Назарбаев және Араб әлемі

Назарбаев және Араб әлемі

Назарбаев және Араб әлемі
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің күніне орай Әбу Дабиде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы кітаптың араб тіліндегі аудармасы жарық көрді. «Молодая гвардия» баспасында тұңғыш рет 2015 жылы басылып шыққан белгілі қазақстандық дипломат – Елші Таир Мансұров пен Валерий Михайловтың кітабы араб тіліне аударылып, Елбасының өңір елдеріне жасаған алғашқы сапарларын егжей-тегжейлі баяндайтын қосымша тармақпен толықтырылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің басына түскен қиыншылықтарды еңсеруде Елбасының сыртқы саяси бағытта жасаған алғашқы тарихи шешімдері асқан шеберлікпен қабылданып, тәуелсіздікті нығайту мен инвестиция тарту мәселелері ішкі саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдаймен, әрі жаһандық геосаяси ахуалмен ұштаса отырып күрделі жұмыстың арқасында реттелді. Әлемнің саяси картасында қайта бейнеленген тәуелсіз Қазақстанның шет елдермен байланыс орнатуы барысында Елбасының айтқан әр сөзі мен жасаған қадамдарының астарында ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау, әлемде қалыптасқан жағдайға қатысты терең түсінік пен талдау жатқанын байқамау мүмкін емес. Осы ретте, араб елдерінің академиялық әрі саяси-дипломатиялық орталарына Елбасы көшбасшылығымен Қазақстанның аяққа тұрып, халықаралық қоғамдастықта өзінің мәртебелі орнын табуының алғашқы қадамдарын оқып-білу және зерделеп талдау ұсынылады.  width= 1990 жылдары жас мемлекеттің сыртқы саяси басымдықтарын анықтай отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Таяу Шығыстың едәуір ықпалды ойыншыларымен қарым-қатынастарды орнатудың маңыздылығын жіті түсінді. Біріншіден, қазақстандық экономика шетелдік капиталға аса мұқтаж еді. Ал сол кезеңде араб монархиялары шет мемлекеттерде инвестициялық жобаларды дамыту арқылы өз экономикаларын әртараптандыруға кірісіп жатты. Елбасының араб елдерінің басшыларымен орнатқан өзара сенімге негізделген байланыстары инвесторлар үшін өзара тиімді жобаларды бастауға жол ашты. Екіншіден, Таяу Шығыста орын алатын процестер көршілес Орталық Азия өңіріне әсер етпей қоймайды. Бұл ретте бүкіл Еуразияның қауіпсіздігі сөз болып отыр. Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдай, «араб көктемі», сондай-ақ Сирия мен Ирактағы қанды қақтығыстар Орталық Азия елдерін алаңдатпауы мүмкін емес. Бұл ретте, нағыз бітімгер көшбасшы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев барлық мәселелерді келіссөздер алаңында шешудің жақтасы екенін және сол бағытта көршілес өңірдің проблемаларын шешуде бірқатар ірі дипломатиялық жетістіктерге жеткенін айтып өтуіміз қажет. 2011 жылы Таяу Шығыс «араб көктемі» ретінде танылған қайғылы оқиғаларды бастан кешіргенде кейбір сарапшылар мен саясаткерлер ондағы баскөтерулерді демократияның үстемдігі деп жар салған еді. Дегенмен, Елбасы мұндай дүрбелеңнің соңы жақсыға алып келмейтінін сол кезде-ақ мәлімдеді. Аталмыш оқиғалар бойынша пікір білдіре отырып, Елбасы «араб көктемінің мысалында біз халықаралық құқықтың өрескел бұзылғанын байқап отырмыз – күш қолдануға негізделген құқық үстемдік құрып отыр», – деп өз ойын білдіреді. «Демократия – ешқандай дүрбелеңсіз, көтеріліссіз, әр мемлекет пен оның халқы тарапынан конституциялық жолмен жасалатын таңдау. Демократияның барлығына бірдей арналған түрі жоқ, халықтар келешегін өз мәдениетіне, дәстүрлері мен саяси жүйелеріне сай анықтауы тиіс. Сырттан келіп ешкім өзгертулерді күштеп енгізбеуі керек». Расында, 2011 жылы Мысырда орын алған баскөтерулер елдің экономикасын едәуір әлсіретті. Қалыптсақан ахуалдан бірінші кезекте қарапайым халық зардап шекті. Халқының айтарлықтай бөлігі үшін күн көріс көзі саналатын туристік сала құлдырады. Көтеріліс жолымен билікке келген жаңа мемлекет басшысы мен үкіметінің тиімсіз, кейде орынсыз саясатына көзі жеткен мысырлықтар екі жылдан соң қайтадан көшелерге шығып, бас көтерді. Мұның салдары әскери төңкеріске әкеп, Мысырдың қазіргі Президенті Әбдел Фаттах әс-Сисидің сайлануымен аяқталғанын жақсы білеміз.  width=         Кітаптың араб тіліне аударылып басылған жаңа нұсқасындағы қосымша тарау еліміздің рухани құндылықтарының қайта жаңғыруынан сыр шертеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Дала көшпенділерінің тарихын зерттеу бастамасын көтеріп, 2003 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алғаны мәлім. Тарихымыздан белгілі – бабаларымыздың ізі дархан даламыздан бастау алып, құмды араб жерлеріне дейін жалғасады. Оның үстіне араб елдерінен келген саяхатшылар, дін таратушылардың құнды жазбалары да сол елдердің кітапханаларында қаз-қалпында сақталған. Елбасы шет елдерге жасаған алғашқы сапарларында мұны да ескере отырып, отандық шығыстанушы тарихшыларымыздың шетелдік ғылым өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуіне бүкіл жағдайды жасап берді. 1993 жылдың ақпанында Нұрсұлтан Әбішұлының Мысыр Араб Республикасына жасаған алғашқы ресми сапары кезінде қол қойылған Өзара қарым-қатынастардың негізі туралы келісімге сәйкес қазақстандық ғалымдар Мысырдың мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған құнды тарихи мәліметтерді қолдануға мүмкіндік алды. Руханияттың бір тұсы тарих пен мәдениет болса, екінші бір маңызды тұсы – дәстүр мен дін. Кеңестер Одағының қазақ даласына жат атеистік идеологиясынан құтылып, рухани азық іздеген халқымыздың көпшілігі ата-бабамыз ұстанған асыл дінімізді қайта жандандырса, бір бөлігі сырттан келген теріс ағымдарға жем болып жатты. Отандық дінтанушыларымыз бен имамдардың біліктілігін арттыру қаншалықты шұғыл шаруа болса, оларды оқытатын білім ордаларындағы ғылыми негіздің дәстүрімізге сай болуы соншалықты маңызды болды. Осы ретте, 1993 жылы маусымда Мысырдың дін істері министрі Мұхаммед Махгубтың Қазақстанға сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу ұйымдастырылып, Алматы қаласында «Нұр-Мубарак» университеті атанған ислам мәдени орталығының құрылысы екіжақты қатынастардың күн тәртібіне қойылды. Бүгінде бұл университет қазақстандық исламтанушылар мен имамдарды оқытудың басты институты болып табылады. Рухани азық дей отырып, халқымыздың ұлы ақыны Абайдың әкесі Құнанбайдың бір топ адаммен қасиетті Мекке жеріне барып, өз артынан мұсылмандардың тұрақтауы үшін Тақия үйін қалдырып кеткендігі ойымызға келеді. Осы ретте, кітапта Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына 1994 жылдың қыркүйегінде жасаған алғашқы сапары да тілге тиек етіледі. Бірегей діни ахуал қалыптасқан Қазақстан үшін әлемнің діни орталықтарымен тығыз байланыс орнатудың маңызы жоғары болды. Тәуелсіздігіміз жарияланған сәттен бастап қазақстандықтар қасиетті Мекке және Мәдинаға қажылыққа аттануға қайта мүмкіндік алды. Бұл ретте, қазақстандықтардың алыс сапарға аман барып, сау келулері үшін Сауд Арабиясы билігімен көптеген ұйымдастырушылық мәселелер бойынша үйлестіру жұмыстарын бір жолға қою қажет болған. Уақыт өте келе рухани саладағы өзара іс-қимыл Сауд Арабиясы өкілдерінің конфессияаралық диалог тақырыбында елорда алаңында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне тұрақты түрде қатысуына ұласты. Елбасының Сауд Арабиясына жасаған алғашқы сапарынан Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы саясаты кең ауқымды әрі ұзақ мерзімді жоспарлау мен мемлекеттің мүддесін терең түсінуге негізделгенін байқай аламыз. Өйткені, Тұңғыш Президент аса маңызды араб монархиясымен қарым-қатынастарды орнатып қана қоймай, өңірдегі интеграциялық үдерістердің көшбасшысымен ынтымақтастықтың негізін қалады. Әлемнің 57 мемлекеті, оның ішінде еліміз мүше болып табылатын Ислам ынтымақтастық ұйымының, сондай-ақ Ислам даму банкінің және Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің штаб-пәтерлері орналасқан беделді ден қуатты елмен өзара тиімді әріптестік қоса орнатылып, Қазақстан жаһандық саясаттағы өз орнын осылайша бекіте бастады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Таяу Шығыс елдеріне жасаған алғашқы сапарларының тізімінде Біріккен Араб Әмірліктері де бар. Қазіргі таңда өңірдің аса беделді де қуатты мемлекетінің елу жылға жуық кезеңде жеткен жетістіктері жеті әмірлікті біріктірген марқұм шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның есімімен байланысты. Екі мемлекеттің тұңғыш басшылары, негізін қалаушылары, саясат ақсақалдарының алғашқы кездесуі 1998 жылғы 25 мамырда                 Әбу-Даби қаласында ұйымдастырылды. Елбасы қазіргі таңда шейх Заидтың ұлдары – Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид және Әбу Даби Тақ Мұрагері шейх Мұхаммед бен Заидпен өзара сенім мен бауырластыққа негізделген жақын достық байланыстар орнатты. Саяси сабақтастыққа ұласып, өзара ықпалдастық қарқыны жыл сайын арта отырып, Әмірліктер сауда-экономикалық әрі инвестициялық әріптестік тұрғысынан араб елдері арасында Қазақстанның негізгі әріптесі болып саналады. Осы ретте, кітаптың «Назарбаев және Араб әлемі» атты тармағында Әмірліктер Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның 2002 жылғы қазанда Қазақстанға жасаған тұңғыш сапары, белгілі инвестициялық жобалардың бастау алуы, оның ішінде елордамыздағы «Абу Даби Плаза» кешені бойынша уағдаластыққа қол жеткізу секілді оқиғалар атап өтілген. Жалпы, қазіргі таңда араб мемлекеттері ғылым-білімді жаңа екпінмен дамытуға, әлем елдерінің саясат пен экономика салаларындағы үздік тәжірибесін зерттеуге, шетелдік тарих пен мәдениетті біліп-тануға құштарлықтары артып келе жатқанын байқаймыз. Осы ретте, араб тіліне аударылып, жарық көрген танымал кітап араб мемлекеттеріндегі стратегиялық зерттеу орталықтарына, жоғарғы оқу орындарына, ұлттық кітапханаларға беріліп, оқырмандарға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаянымен және ел іргесін нығайтуда қабылдаған тарихи шешімдерімен жақын танысуға мүмкіндік береді деп сенемін.

          Мадияр Меңілбеков

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі

Төтенше және Өкілетті Елшісі