Жыл сайын 6 миллиондай адам инсульттан қайтыс болады
Жыл сайын 6 миллиондай адам инсульттан қайтыс болады
1 желтоқсан – Халықаралық неврапатолог күні. Осыған қарай бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қазақстандық невролог дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
«Невролог дәрігерлер сәби дүниеге келген күннен бастап өмір бойы адамның неврологиялық денсаулығына жауапты мамандар. Олар дұрыс диагноз қою арқылы, тиісті терапия жүргізіп, мыңдаған қазақстандықтың тағдырына тікелей араласып, пациенттерін қуанышқа бөлеп жүр», – делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында.
Сондай-ақ жазбада медицина статистикасынан біраз мәліметтер келтірілген. Ондағы деректерге көз жүгіртсек, әлемде жүздеген миллион адам неврологиялық дертпен ауырады екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметінше, жыл сайын 6 миллионнан астам адам инсульттан қайтыс болады. Дүниежүзінде 50 миллионнан астам адам эпилепсиядан зардап шегеді, 47,5 миллион адам деменциямен ауырады және жыл сайын 7,7 миллион жаңа жағдай тіркеледі. Жер бетіндегі адамның 10% бас сақинасына (мигрень) шалдыққан.⠀
«Бүгінгі таңда экологияның нашарлауына, тұрақты күйзеліс пен ұйқының бұзылуына байланысты неврологиялық аурулар едәуір «жасарып», күрделене түсті.⠀ Мысалы, әлем халқының шамамен 21% созылмалы ауырсыну синдромына шалдыққан. Неврологиялық белгілер COVID-19-дан кейін де байқалады», – делінген министрліктің жазбасында.
Невролог-эпилептолог, реабилитолог, Медициналық оңалтуды реформалау жөніндегі жобалық офистің жетекшісі Лейла Дайырбаеваның айтуынша, көбінесе перифериялық жүйке жүйесі мен бұлшықет зақымданады, соның салдарынан дәм мен иіс сезу жоғалады, көру қабілеті төмендейді, креатинфосфокеназаның жоғарылауымен невралгия, миалгияның әртүрлі нұсқалары, құрысу мен конвульсиялық синдроммен байланысты емес, сондай-ақ шаршау, ентігу, бірлескен ауырсыну, кеудедегі ауырсыну, жөтел, аносмия (иістің бұзылуы) пайда болады.