Германиядағы кикбоксшы қандасымыз: Қазақтың туын алып шығуға рұқсат сұрадым
Германиядағы кикбоксшы қандасымыз: Қазақтың туын алып шығуға рұқсат сұрадым
Еуропа құрлығында кикбоксингтен өтетін жекпе-жектерде топ жарып, әлем чемпионатында ешкімге дес бермей жүрген Ясемин Қарабазар есімін көпшілік біле бермейді. Германияның Мюнхен қаласында туып-өскен ол түрлі жарыстарға сол елдің атынан шықса да, тарихи Отанын ұмытпай, жеңісінен соң рингке Қазақстан туын жамылып шығады. Бүгінде Мюнхенде кикбоксингтен жеке үйірме ашып, қыздарды жаттықтырып жүрген Ясеминге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Көп жағдайда қыз балаларды өз-өзін қорғауды үйренсін деген мақсатпен бокс, күрес секцияларына туыстары жетектеп алып келеді. Ал сіз кикбоксинг үйірмесіне қалай келдіңіз?
–Кикбоксинг үйірмесіне екінші әпкем алып келді. Бастапқыда уақытымды тиімді өткізу үшін қатыстым, хобби ретінде айналыстым. Оның үстіне кішкентайымнан аяқ-қолым жерге тимейтін белсенді, жан-жақты болып өстім. Әпкем асып-тасып жатқан энергиямды пайдалы бір іске жұмсасын деп кикбоксинг секциясына ертіп апарса керек (күліп). Сосын мұның тек хобби емес, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналғанын түсініп, кәсіби түрде айналыса бастадым. Осылайша, 2011 жылдан бастап үлкен рингтерге шыға бастап, нәтижесінде осы спортты жаныма серік етіп алдым. Қазір есептеп қарасам, осы тоғыз жылдың ішінде рингке 84 рет шығыппын. Германия чемпионатынан бастап, Еуропа және әлем чемпионаттарында топ жардым. Одан бөлек, Грекия, Италия, Португалия, Чехия, Украина, Түркия елдерінде өткен халықаралық жарыстарда бақ сынадым. Мұнымен қоса, Германияның көп қаласында өткізілген жекпе-жек кештерінде жүлделі болдым.
–Әлеуметтік желідегі парақшаңызда рингте кезекті бір жеңісіңізден кейін иығыңызға Қазақстан туын жамылып тұрған суретіңізді көрдім. Қазақстанның Туын әр кездесуге алып шығып жүрсіз бе?
–Жоқ, әр кездесуде алып шыға алмаймын. Негізі Германия елінде дүниеге келіп, осы елдің атынан қатысқан соң, көп ретте Германия туын алып шығамын. Бірақ бірнеше жекпе-жекте рингке шығар алдында жеке бапкерімнен Қазақстан туын алып шығуға рұқсат сұрадым. «Германияда туылсам да, қазақтың қызымын. Сол себепті қазақтың туын көрсеткім келеді» деген едім, ереже бойынша дұрыс болмаса да, рұқсатын берді. Негізі, тарихи Отаныңның туын жамылып шығуға барлық жерде рұқсат берілмейді. Жалпы, мен Қазақстанға екі бардым, біріншісінде Шымкент қаласына қыдырып бардым, екіншісінде ағам Алматы қаласының маңындағы Қаскелең қаласынан қыз алып, құдалыққа барғаным бар. Сол себепті кіндік қаным тамбаса да, табаным тиген тарихи Отанның туын ұстап шығу – мен үшін мәртебе.
– Қазіргі таңда пандемияға байланысты рингке шықпай жүргеніңіз белгілі. Десек те, Instagram желісіндегі парақшаңыздан байқағанымдай, Lady power атты жеке клуб ашып, сол клубтың ішіндегі рингте қыздарды жаттықтырып жүрген секілдісіз...
–Иә, биыл мына індеттің кесірінен жекпе-жектер өткізілмей, рингке мүлде шықпадым. Соңғы рет былтыр Мюнхен қаласында болған жекпе-жек кешінде рингке шықтым ғой деймін. Дегенмен қол қусырып отырған мен жоқ. Өзіңіз байқағандай, кикбоксингтен секция ашып, қазіргі таңда кезінде мен секілді осы спортқа қатты қызыққан қыздарды жаттықтырып жүрмін. Біз жақта курстардың басым бөлігі жабық, дегенмен мен жаттығу жұмыстарын доғармадым. Одан бөлек, сақтандыру ісі бойынша қосымша жұмысым бар. Қазіргі таңда коронавирус салдарына бола кәсіби спортқа қатысты жоспар құрмайтын болдым. Алайда жеке өмірімде айтарлықтай өзгеріс болғалы тұр. Жақында тұрмысқа шығамын, соған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ендігі кезекте жалғыз емеспін, сол себепті рингке шығу-шықпау туралы шешімді жолдасыммен ақылдасып шешетін боламын. Мүмкін, бұрынғыдан бетер мықты қалыпта оралармын, мүмкін қазіргі таңда өзім баптап жатқан қыздарды рингке алып шығармын. Барлығы уақыттың еншісінде.