Қаланы көркейту жобасына тұрғындар қатыса алады

Қаланы көркейту жобасына тұрғындар қатыса алады

Қаланы көркейту жобасына тұрғындар қатыса алады
ашық дереккөзі
Алматы қаласында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 2021 жылдан бастап 300-ден астам жоба жүзеге асырылады. Биыл жоба аясында тұрғындар тарапынан 795 ұсыныс түсіп, оның 448-і дауыс беруге жіберілген. Осылайша Алматы тұрғындары өздеріне қажетті нысандарды салдырып жатыр. «Бюджетке қатысу» жобасы қала тұрғындарының бастамасы мен ұсы­ныс­тары арқылы ауданды көркей­тіп, дамытуды көздейді. Халықтың тұрғы­лықты жерінде балабақша, емхана жетіспей жатқанын айтып, оны салуға ұсыныс жасайтын тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде әлдеқашан оң жолға қойылған. Сондай-ақ тұрғындар нысанның құрылысына бөлінетін бюджет қаражатын тиімді жұмсауға атсалысады. «Бюджетке қатысу» қалалық жобасы әзірге үлкен нысан салуды әлі қамты­­маса да аумақты көгалдандыру, тротуарлар төсеу, арықтар салу, сая­бақтар, гүл бақтары, жаяу жүргін­шілер аймақтарын жөндеу және жарықтан­дыру, аулаға жаттығу мен ойын алаң­да­рын салу сияқты ұсыныс­тарды қарастырады. Тұрғындардың игі бастамаларын сарапшылар, Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары және Үкіметтік емес ұйым өкілдері қарап, талқылайды. Халықтың ұсынысы мен бастамасын қолдауға арналған жоба аясында биыл Медеу ауданы Самал-1 ықшамау­да­­нында жаңа сквер пайда болды. Тұр­ғын­дардың ұсынысымен бос жат­қан аумақ абаттандырылып, жаттығу жасау құралдары, орындықтар қойы­лып,  әдемі демалыс орнына айналған. Ескі жаяу жүргіншілер жолы күреліп, орнына брусчаткалар төселді, аумаққа Led шамдар қойылып, бос жатқан жер­лер көгалдандырылып, су тартылды. Медеу ауданы әкімі аппаратының Көріктендіру бөлімінің басшысы Мақсұт Нұрғалиев бұл жерде бұрын 1,5 метрлі жаяу жүргінші жолы мен бір демалу орындығы ғана болғанын айтады. Абаттандыру жұмыстары екі ай уа­­­қыт ішінде жасалған. Нысанды салу­ға бю­д­жеттен 27 миллион теңге бө­­лін­ген. Жоба аясында биыл Түрксіб ауда­нын­­дағы Бекмаханов пен Спасская көше­лерінің қиылысында футбол және балалар ойын алаңы ашылған. Алаңды салуға 23 млн теңге жұмсалған. Аталған ауданның Көріктендіру бө­лі­мі басшысының міндетін атқару­шы Райхан Нұрпейісованың айтуынша, ауданда «Бюджетке қатысу» жобасы ая­сында 5 нысан іске асырылған. Олар­­ға бюджеттен 55 млн теңге бөлінген. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі «Бюд­жетке қатысу» пилоттық жобасын жүзеге асырып, қаланың 8 ауданына жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден бөлді. 2020 жылы бұл қаржы 6,4 млрд теңгеге дейін өсті (2019 жылы 4 млрд теңге), яғни әр ауданға 800 млн теңге­ден. Қалаға қосылған аумақтарды дамы­ту мақсатында Наурызбай және Ала­тау аудандарына «Бюджетке қа­тысу» аясында қосымша 500 млн теңге­ден бөлу қарастырылған. Осылайша, аталған екі ауданның әрқайсысына 1,3 млрд теңгеден бөлінеді. Бұл қаражатқа тұрғындардың сұ­рауы бойынша аулалар абаттандырылып, саябақтар мен скверлер салынады, спорт алаңдары жасалып, көше­лер­ге жарық орнатылады. Биыл «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінім жинау тамыз айында budget.open-almaty.kz порталы арқылы іске асырылды. Оның ішінде ең жақсы ұсы­ныстарды 11-23 қараша аралы­ғын­да өткен дауыс беру кезінде тұрғын­дар­дың өзі анықтады. Дауыс беру budget.open-almaty.kz порталында ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) пайдалану арқылы онлайн, сондай-ақ аудандық әкімдіктер мен Open Almaty фронт-офи­сінде жазбаша түрде өткізілді. Биыл 795 жобалық ұсыныс түсті, 448-і дауыс беруге жіберілді. Алматы­лық­тар 28 576 дауыс берді, оның ішінде 27 476 онлайн және 1 113-і  қағазға жа­зыл­ған нұсқада. Бұл дерек Алматы тұр­ғындарының цифрлық мүмкіндік­тер­ді кеңінен пайдалана бастағанын көрсетсе керек. «Бюджетке қатысу» аясында 2021 жылы іске асырылатын 343 жобаның 73-і – Алмалы, 61-і  – Наурызбай ауданы, 54-і – Түрксіб ауданы, 49-ы –  Бос­тан­дық ауданы, 34-і Медеу ауданы, 31-і –  Алатау ауданы, 22-сі Әуезов ауданы, 19-ы – Жетісу ауданына тиесілі. Қала тұрғындарының ең көп дауыс жинаған жобалары қатарында: Бостан­дық ауданында №3 оқушылар үйінің аумағын абаттандыру (458); Алатау ауданында «Атлеттер қала­шы­ғы» ТК аумағын абаттандыру (424), Алмалы ауданында Шевченко кө­ше­­сі, 167 мекенжайындағы ауланы жаңар­ту және көгалдандыру (387), Медеу ауданында №168 мектепке өту үшін  Әбілғазы өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен пандусы бар баспалдақ салу (349); Түрксіб ауданында «Қазақстан жас­та­рына патриоттық тәлім беру» тақы­ры­бына мурал салу (325); Әуезов ауданындағы Мамыр-1 ықшамауданында балалар ойын алаңын күрделі жөндеу (147); Наурызбай ауданындағы Тасты­бұ­лақ ықшамауданында жол бойында жабық арық жүйесін орнату (132); Жетісу ауданындағы Көкжиек ықшамауданында Жекпе-жек орталы­ғын ашу (112) бар. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі­нің мүшелері жазбаша дауыс беру нәти­­жесін санауға қатысып, тұрғын­дар­дың бастамаларына баға берді. «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша қағазға толтырылған нұсқада дауыс беру нәтижесін санауға бір күн кетті. Бұл тұрғындар өз ауданын абаттандыру үшін дауыс беруге белсенді қатыс­қа­нын білдіреді. Менің ойымша, тұр­ғын­дардың пікірін ескере отырып, қ­а­ланы дамыту үшін «Бюджетке қаты­су­ды» тұрақты түрде өткізу керек. Тә­жі­рибе көрсеткендей, қала тұрғын­дарының белсенділігі мен жобаға деген қы­зығушылығы жыл сайын артып ке­леді», – деді Алматы қаласы Қоғам­дық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбдішүкі­ров. Алматы қаласы Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының басқарма төрағасы Ұлан Іңкәрбеков те биыл тұрғындардың белсенділігі артқанын атап өтті. «Әр ауданда орта есеппен 100 жобадан ұсынылды. Соның ішінде дауыс беруге қала тұрғындарына қажет және ең маңызды жобалар жіберілді. Жыл сайын «Бюджетке қатысу» арқылы қала­лық ортаны жақсартуға ниет білдіретін тұрғындар саны көбейе түседі деп сенемін», – деп бөлісті Ұ.Іңкәрбеков. Алматы қаласы Қоғамдық кеңе­сінің сарапшысы Дмитрий Васильевтің  пікірінше, «Бюджетке қатысудың» категорияларын көбейтіп, абаттандырудан бөлек, әлеуметтік нысандарды, демалыс орталықтарын және т.б. ашу бойынша жобаларды қосу мүмкіндігін қарастыру қажет. Жұмыстың жүйелі жүргізілуі мен сапалы өнімнен салынуын қалалық қоғамдық кеңес өкілдері бақылайды. «Бюджетке қатысу» жобасының ерекше тұсы – құрылыс жоспары қала тұрғын­дарымен кеңесе отырып жасалады. Бұл билік пен бұқара арасында ашық қоғам қалыптасуына үлкен мүмкіндік дейді қоғамдық кеңес мүшелері.