«Тақиялы періштеге» Баталов қандай сый-құрмет көрсетті?
«Тақиялы періштеге» Баталов қандай сый-құрмет көрсетті?
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов ардагер, белгілі актер Әлімғазы Райымбековті қабылдап, 85 жасқа толуымен құттықтады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Амандық Баталов Әлімғазы ақсақалдың өмірі мен шығармашылық жолының өнегелі екенін айта келе:
- Індетке байланысты мерейтойыңызбен құттықтауды осындай шағын ортада өткізуге тура келді. Ең бастысы, біздің өзіңізге деген құрметіміз ерекше. «Тақиялы періште» фильміндегі рөліңіз арқылы бүкіл халық сізді жақсы біледі. Өзіңіздей азаматтың біздің Жетісу өлкесінің тұрғыны болғаны – біз үшін мақтаныш. Қашанда ақ жүрегіңізбен, қарапайым үлгіңізбен үлкендік қасиетіңізді көрсетіп, елге шынайы тілекші болып, батаңызды беріп жүресіз. Осындай еңселі қалпыңызда жүзге жетіңіз. Ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, аман-есен жүріңіз. 85 жасқа толуыңызбен жұртшылықтың атынан құттықтаймын, - деп ізгі тілегін білдірген облыс әкімі ақсақалға құттықтау хатын беріп, иығына шапан жапты. Сол сияқты ардагердің зайыбы Гүлжауар апаға сый-сияпат көрсетті.Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі:
- Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасымен сөйлестім, елдің жайын сұрап, өздеріңізге сәлем айтты. Облыстағы атқарылып жатқан игі істердің барлығына Елбасымыз бен Мемлекет басшысы қолдау көрсетіп отыр. Жетісу жерінің табиғаты да, климаты да жайлы, жерұйық мекен ғой. Бірақ біздің ең басты байлығымыз – өздеріңіз секілді азаматтарымыз. Сондықтан елдің, сіздердей үлкендердің алғысына бөленіп, батасын алайық. Алдымызда ақылшы болып ардагерлер аман жүрсін, - деді А. Баталов.