Байқоңырдағы Қазақстан азаматтары пәтерін жекешелендіруге мүмкіндік алады – Премьер-Министр
Байқоңырдағы Қазақстан азаматтары пәтерін жекешелендіруге мүмкіндік алады – Премьер-Министр
Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтарына пәтерін жекешелендіру мүмкіндігін беру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған.
Мәжілістің бір топ депутаты Байқоңыр қаласында тіркелген Қазақстан азаматтарына тұрғын үй көмегінің мөлшерін ұлғайту және тұрғын үйді жекешелендіру тетігін пысықтау мәселесін көтерген болатын. Осы мәселеге қатысты жауап берген Үкімет басшысы Қызылорда облысының әкімдігі 2021 жылдан бастап тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеу үшін отбасылық жиынтық табысының 10 пайызы мөлшерінде (қазір 14% құрайды) шекті жол берілетін шығыстар үлесін белгілеуді жоспарлап отырғанын айтады. Ал бұл тұрғын үй көмегін алатын азаматтардың санын арттыруға мүмкіндік береді.
«Байқоңыр қаласының тұрғын үй қоры Байқоңыр қаласының Әкімшілігінің қарауында. 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы Келісімнің 10-бабының 5-тармағына сәйкес, Байқоңыр қаласында тұрғын үйді (пәтерлерді) жекешелендіру жүргізілмейді. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен және Байқоңыр қаласының әкімшілігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жалдаушылары Қазақстан азаматтары болып табылатын пәтерлерді (пәтер бойынша) нақты жекешелендіру тетігін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ Ресей тарапымен одан әрі келісу үшін жекешелендірудің ұсынылып отырған тетігі бойынша Қазақстан тарапының бірыңғай ұстанымы пысықталуда», – деді Асқар Мамин.