Елбасы өзінің көптеген ең ірі жаһандық бастамаларын шетелдік беделді ЖОО-лардағы лекциясы кезінде жариялаған екен. Бұл мақсатқа неге дәрістер таңдалды? Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеялары неге батысты дүрліктірді? Н.Назарбаевты көреген, ақылды әрі әккі саясаткер еткен не? «Хабар» арнасы «Говорит Назарбаев» деректі фильмінде осы және басқа сауалдарға жауап іздеді. Өткен ғасыр соңында қазақ елінің көшбасшысы шетелдік жастар мен профессорлар алдында дәріс оқуды – тәуелсіз Қазақстанның қадамдары мен реформаларының, сондай-ақ жаһандық идеяларының халықаралық аренадағы тұсаукесері есебінде пайдалана бастады. Ол шетелдік сапарлары аясында өзге мемлекеттер басшыларымен келіссөздері сыртында, оның ірі ғылыми ордаларында, шәкірттер мен ғылыми қауымдастық алдында сөз сөйлеу мүмкіндігін қалт жібермеді. Бұл не үшін керек еді? Өйткені дәріс оқу әдетте, ғалымдардың, сарапшылардың, бұрынғы президенттердің еншісіндегі іс саналатын. Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі (1991–1994), мемлекет қайраткері Төлеутай Сүлейменов мұның астарлы ақиқаты барын айтады.
Еліміздің бұрынғы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов дәрістің тақырыбына «Бейбітшілік. Даму. Демократия» атты үштаған арқау болғанын еске түсірді. – Осы арқылы жас Қазақстанның лидері республиканың өркендеу жолында қандай құндылықтарға иек артатынын аңғартты. Елбасы өзінің стратегиялық жоспарларында да осыны негізге алды, – дейді ол. Лекция үлкен аншлагпен өткен. АҚШ-тың жоғарғы ғылыми элитасы жас қазақ мемлекеті туралы көп айтып, тереңірек зерттей бастады. Сол кездің өзінде Семей полигонын жапқан және яролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан бірінші лидер әрі бітімгер ретінде әлемге танылып үлгерген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Колумбия университетіндегі дәрісінде тек ядролық қарусыздану тақырыбымен шектеліп қалмады. Ол бүкіл Азияны біріктіретін бірлестік – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру идеясын, ТМД ұйымы миссиясын түсіндірді.