гер­ма­нияда дүние­ге келдіңіз бе, әлде сонда отбасы­ңыз­бен басқа жақтан көшіп барды­ңыз­дар ма? – Мен 1989 жылы Германияның Мюнхен қаласында дүниеге келгенмін. Анамның есімі – Айша, әкемнің есімі – Абдулжәміл. Ата-анам Ауғанстанда дүниеге келген, сол жақта өсіп-өніп, отбасын құр­ған. Кейін Түркияға көшіп келген, онда он жылдай тұрып, сосын әкемнің жұмыс бабымен Мюнхен қаласына көшіп келген. Отбасында бес ағайындымыз. Үлкен әпкем Ауғанстанда, одан кейін дүниеге келген ағам мен екінші әпкем Түркияда, ал біз сіңлім екеуміз Германияда дүниеге келдік. Әкем осыдан екі жыл бұрын дүние салды, ал қалғанымыз Германияда тұрамыз.  width= – Көп жағдайда қыз балаларды өз-өзін қорғауды үйренсін деген мақсат­пен бокс, күрес секцияларына туыстары жетектеп алып келеді. Ал сіз кикбоксинг үйірмесіне қалай келдіңіз? –Кикбоксинг үйірмесіне екінші әпкем алып келді. Бастапқыда уақытымды тиімді өткізу үшін қатыстым, хобби ретінде айналыстым. Оның үстіне кішкентайымнан аяқ-қолым жерге тимейтін белсенді, жан-жақты болып өстім. Әпкем асып-тасып жат­қан энергиямды пайдалы бір іске жұм­са­сын деп кикбоксинг секциясына ертіп апарса керек (күліп). Сосын мұның тек хобби емес, өмірімнің ажырамас бөлігі­не айналғанын түсініп, кәсіби түрде айналыса бастадым. Осылайша, 2011 жылдан бас­тап үлкен рингтерге шыға бастап, нәтиже­сінде осы спортты жаныма серік етіп алдым. Қазір есептеп қарасам, осы тоғыз жылдың ішінде рингке 84 рет шығыппын. Германия чемпионатынан бастап, Еуропа және әлем чемпионаттарында топ жардым. Одан бөлек, Грекия, Италия, Португалия, Чехия, Украина, Түркия елдерінде өткен халықа­ра­лық жарыстарда бақ сынадым. Мұнымен қоса, Германияның көп қаласында өткізіл­ген жекпе-жек кештерінде жүлделі болдым.  width= –Ал ата-анаңыз қарсы болмады ма? –Алғашында анамның қатты қорыққа­ны есімде. Жаңылыспасам, рингте өткізген екінші кездесуімде жарақат алып қалдым. Мұны көріп, шошыған анам «Қызым, қой!» деп мұнымен айналысқанды доғаруымды өтінгені бар. Алайда бұл спорт түріне ерек­ше ықылас танытқан соң, анам қанша рет айтса да, мұнымен қош айтыса алмадым. Керісінше, есейген сайын құлшынысым артып, жарыстан-жарысқа қатыса жүріп, бұрынғыдан бетер қызыға бастадым.  width= –Әлеуметтік желідегі парақша­ңыз­да рингте кезекті бір жеңісіңізден кейін иығыңызға Қазақстан туын жа­мылып тұрған суретіңізді көрдім. Қазақ­станның Туын әр кездесуге алып шығып жүрсіз бе? –Жоқ, әр кездесуде алып шыға алмаймын. Негізі Германия елінде дүниеге келіп, осы елдің атынан қатысқан соң, көп ретте Германия туын алып шығамын. Бірақ бірнеше жекпе-жекте рингке шығар алдында жеке бапкерімнен Қазақстан туын алып шығуға рұқсат сұрадым. «Германияда туылсам да,  қазақтың қызымын. Сол се­беп­­ті қазақтың туын көрсеткім келеді» деген едім, ереже бойынша дұрыс болмаса да, рұқсатын берді. Негізі, тарихи Отаның­ның туын жамылып шығуға барлық жерде рұқсат берілмейді. Жалпы, мен Қазақстанға екі бардым, біріншісінде Шымкент қаласына қыдырып бардым, екіншісінде ағам Алматы қаласының маңындағы Қас­ке­лең қаласынан қыз алып, құдалыққа барғаным бар. Сол себепті кіндік қаным тамбаса да, табаным тиген тарихи Отан­ның туын ұстап шығу – мен үшін мәртебе.  width= – Арамызда «Қыздарға жұдырық­тас­қан жараспайды» деген пікір айту­шы­­лар жетерлік. Айналысамын десе, өзге де қауіп-қатері аз, зияны жоқ спорт түрлері бар екенін алға тар­та­­ды олар тағы. Сіз бұған не дейсіз? –Мен үшін басқа адамдардың айтқан пікірі маңызды емес. Бастысы – жұдырық­тас­қан өзіме ұнайды. Кикбоксинг, соның ішінде муай-тай  – қиын спорт түрі, мұнда аяқ пен қолды қимылдату керек. Басқа спорт түрлеріндегі секілді жекпе-жекте қорғанатын ештеңе тақпаймыз, бар болға­ны арнайы қолғап киеміз. Бір қолғап­пен жұдырықтаса жүріп, мұқият болмасаң, кез келген уақытта жарақат алып қалуың мүмкін. Бірақ мен – мықты­мын. Сол секілді кім өзін мықты санайды, тек солар ғана өзіне барлығы жарасатынын көрсете алады. Жалпы, тек кикбоксингте ғана емес, кез келген спортта қауіп-қатер бар.  width= – Қазіргі таңда пандемияға байланысты рингке шықпай жүргеніңіз белгілі. Десек те, Instagram желісіндегі парақшаңыздан байқағанымдай, Lady power атты жеке клуб ашып, сол клубтың ішіндегі рингте қыздарды жаттықтырып жүрген секілдісіз... –Иә, биыл мына індеттің кесірінен жекпе-жектер өткізілмей, рингке мүлде шықпадым. Соңғы рет былтыр Мюнхен қаласында болған жекпе-жек кешінде ринг­ке шықтым ғой деймін. Дегенмен қол қусырып отырған мен жоқ. Өзіңіз байқа­ған­дай, кикбоксингтен секция ашып, қазіргі таңда кезінде  мен секілді осы спорт­қа қатты қызыққан қыздарды жат­тық­тырып жүрмін. Біз жақта курстар­дың басым бөлігі жабық, дегенмен мен жаттығу жұмыстарын доғармадым. Одан бөлек, сақтандыру ісі бойынша қосымша жұмы­сым бар. Қазіргі таңда коронавирус салдарына бола кәсіби спортқа қатысты жоспар құрмайтын болдым. Алайда жеке өмірімде айтарлықтай өзгеріс болғалы тұр. Жақында тұрмысқа шығамын, соған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ендігі кезекте жалғыз емеспін, сол себепті рингке шығу-шықпау туралы шешімді жолдасыммен ақылдасып шешетін боламын. Мүмкін, бұрынғыдан бетер мық­ты қалыпта оралармын, мүмкін қазіргі таң­да өзім баптап жатқан қыздарды рингке алып шығармын. Барлығы уақыттың еншісінде.  width=  – Өзіңіз жаттықтырып жүрген секцияға келушілер қатарында қазақ қыздары да бар ма? –Жалпы, Мюнхен қаласында елу шақты қазақ отбасы тұрады. Олардың арасында менің кикбоксинг спортына үйретіп жүргенімді естіген бірнеше қазақ қызы біздің клубқа келді. Десек те олар мен секілді кәсіби түрде шұғылданғысы жоқ, тек бос уақытында спортпен шұғылдану үшін қатысқысы келеді.  

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ