Нұр-Сұлтанда әзірленген хот-дог бірден Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Ерекше тоқаштың ұзындығы шамамен 32 метр. Мамандардың айтуынша, 30 метрлік хот-дог әлем бойынша да ең үлкен бола алады, – деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Тез дайындалатын тағам бұл жолы төрт күн бойы әзірленіпті. Оған 16 килограмм ет және 22 килограмм ұн кеткен. Хот-догты 1 желтоқсанға орай символикалық түрде 1 санына ұқсатып дайындаған.
Хот-догтың ұзындығы да кездейсоқ емес, ол ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын білдіреді. Еліміздің рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Бұрын еліміздегі Ең ұзын хот-дог 12 метр болды. Енді 30 метрлік хот-дог дайындалды және бұл керемет көрсеткіш. Сонымен қатар егер биыл ешқандай өзгеріс болмаса, онда бұл хот-догты бүкіл әлем бойынша рекордтық деп атауға болады. Өйткені 22 метрлік ең ұзын хот-дог Батыс Еуропада тіркелген», – деп түсіндірді сарапшы.