Анамның батасын алмай жарысқа шықпаймын
Анамның батасын алмай жарысқа шықпаймын
Құрманбек ТҰРҒАНБЕК, «Алтын тұғыр» номинациясының екі дүркін иегері:
Көкпардан ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі, «Ғасыр ойыншысы», «Жылдың ең үздік ойыншысы» атанған жас көкпаршы Құрманбек Тұрғанбек ел аузына ілігіп жүрген жас көкпаршылардың бірі. Көкпарға қатысты сұрақтарымызды Құрманбекке қойған едік.
– Әңгімемізді көкпаршы болуға деген қызығушылық қалай қалыптасты деген сауалдан бастасақ.
– Ауыл баласы болғандықтан кішкентай кезімізден атқа құмар болып өстім. Ес білгелі ат жалын тартып мініп жүрмін, өз жұртым, нағашы жұртым жағынан да бәрі ауылда тұрған кісілер. Көкпарға қызығушылық жүре келе пайда болған жоқ, қанмен келген, бала кезден қалыптасқан. Әкем үйде көкпар аттарын ұстайды. Отбасымызбен жылқыға деген құрметіміз ерекше.
– Әр жарысқа шығар алдында үзбей жасайтын әдет-жоралғың бар ма?
– Ойын алдында ойыншылардың психологиясын, позициясын зерттейміз. Жаттықтырушыларымызды тыңдаймыз, олардың айтқан тәсілдерін ойын барысында қолдануға тырысамыз, бір-бірімізді рухтандыратын сөздер айтамыз. Ойын барысында «былай жасау керек еді» деген ой келеді адамға. Сол ойды ойын барысында жүзеге асыру керек. Бұл жерде әрине барынша қобылжымауға тырысамыз. Өйткені қобалжыған адам ешнәрсе істей алмайды.
Ат үстіне мінген қазақ бәрін ұмытады деп жатады ғой. Жарысқа шығар алдында бір Алланың бар екенін мойындап, кәлимамды айтып алаңға шығамын. Ал жарыстан жарты сағат бұрын анама хабарласып, батасын аламын.
– Еліміздегі көкпарды дамытуға арналған шараларға көңілің тола ма?
– Бұрын телеарналардан көкпар ойыны аз берілетін. Қазір телеарналармен қоса YouTube арналары тарапынан қолдау көрсетіліп, барынша насихатталып жатыр. Көкпарды дамыту шараларына 70 пайыз көңілім толады. Көкпар ұлттық спорт болғандықтан бюджетін көбейту керек. Мүмкін бір ғана чемпионатпен шектелмеу керек шығар, жылына 4-5 рет қана жарысқа барамыз. Өйткені бізде ересектер, жастар, балалар мен жасөспірімдер арасында жылына бір ғана чемпионат болады.
– Көкпар соңғы жылдары қалталы жандар арасында бәсеке болып кеткен жоқ па?
– Көкпардың мақтан үшін бәсеке болып кеткені рас. Бас бәйгеге қымбат сый ұсынып, қатты ысырап жасауға болмайды. Бірақ бәсеке барлық салаға өрлеу әкеледі. Сол сияқты бәсеке болған сайын спорт та дамиды, қарсыласың мықты болған сайын өзің де мықты бола бастайсың.