Дерт дендеп тұрса да, думан-тойға миллиондап шашпақ
Дерт дендеп тұрса да, думан-тойға миллиондап шашпақ
Коронавирус әлемге кесірін тигізудей-ақ тигізді. Жоғалтқанымыз көп. Алайда тапқанымыз да аз емес: денсаулықтың қадірін, жақынымыздың бағасын, қолда бардың құнын білдік. Көрпемізге қарап көсілуді үйрендік, аста-төк ысырапшылдықсыз-ақ той-томалақ жасауға болатынын ұқтық. Басы артық шығынды қысқартып, жинақы өмір сүруге бейімделе бастағандаймыз. Десе де, қазына қаржысын оңды-солды шашып үйреніп қалған кейбір шенділер сол әдетінен әлі арылмапты. Індетпен күресу үшін еліміз халықаралық банктерден қарыз алып, бюджет тапшылығын жоюдың жолын іздеп жанталасып жатқанына қарамастан шекпенділер қазақстандықтарға «жаңа жылдық көңіл күй сыйлау үшін» миллиондарды желге ұшыруға дайын.
Қарыз бен «парыз»
Өткен аптада Мәжіліс отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев екі банктен қарыз алу туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын таныстырды. Министрдің сөзінше, қарыз келер жылға арналған бюджет тапшылығын толтыруға бағытталмақ. «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы 908 миллион 596 мың еуро сомасында Қарыз туралы келісімге қол қойылды. Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Бұл Қазақстан Үкіметінің COVID-19 пандемиясының салдарымен күрес және экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді», – дейді Е.Жамаубаев. Министр депутаттардан аталған келісімді тезірек ратификациялауды өтінді. Өйткені қарыз Азия Даму банкінің пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы бағдарламасы аясында Қазақстан үшін 2020 жылға резервтелген көрінеді. Мұны бір деңіз. 661 миллион 800 мың еуро сомасындағы екінші қарыз Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алынбақ. Қазақстан бұл қарызды 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда 10 жыл ішінде өтеуі тиіс. Қарызды ешкім еріккеннен алмайды. Қажеттілік итермелейді. Пандемия ел қазынасына аз салмақ түсірмегені белгілі. Індеттің өзімен күресуге – бір, салдарымен күресуге екі шығындалдық. Карантин салдарынан тұралаған экономиканы аяғынан тік тұрғызу үшін қаншама қаржы құйылды. Қиын күндер күтіп тұрғанын әу бастан ескертіп келе жатқан Мемлекет басшысы шенділерге шығынды барынша азайтып, үнемшілдікке көшу қажеттігін айтудай-ақ айтты. Алайда заман тыныш кезде қаржыны алаңсыз жұмсап, жиналыс жасаудан, той тойлаудан алдына жан салмаған кейбір ведомство басшыларына пандемия сабақ болмаған секілді. Мерекелер қарсаңында «халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды» өздеріне парыз санайтын лауазымды тұлғалар биыл да жаңажылдық безендіруден қаржы аямауға бекініпті. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы қисынсыз тапсырыстар мен оларға бөлінетін миллиондар сөзімізге дәлел бола алады.Шашып үйренген шенділер
Жұрттың наразылығын тудырып, желіде қызу талқыланған тапсырыстардың бірі – елорданың Алматы аудандық әкімшілігі мұз қалашығын салуға жариялаған байқауы. Мұз қалашығын салуда тұрған не бар дерсіз, алайда оның құнын көргенде бұл ойыңыздан айнитыныңыз анық: 80 миллион теңге! «Тапсырыс беруші – «Нұр-Сұлтан қаласы «Алматы» ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі; аты – мұз құрылысын орналастыру/ұстап тұру/пайдалану бойынша жұмыстар; қосымша сипаттама – мұз қалашығын күнделікті ұстап тұру мен орналастыру; жоспарланған жиынтық – Т80 357 142,86», – делінген мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған лоттағы сипаттамада. Өтініштерді қабылдау бір күн ішінде, 19 қараша күні 9.00-ден 18.00-ге дейінгі аралығында өткен. Конкурс нәтижесінде New Level ЖШС жеңімпаз деп танылған. Компания аталған қызмет түрін 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін орындауы керек екен. Мұны естіген жұрт бюджет қаржысы – халықтың ақшасы екенін айтып, оны желге ұшыруға бекінген аудан әкімдігіне шүйлікті. Елімізде індет жұқтырғандар саны қайта өсіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірген желі қолданушылары қазына қаражатының бес күндік қызыққа емес, халықтың денсаулығын сақтауға, бірінші толқындағыдай қасіреттің алдын алуға бағытталуы тиіс деп ашуға мінді. Елді ашындырған елордалық шенділердің ысырапшылдығы ғана емес, өзге қалалар да Жаңа жылға дайындыққа әлдеқашан бастап кеткен. Мәселен, Қарағандыдағы №23 мектеп мерекеге әзірлікке маусым-шілде айларында кірісіпті. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы шыршаға берілген тапсырыс сөзімізге айғақ бола алады. Шілдеде еліміз өлім-жітімнен енді-енді ес жиып жатқан еді. Мектеп басшылығы елдегі бұл трагедияны шыбын шаққан құрлы көрмеген сыңайлы. Директордың сөзіне құлақ түрсеңіз, өз әрекетінен еш қисынсыздық көрмейтінін ұғасыз. «Шыршаны сатып алу Жаңа жылға дайындық басталды деген сөз емес, ол болашаққа жоспарланған жұмыс. Екіншіден, шырша мемлекеттік сатып алудың баға ұсынуы бойынша өткізілді. Алғашқы берілген баға – 714 мың теңге. Конкурсқа 5 жабдықтаушы қатысты. Соның ішінде ең төменгі баға берген 446 555 теңге», – дейді №23 мектептің директоры Нұркен Ашықбаев. Павлодарлық шенеуніктер де бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын білмейтін секілді. Көз соқыр, құлақ саңырау болмаса, дәл қазір жылтыраққа миллиондап қаржы шашатын уақыт емес екенін жұрттың бәрі біліп отыр емес пе? Қаржы үнемдеу туралы тапсырма берілгеніне қарамастан Павлодар қаласының әкімдігі Жаңа жыл қарсаңында шаһарды безендіруге 14 млн 196 мың теңге жұмсамақ. Мемлекеттік сатып алулар порталында 29 қыркүйекте жарияланған хабарландыруға сүйенсек, бұл қаржыға үлкенді-кішілі 58 конструкция орнату, сондай-ақ, қаланың бас шыршасын әрлеуге 100 метрлік гүлтізбек, 109 ойыншық сатып алу жоспарланған. Індет өршіп тұрған өңір аурумен күреске аса алаңдамайтынын аймақ басшысының сөзінен де аңғардық. Өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа мерекелік шараларға бөлінетін қаржы туралы сауал қойылды. Әкім айтқан сома мемлекеттік сатып алулар порталындағы сомадан асып түсті. «Жаңа жылдық шыршаны бұрынғы орнына орнататын боламыз. Қосымша қаражат бұрынғыдай бөлінеді. Менің мәліметім бойынша, ол 16 миллион теңгенің көлемінде. Басқа меркелік шаралар эпидемиялық ахуалға байланысты тиісінше өтетін болады. Әрине, онлайн форматта», – деді өңір басшысы. Балқаш қаласының әкімдігіне қарасты Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі бөлім де тұрғындарға мерекенің лебін сездіруге асық. Қаланы эстетикалық безендіруге бақандай 13 миллион теңгесін шытырлатып санап беруге дайын. Ал Талдықорған әкімдігі қала орталығының ажарын аша түсу үшін 10 миллион теңге бөлмекші.Ақтау әкімдігі ақылға келді
Жыл сайын желтоқсанда қалалар арасында шыршаның ең шырайлысын, ең қымбатын қою жарысы қыза түзетіндіктен бе, Жаңа жыл көпшіліктің ойында қылқан жапырақтылардың тамырына балта шабылатын, миллиондар желге ұшатын мереке ретінде орныққаны жасырын емес. Еліміз үшін ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні аталып өткенше Жаңа жылға әзірлікті бастамаймыз деп бәтуалассақ та, желтоқсан басталмай тұрып жер-жерде жарқыраған, жасанған шыршалар сап түзеп үлгереді. Мейлі әкімдіктегілердің сұлулыққа құштарлығы шарасына сыймай бара жатса, қаланы да, даланы да безендірсін. Бірақ халыққа соқыр тиын пайдасы жоқ жылтыраққа бюджеттен қаржы бөлу қаншалықты қисынды? Мемлекет ертеңгі күнді ойлап, онсыз да қысып жұмсап отырған қазына қаражатын әркім өз білгенінше жұмсаса, неміз қалады? Алдамшы қызық үшін күні бұрын байқау жариялаған шенділер Ақтау әкімдігінен үлгі алса екен. Қарт Каспий жағасындағы шаһар биыл жаңа жылдық безендіруге бір тиын да бөлмейді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Серік Гусман мәлімдеді. Әкімдік кәсіпкерлерге өз нысандарына мерекелік безендіру жасау туралы ұсыныс білдірмек. «Биыл жаңа жылды тойлауға байқау болмайды, қаражат бөлінбейді. Қала Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ойыншықтар мен әшекейлердің ескі қорларынан безендіріледі. Бізде жаңа шыршалар бар, бәрін іліп қоямыз. Әкімдік кәсіпкерлерге өз нысандарын мерекелік безендіру туралы ұсыныс хат жолдайды», – деді қала басшысының орынбасары. Өткен жылы жаңа жылдық безендіруге 37 миллион теңге бөліп, қаланың бас шыршасын 15 миллион теңгеге сатып алған Ақтау әкімдігі жергілікті тұрғындардың ашуын туғызған еді. Әлеуметтік мәселелері шешілмеген жұртты жылтырақпен алдау мүмкін емесін түсінген ақтаулық шенділердің биыл ақылға келгені қуантты. Қай өңір, қай қаланы алып қарасақ та, түйіні тарқалмаған түйткілдер жетерлік. Пандемия кезінде кемшіліктері көзге ұрған денсаулық сақтау саласының түйткілдерін былай қойғанда, баспана, ауызсу, жол секілді халықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмаған аймақтар бар. Жылусыз, жарықсыз отырған елді мекендер де аз емес. Пәлен миллионды мұз қалашыққа, шыршаға жұмсауға бекінгендер компьютері мен интернеті болмай, онлайн оқудың машақатын көрген оқушыларды неге ойламайды? Халыққа мерекелік көңіл күй сыйлағысы келгені рас болса, терезеге қарап телміріп отырған жетім балаларды, айлығы шайлығына жетпейтін тұрмысы төмен отбасыларды неге қуантпайды? Санасын тұрмыс билеп, бала-шағамды қалай асыраймын, несиемді қайтіп жабамын, пәтерақыны қалай төлеймін деп басы қатып жүрген адамдарға 15 миллион тұрмақ, 150 миллионның шыршасы да қуаныш сыйлай алмасы анық.