Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев: Түркістанды дамыту – халқымыз үшін қасиетті парыз

ашық дереккөзі

Нұрсұлтан Назарбаев: Түркістанды дамыту – халқымыз үшін қасиетті парыз

Ұлы Жібек жолында мыңжылдық өркениеттерді тоғыстырған Түркістан – Ұлы даладағы ұлы өзгерістерге негіз болған қасиетті қала. Түркістан – ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи мен ұлт тарихына таңба қалдырған хандар мен сұлтандар мәңгі жай тапқан қастерлі мекен. Ежелгі қаланы қайта жаңғырту идеясы қалай дүниеге келді, оның астарында қандай сыр жатыр, Елбасы неліктен бұл жобаға үлкен мән беріп отыр? 2020 жылғы 1 желтоқсанда Qazaqstan Ұлттық теле­ар­насынан «Қазақ­стан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы, журналист Ләззат Танысбайдың Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевпен осы жайындағы сауалдарды қамтыған сұхбаты эфирге шықты. «Түркістан: көне мен келешек көпірі» деректі фильмі негізінде жа­сал­­ған сұх­батты Turkistan халықаралық газеті оқырмандарына ұсынуды жөн санадық. – Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, алдымен сұхбат беруге уақыт бөлге­ні­ңіз үшін алғыс білдіремін. Бүгінгі әңгімеміз Түркістан жайлы болмақ. Бұған дейінгі сұхбаттары­ңызда Түр­кіс­танды қайта жаңғырту мәсе­лесін ертеден ойланып жүрге­ні­ңізді айт­ты­­ңыз.Бұл әрине, тарихи шешім екені сөзсіз. Бұл шешімнің түбінде не жатыр? – Көне шаһарды жаңғырту, қайта түлету мәселесін ертеден ойлағаным рас. Тәуелсіздікке қол жеткіздік, оның ішінде «Мәңгілік ел» болудың жолын таңдадық. Мәңгілік тәуелсіз ел болғаннан кейін көрнекті тарихи жерлер болуы керек. Біздің мәдени өміріміздегі ең көрнекті қала – Түркістан. Тоғыз жолдың торабында тұрған сауда қаласы болған соң, Жібек жолының үстінде орналасқаннан кейін ертеде қаланы білетін қазақтың бәрі барып-қайтып жүрді. Кеңес Одағы кезінде діни орталық деп көңіл бөлінбей, ескірді. Көшіп келгендер төңірегіне жер там салып, қала келбеті бұзылды. Қаланың құрылуы тек кесенемен байланысты емес. Бұрынғы аты Шығысқа да, Батысқа да белгілі Ясы қаласы, тарихы IV ғасырдан басталады. Түркістан – ежелден сауда-саттықтың ортасы. Қаланың батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстіктен кіретін төрт қақпасы болды. Сол қамалды қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Қала Жоңғар, Қоқан, Хиуа хандығының шабуылдарынан қирады. 1864 жылы қаланы Ресей патшалығы жаулап алды. Атылған зеңбіректер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртында әлі күнге дейін көрінеді. Көне шаһардың жаңару тарихы Есім хан Қазақ хандығының орталығы деп бекіткеннен кейін басталды. Содан бері Түркістандағы кесене төңірегінде Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Бөгенбай батыр, Тобықты батыр, Қоңырат батыр, Нияз батыр бар, барлығы 21 хан, 57 батыр жерленген. Осылайша, XVIII ғасырға дейін Түркістан Қазақ хандығы­ның орталығы болып қалды. Ресей патша­лығы жаулағаннан кейін орталық дәреже­сінен айырылып, күйрей берді. Ел астанасын таңдағанда бұл қала да ойымда болды. Бірақ елдің ортасынан жырақта орна­ласқаннан кейін, тиісті ғимараттар болмаған соң ой жүзеге асырылған жоқ. Дегенмен өздеріңіз білетіндей, Түркістан­ның 1500 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтіп, жаңарған қаланы елге тағы бір рет таныстырдық. – Бір сөзіңізде Түркістанның са­лы­­нуы астананы есіме салады деді­ңіз. Көне шаһарға барып жүрген көп­шілік те осы пікірді жиі айтады. Небәрі екі жылда қайта түлеген қала­ның бүгіні туралы не айтасыз? – Ғұмыр-тарихымда ең бірінші қала салуға кіріскенім Теміртау болатын. Теміртау металлургиялық комбинаттың Партия ұйымының басшысы бола жүріп, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің тапсырысымен қаланы қайта құрып, жылына 80 шаршы метр үй, балабақша, мектеп, ауруханалар салып, қаланы көтердік. Екінші үлкен құрылыс әрине, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын салу болды. Бұл маңызды әрі батыл шешім болды. Алғашында бұл шешімді барлығы бірдей қолдаған жоқ. Ал қазір дұрыс қадам болғанына көпші­лік­тің көзі жетті. Қала қандай қиын­дықтармен тұрғызылғанын халық жақсы біледі. Түркістанды салған кезде де аста­на­ның құрылысы көз алдымда тұрды. Қалалардың қазіргі келбетінің өзі ұқсас. Бірі елдің орталығы, бірі тарихи қала. Түркістанның бүгінгі тарихи келбетін сақтап, жергілікті халық пен туристер келетін, тарихымызды паш ететін орталық ретінде қалдыруымыз керек.