Пандемиядан кейінгі шетелдегі қандастардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай?

Пандемиядан кейінгі шетелдегі қандастардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай?

Пандемиядан кейінгі шетелдегі қандастардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай?
ашық дереккөзі
Шетелде тұратын қандастардың жоғары іскерлік белсенділігі Қазақстан үшін отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, озық технологиялар (білім) трансферті мен инвестициялар тарту үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Олардың кәсіби құзыреттілігі, жергілікті тілді, құқықтық базаны және нарық конъюнктурасын білу, сондай-ақ іскерлік тәжірибесінің болуын экономиканың түрлі секторларында пайдалануға болады. Осыған байланысты, 2019 жылы 8 мемлекетте (ГФР, Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Ұлыбритания, Швеция, РФ, Моңғолия) «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен 500-ге жуық іскер қандастарды қамтыған жоғары деңгейдегі бизнес-форумдар өткізілді. Өкінішке орай, 2020 жылы әлемде COVID-19 індетінің өршуіне байланысты іскерлік кездесу ұйымдастыру мүмкін болмады. Дегенмен, «Отандастар қоры» шетелдегі іскер қандастармен байланысты үзбеу мақсатында іс-шараларды онлайн форматта ұйымдастыруды ұсынып, Zoom платформасында «Қандастар форумы» атты 7 онлайн-кездесу (Түркия, Өзбекстан, РФ, Иран, Моңғолия, АҚШ және Еуропа қазақтарымен) өткізуді жоспарлаған болатын. «Қандастар форумын» өткізудегі басты мақсат, әлемде өршіген пандемиядан кейінгі шетелде тұратын қазақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын анықтай отырып, оларды ҚР-дағы қолайлы инвестициялық климатпен таныстыру болды. Іс-шараларға спикерлер ретінде Сыртқы істер министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және «KazakhInvest» ҰК» АҚ өкілдері шақырылды. Алғашқы іс-шара 16 қыркүйекте Түркияда тұратын қандастардың қатысуымен ұйымдастырылды. Онлайн-кездесу нәтижесінде «KazakhInvest» ҰК» АҚ-ның Түркиядағы өкілі Нұрлан Ахметов пен Қазақстан Республикасына инвестиция тарту сұрақтары бойынша Стамбул қаласынан Ерол Йолчы, Ертолқын Гайратулла және Анталия қаласынан Ақмарал Габдиева Түркияда тұратын ірі кәсіпкерлерді байланыстыру жұмыстарын іске асыратын болады. Сонымен қатар, қандасымыз Ертолқын Гайратулла мырза Стамбул және Анкара қалаларында «қазақтардың мәдени-іскерлік орталығын» ашу туралы ұсыныс жасады. 2020 жылы 5 қазан күні онлайн-кездесу Өзбекстанда тұратын қазақтардың қатысуымен жалғасты. Іс-шара барысында Өзбестандағы қазақ орталығының басшысы Серікбай Назарұлы 2 қазан «Отандастар қорының» қолдауымен Ташкент қаласында ашылған «Abai үйі» қазақ мәдени-іскерлік үйінің жұмыс кестесіне Қазақстан Республикасына инвесторларды тарту мәселесін енгізетінін жеткізді. Ресей қазақтарымен 12 қазанда ұйымдастырылған іскерлік кездесуге РФ-ның 10-нан астам аймағынан отандастарымыз қатысты. Өз кезегінде, Ресейде тұратын қандастарымыз әлемдік пандемияның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына тигізген кері әсері тұрғысында сөз қозғап, жақында ғана Омбы қаласында ашылған «Абай үйі» мәдени-іскерлік үйінің Ресейдің басқа қалаларында да ашылуына тілек білдірді. Сонымен қатар, кәсіпкер қандастарымыз жыл сайынғы «Ресей мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумына» қатысуды асыға күтетінін атап өтті. Биылғы жылы 16 қазан Еуропа қазақтарының қатысуымен өткен онлайн-кездесуге 40-қа жуық қандасымыз қатысты. Германияның Мюнхен қаласынан Өмірхан Алтын, Украинаның Киев қаласынан Батыр Ниязбеков, Испанияның Мадрид қаласынан Жанат Нурбаева, Швецияның Стокгольм қаласынан Мұрат Ермиш және басқа да бірқатар  отандастарымыз Еуропадағы қазақтардың әлемдік пандемиядан кейінгі экономикалық жағдайлары туралы баяндады. Сонымен қатар, өз қалаларындағы іскер қандастар мен кәсіпкерлерге ҚР-дағы бизнес-климат бойынша ақпаратпен бөлісіп, оларды отанымызға инвестиция құюға шақыратындығын жеткізді. Zoom платформасында өткен іс-шараға Еуропада оқып жүрген қазақ студенттері де қатысты. Соның бірі, «Болашақ» бағдарламасымен Швейцарияда білім алып жүрген Әлішер Тұрсын, қандастармен қатар, шетелде оқып жүрген қазақ жастарын еліміздегі қолайлы инвестициялық жағдайды өзге елдің азаматтарына таныстыра жүруді ұсынды. Кезекті іс-шара Иранда тұратын қандастарымыздың қатысуымен  23 қазанда ұйымдастырылды. Онлайн кездесу барысында Ирандағы қандастарымыз әлеуметтік-экономикалық жағдайлары тұрақты екенін баяндап, негізгі айналысатын кәсіп түрлері: агроөнеркәсіп, логистика және жеңіл өнеркәсіп салалары екенін айтып өтті. Іс-шара нәтижесінде Иранда тұратын Мұхаммед Қазақ есімді кәсіпкер қандасымызға қымыз, сүт өнімдерін өндіру бойынша қазақстандық кеңес беретін мамандарды таныстыру ұсынылды. 5 қараша Қырғызстан қазақтарымен кезекті онлайн-кездесу өтті. Қырғыз Республикасындағы күрделі саяси жағдайға қарамастан, ондағы қазақтардың ахуалы тұрақты екенін жеткізіп, алдағы уақытта екі ел арасындағы шекараның ашылып, байланыстардың тезірек қайта қалпына келуіне тілек білдірді. Жоспарланған онлайн-кездесулердің соңғысы 2020 жылы 17 қараша АҚШ-та тұратын отандастарымыздың қатысуымен ұйымдастырылды. Іс-шараны «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Сарбасов Мағауия Қанапияұлы ресми ашып, Қоғамның шетелде тұратын қандастарды қолдау бағытындағы жобалар жайлы айтып өтті. Онлайн-кездесу барысында, белгілі ақын Қалқаман Сарин бүгінгі қазақтың тілі мен мәдениетінің шетелде тұратын қазақтар арасында сақталуы мен дәріптелу мәселесін көтерді. Қандастар форумына арнайы шақырылған BTS Education Бас директоры Саясат Нұрбек, АҚШ-та жұмыс істеп жүрген қазақ жастарына «Қазақстандағы жаңа мамандықтар мен дағдылар Атласы» ұлттық жобасын таныстырды. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет француздық «Ecole 42» инновациялық әдістеме жүйесі негізінде, жастарға инновация мен IT-технологияларды тегін оқытатын «Alem» мектебі құрылғанын және қазіргі уақытта, сұранысқа ие, әлемдік деңгейдегі IT мамандарды даярлап жатқандығын айтып өтті. АҚШ-та жүрген қазақ жастарына «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша түбегейлі ақпаратты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Карбозова Айнұр Бағдатқызы жеткізді. Өздеріңізге белгілі, шетелде білім алып жаңа технологияларды меңгеріп, шетелдегі ірі компанияларда жұмыс істеп тәжірибе жинаған біршама  отандастарымыз Қазақстанға келіп жарқын болашақ құру үшін аянбай еңбек етуде. Осы сынды қандастарымыздың бірі, 90 жылдары елімізге қоныс аударып, Ұлыбритания, Испания, Түркия, АҚШ елдерінде білім алып, қазіргі уақытта ұлт үшін қызмет етіп жатқан Назгүл Жарданбек, АҚШ-тағы отандастарымыздың Қазақстан үшін маңызды адами капитал екендін алға тартты. Іс-шара барысында, АҚШ-тағы отандастарымыз қазақ тілі курстарының көптеп ашылуы, қазақ диаспоралары шоғырланған аймақтарда балабақшалар ашу, қазақша кітаптардың жетіспеушілігі және шетелдегі қандастардың өз атамекеніне еркін келіп-кетуі, қалаған жерінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болатын, этникалық қазақтарға арналған арнайы құжат дайындау және оны қолданысқа енгізу жайында ұсыныстар жасады. Жалпы, 300-ден астам қандастарды қамтыған «Қандастар форумы» онлайн-кездесулерін ұйымдастыру арқылы жаңа серіктестерді іздеу, іскерлік және гуманитарлық байланыстар орнату, шетелдік қоғамдастыққа Қазақстан Республикасының түрлі салалардағы мүмкіндіктерін көрсету үшін тиімді алаңды қамтамасыз етті.

Жандос Қонысбек

Қандастарды қолдау департаментінің консультанты