Нұржан Әлтаев «Nur Otan» партиясы қатарынан шығарылды
Нұржан Әлтаев «Nur Otan» партиясы қатарынан шығарылды
Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев «Nur Otan» партиясы қатарынан шығарылып, депутаттық өкілеттігі тоқтатылды.
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Б.Әлтаевтың өкілеттігін тоқтату туралы құжатты қабылдады.
«ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың өкілеттігі оның «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылғаны туралы «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы №1 қаулысына байланысты тоқтатылсын», – делінген құжатта.
Tengrinews.kz сайтының жазуынша, Nur Otan партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев Нұржан Әлтаевтың депутаттық өкілеттігі тоқтатылуына қатысты пікір білдірді.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Казанцевтің айтуынша, комитет отырысының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтандағы Nur Otan партиясы филиалының Саяси кеңес бюросына Nur Otan партиясының беделін түсіретін және оның мүдделеріне нұқсан келтіретін іс-әрекеттер жасағаны үшін, бірқатар мәлімдемелерінде оның ішінде жаңа саяси партия құру ниеті туралы айтқан Әлтаевты партия қатарынан шығаруды ұсыну туралы шешім бірауыздан қабылданды.
«Таңғаларлық мәлімдемелер саясаткердің тәжірибесіздігімен, оның көзге көрінгісі келетіндігімен, медиа және қоғамдық-саяси салада кез келген жолмен тұрақталып қалғысы келуімен түсіндірілуі мүмкін. Бұл саяси мансаптың басында болады. Әрбір қоғамдық адам жауапкершілік өлшемін және мемлекеттің сыртқы саяси қызметіне әсер ететін беделді мәлімдемелер мен әрекеттердің салдарын нақты түсінуі керек. Мұнда салдары өте қиын болуы мүмкін. Бұл аксиома», – деп жазды ол.