Ауа газға, су зәрге айналса...

Ауа газға, су зәрге айналса...

Ауа газға, су зәрге айналса...
ашық дереккөзі
Жер басып жүрген пенде үшін негізгі тіршілік тірегі − ауа мен су, сондықтан оны таза сақтау адамзаттың ең бірінші міндеті екені ес білгелі құлағымызға құйылса да, соның орындала бермейтінін естіп те, көріп те жүрміз. «Адамдардың араласуы сол екен, табиғат қартая бастады» деп теориялық космонавтиканың негізін салушы ғалым К.Э.Циолковский айтпақшы, адамдар зауыт-фабрика не бір басқадай құрылыс салса болды, қоршаған ортаға зиян келе бастайды. Сөзіміз пессимизмнен басталғандай көрінсе де, бүгінгі заманның шындығы осы. Әрине, АҚШ, Қытай, Ресей секілді алпауыт елдердегі қатты дамып кеткен индустрияға Қазақстан әзірге жете қойған жоқ, бірақ біздің елде де өзіне сай өндіріс орындары бар. Ондай жерде «өндірістік қалдық» болмай тұрмай­ды. Ол дегеніміз ауа мен суға, топыраққа зиянын тигізетін қалдықтар. Олар залалсыздандырылды деп жатамыз, бірақ химиялық не техникалық өнім шығаратын жерден шыққан қалдықтар зиянсыз болуы мүмкін емес. Еліміздің ең маңызды экономикалық секторы мұнай-газ саласы екенін белгілі. Өйткені ол елдің экспорттық табыстарының басым бөлігін құрайды. Бірақ экологиялық зардаптары да айтарлықтай. Мәселен, Еуропалық экономикалық кеңесінің экологиялық саясат жөніндегі комитетінің деректеріне қарағанда, еліміздегі мұнай-газ секторының ауаның ластануына тигізетін зияны айтарлықтай екен. Бұл саладан шығатын ауаны ластайтын зат­тардың 75 пайыздайы атмосфераға, 20 пайызы суға және қалған 5 пайызы топыраққа сіңеді екен. Мұнай-газ саласының жұмысына байланысты ауа­ның лас­тануы Атырау облысында 99 пайыз, Қызы­лор­да облысында 97 пайыз, Маңғыстау облысында 94 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 90 пайызды көр­сетеді екен. Демек, еліміздің батыс облыстары­ның эко­логиясының бұзылуы мұнайға қатысты деген сөз. Елімізде көлемі бойынша мұнай-газ саласынан кейінгі ірі сектор − кен өнеркәсібі. Оның үлесі – Қазақстанның экспорттық табысының үштен бірі. Өйткені Қазақстанда 200-ден аса кен өндіруші кәсіпорындардың өнімі айтарлықтай мол. Көмір, темір рудасы, хромит рудалары мен ферросплавтар, алюминий, мыс, қорғасын, мырыш, болат, титан губкасы, уран, барит және т.б. қазба байлықтардың өнімі де елімізге мол табыс әкелетіні белгілі. Алайда өндіретін руданың жалпы көлемінің 95 пайызы жарамсыз болғандықтан кен өндіруші өнеркә­сіп­тер­ден үлкен көлемде қалдықтар шығады. Мысалы, осыдан 12-13 жылдай бұрын еліміздегі кен өндіруші өнеркәсіптерден шыққан қатты қалдықтары миллиард тоннаға жеткен. Ал оның кесірінен топырақ пен судың ластанғаны белгілі. Жерасты қазба байлықтары мол Қазақстанда әлемдегі ең ірі уран кенін өндіру кешені бар. Уран − өте бағалы зат. Бірақ өндіру оңай емес, одан зиян­ды заттар қалады. Мәселен, біздің елімізде уран руда­сын өндіру мен қайта өңдеу топырақты лас­таған, сондай-ақ бұл өндірістен 106 миллион тоннадай радиоактивті қалдықтар шығып, адамдар­дың денсаулығына үлкен қауіп төндірді. Сондықтан болар, кейінгі ширек ғасырдан аса уақыттан бері елімізде қатерлі ісік дертіне шалдыққандардың қатары көбейіп кеткен. Ауаның, судың ластануына үлкен қалалар да әсер етеді. Мәселен, 3 миллиондай адам өмір сүретін Алма­ты қаласы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Мұнда ауаға зиянды заттар шығаратын кәсіпорындарды бы­лай қойғанда, қала көшелерінде тынымсыз ағыл­ған миллионнан аса көліктердің түтіні қала ауасын бұзып, ауаны зиянды газдармен бүлдіретіні анық. Алматы қаласының географиялық орналасуы жағынан таулы аймақта ағаштары көп жерде орналас­са да, электр энергиясын және жылу энергиясын өнді­ру үшін көмірді кеңінен пайдалану фактілері, жағар­май пайдаланатын жеке меншік автомобильдер санының көбейе түсуі, т.б. нәрселер­дің ауаны лас­тауы шаһардың экологиясын мүлде нашарлатып жі­бер­ді. Таза сақталуы тиіс қымбат нәрсеміздің бірі − су. Судың тіршілік көзі екенін былай қойғанда, кез келген өндірістің сусыз жұмыс істеуі қиын. Бүкіл азық-түлігіміз сусыз өндірілмейді. Егін шаруашы­лы­ғы, жылу беру, электр стансалары, т.б. саланың бәрінің күні суға тіреліп тұрғаны жалған емес. Ұлан-байтақ даласы бар елде су тапшылығы бар, өзендерінің көбі бірнеше елдің үстінен ағып өтеді, майда-шүйделерін есептемегенде негізгі өзендерінің бәрі бастауын өзге елден алады. Бірақ елімізде бар су ресурстарын үнемдеу деген жоқ, су ысыраптығы көп. Тиімді ирригациялық әдістердің жүргізілмеуі, яғни су қашыртқының болмауы суармалы егіншілікпен айналысатын аймақтарда пайдаланылатын жерлердің тұздануына жеткізіп жатыр. Жалпы, Қазақстанда өзендердің суы көп ластанса да, жерүсті суларының сапасы жақсы деуге болады. Біздегі су көп ластанған өзендер – Орал және Ертіс өзендері. Өйткені бұл өзендерге химия, металлургия, мұнай өңдейтін және машина жасайтын кәсіп­орындардан шыққан су ағызылады. Қазақстанның көптеген өзен-көлсіз елді мекендерінде жерасты сулары пайдаланылады. Еліміздегі жерасты суларының көлемі жылына 15.1 шаршы шақырымды құрайды, ал оның бар болғаны 8 пайыз­ға жуығы ғана іске жаратылады. Дегенмен жерас­ты суларының ластануы мен онымен қамта­масыз етудің инфрақұрылымы дұрыс жолға қойыл­маған соң халықтың жер асты суларын пайдалануы қиын. Дегенмен кейінгі жылдарда мемлекет ха­лыққа ауызсу жеткізіп беру мәселесін шешуге барынша күш жұмсап жатыр. Бақылаушылардың айтуынша, 1979 жылдан бері Каспий теңізінің су деңгейі жылдан-жылға көтері­луде екен. Бұл үдеріс тоқтамаса, жағадағы елді мекендер мен Каспий өңіріндегі көптеген мұнай кеніштерін су басып, теңіз суы мұнаймен ластануы мүмкін деген қауіп бар. Бұл да өз кезегінде экология­лық зардаптары болатын жағдай. Бүгінгі кезде экологияны бүлдіріп отырған нәрсенің бірі − қалдықтар. Анау-мынауға ыдырап, шірімейтін пластмасса ыдыстар мен полиэтилен қалталардың, орамалардың шектен тыс көбейіп кетуі де жерді тоздырып, ауаға иіс шығарып, экологияға көп зардабын тигізіп жатыр. Күн сайын үлкен қалалардан жүздеген, мыңдаған қоқыстар шығарылады, бірақ олар қоқыс полигондарында өңделмегесін иістеніп, өртеуге тура келеді. Ал өртенген қоқыстың исі мен түтіні ауаны бүлдіретіні өз-өзінен түсінікті. Сондықтан елімізде қоқыс өңдеу зауыттарын көбейту және дұрыс жұмыс істеткізу ісін тез арада жолға қою керек. Өйтпеген күнде ірі қалалар маңындағы қоқыс полигондарының аумағы кеңейіп, халықтың демалып отырған ауасын бүлдіріп, ауру-сырқаудың көбейе беруіне әсер етеді. Ауаны тазалап тұратын жасыл желекті көбейту қай заманда да керекті іс. Қазақстан о бастан орманды алқаптары аз мемлекет. Бірақ соңғы кезде бұл сала­дағы іс жақсы қарқынмен жүріп жатыр десе де болады. Оның ең жарқын мысалы елорда маңын­да қолдан жасалған аумақты орман. Ол бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының суық ауасын жұмсартып, тазартып тұр. Кезінде Алатау баурайына орналасқан әсем Алматының да атын шығарған жасыл желегі болатын. Бірақ соңғы жылдарда бұл қаланың да тал-терек­тері жұтаң тартып барады. Оған себеп − қала­да жүргізілген құрылыс нысандарының көптігі. Түрлі ғимараттарды бір-біріне жақын салу, көпқа­батты тұрғын үйлерді көптеп салу − Алматыдағы саябақтарды қусырып, ағаштарды кесіп тастауға жеткізді. Мәселен, Алматы мен Қапшағай қаласын жалғап тұрған күре жолды кеңейту кезінде жолдың екі жағында жарты ғасырдан аса уақыт жайқалып тұрған ағаштардың бәрі қиылып, тып-типыл болды. Сол сияқты Алматының күнбатысындағы Алматыдан Таразға баратын тас жолды кеңейтемін деп, бірнеше шақырымға созылған жолдың екі жағын­дағы теректері де кесіліп, жоқ болды. Бұлардың бәрі де көліктердің түтінін тартып алып, ауаны тазалап тұрған табиғи экологиялық аппарат емес пе еді? Оны құртқаннан не өнді? Жол кеңейтемін деп маңайындағы терек атаулыны тып-типыл қыла беретін болсақ, Қазақстанда ағаш қала ма? Жалпы, Алматы қаласы мен облысының аты ағаш кесуден шығып тұр десе де болады. Мысалы, өткен айдың өзінде Алматы – Талғар тас жолын кеңейту үшін Талғарға жақын Қызыл Қайрат ауылы­ның тұсында 2 413 ағаш кесілген. Бұл аудан әкімінің рұқсатымен жасалған. Бірақ оған өтемақы ретінде олардың орнына 2024 жылдың қыркүйегіне дейін 12 065 ағаш отырғызылады дейді. Әрине, айтылған сөз іске асса жақсы, егер кесілген ағаштың орнынан қайтадан ағаш отырғызылмайтын болса, оның зардабын халық тартады да. Ал Алматы қаласында 23 қарашада Төле би көшесінің бойында Sulpak сауда үйі маңында емен мен қарағаш секілді сирек кездесетін ағаштар кесілген. Кейін бұл жайында тіпті жоғары жаққа дейін жетіп, кінәлілер анықталып, оларға айыппұл салынып, кесілген әр ағаштың орнына 50 ағаш отырғызуға міндеттелген. Жалпы, елімізде осындай экологияға жүрдім-бардым қарау тыйылмай келе жатыр. Болашақта осыған қатал талап қойып, ауа мен судың таза сақталуын қадағалау үшін мемлекет адамдар мен өндірістердің табиғатқа зиян келтіруінің алдын алып отырмаса, еліміздің экологиялық жағдайы түзеле қоюы қиын. Әйтпесе ауаны газдан, суды зәрден сақтай алмаймыз.